Көш неге жүре түзеледі немесе "арыс" пен "боздақ" сөзінің төркіні туралы

3865
Adyrna.kz Telegram

Көш неге жүре түзеледі немесе «арыс» пен «боздақ» сөзінің төркіні туралы «Көзден кетсе, көңілден болады ұмыт» дейді қазақ. Кейбір көзден де, көңілден де кетпеген, өмірлік ұғымдарымызға айналған сөздердің шығу тегі, түп төркінін күн өткен сайын ұмытып бара жатқанымыз рас.

Әрине, ауызекі сөзде, иә жазғанда жалпы мағынасы жағынан дұрыс пайымдап қолдана білсек, ешкім бізден оның қайдан, қалай шыққанын білуді талап етпейтіні және рас. Десе де, біз сол сөздердің бұрын бабаларымыз қолданған қандай заттармен байланысты екенін білсек, ұлттық ұғымдарымыз онан сайын кеңейіп, таным түсінігіміз онан сайын нығайып, аталарымыздың асыл болмысына көзіміз онан сайын анық жете түсер еді.

Бұраудың да сұрауы бар

Көшпелі өмірдің көш жолында шашылып қалған сол сөз-қазынамызға қарап отырып қызығасың һәм қамығасың. Жақында бір дастархан басында 25 жыл күткен сериалымыз туралы әңгіме бола қалып, анау-мынау сыннан кейін әрине, «көш жүре түзеледіні" айттық. Бір жас жігіт шорт кетті. «Сондай сөзді түсінбеймін жалпы! Бәрі алдын ала жасалуы керек!? Не керек сондай сөз?!». Тастүйін техниканың заманы ғой, өз есебінде оныкі де дұрыс шығар, ал біздің қиял «көш қалай жүре түзелуші еді өзі?» деген жеке каналға ауысып кетті де, одан кейінгі дау-дамайға құлақ бітеліп қалды... Баяғы балалық, таң бозынан тұр-тұрлаған дауыстар, үрген ит, маңыраған қой, мөңіреген сиыр, бақырған түйе, кісінеген жылқы, кіжінген көрші... дегендей ызғын-шуыт көш еді ғой...  Иә, көш міндетті түрде жүре түзеледі. Қос өркешті түйенің төстабанына қолқаға өткізген қоспақты арқанды тастап жіберіп, біреуін қомға, біреуін шомға айырып артып-тартып алғаннан кейін ұзындығы білектей, жуандығы оқтаудай жұмыр ағашты міндетті түрде жүкке қыстырасыз. Бұрау дегеніміз сол. Әлгі «судың да сұрауы бар, бұраудың да сұрауы бар» дегендегі бұрау осы. Айтпақшы, біздің ауылда көбінесе осылай бірге қолданады. Көп, мол деген судың да, аз, кішкентай деген бұраудың да сұрауы бар дегендей салыстырмалы сөз ғой жалпы...

«Ауған түйе секілді...»

Қош, сонымен, көш жүреді. Жүре келе жүктің артылғанына қарай, жолдың қиялығына қарай жүк бір жағына ауады. Сол кезде көшті бастап келе жатқан азамат, отағасы көшті кідірте тұрып ауған түйені басады. Яғни, жүк мінер жағына ауса, қамшылар жағынан келіп бар салмағымен жүкті басып түзейді. Әй, сонда есті хайуан түйе малы, басқан жаққа қисая бейімделіп жүкті түзеседі-ау, шіркін! Әлгі, Балуан Шолақ атамыздың Ғалияға, «ауған түйе секілді бейімделсең», деп жүргені осы ғой. Жүк түзелгеннен кейін көш жүрерде қыстырып қойған бұрауыңызды суырып алып, босаңқырап қалған арқанды бір бұрап айналдырып қатайтып тастайсыз, болды. Барлық түйенің жүгі міндетті түрде ауады деген де сөз жоқ, жалпы, көш-жөнекей жүгі аумайтын түйе болса да, жүгі аумайтын көш сирек болады.

Осы арада Балуан атамыздың әйгілі әніне қайта бір оралғымыз келеді. Оның сөзінен болмысымыз бой көрсетіп тұрғандай, жанымызға жағып бара жатқандай бір әсерлі леп еседі. «Айым да сен, Ғалия, күнім де сен». Еркелетеді, бағасын арттырады. «Оң қабағым тартады күлімдесең». Оң қабақтың тартқанын қуанышқа балайтын қазақы ырымды меңзеп, сен жайдары жүрсең мен қуанам деп өз көңілі оның көңілімен бірге толқитынын жеткізеді. Содан кейін барып, «Менің көңілім, Ғалия дауалансын, Ауған түйе секілді бейімделсең» деп өзінің талабын, шартын айтады. Қанша ғашық болып, қолы жетпей тұрса да «сен маған бейімдел» дейді. Әйел ердің ығына жығылып, ыңғайына бейімделгенде ер көңілі дауаланады екен-ау, емделеді екен ғой... Дауаланған көңілден хан қызындай қадірлер қамқорлық өркен жаймай ма!? Аллаға шүкір, ерінің көңілін дауалауда жалпы сол тұстағы қазақ әйелінің біреуден кемі жоқ шығар!

Әнеки, бір ғана ауған түйенің айналасынан қанша жоғымызды тауып, атамыздың әні арқылы оның болмысына бойлай бастадық. Жә, ауған түйені бастық, көш түзелді, ол енді ары қарай кете берсін, қонысына жете берсін, біз осы жерден аттың басын өзге жаққа бұралық.

Боздақ

Аттың басын басқа жаққа бұрғанмен, біздің ой әлі сол көште болды, көштегі түйеде болды, көктеуліктен көшерде қалың жүнін жүндеп сыпырып алғаннан кейінгі тақыр қабырғасына жаңа тебіндеп шыққан боз қылшығында болды. Сол бозселдір жүнді «боздақ» дейтін едік-ау. «Түйе боздақтаса жүндеп алу керек еді, қарағанға ілініп бекер далада қалады» дейтін-ді үлкендер. Яғни, ескі жүнді ысыра шығып келе жатқан жас өскін. Содан осы боздақ сөзі мен өзіміздің күнделікті айтатын ел үшін еңіреген боздақтардың бір байланысы бар ма екен деп ойладық.

«Бозбастар қалсақ қалайық, боздақтар шықса екен» деген едік деп әңгіме айтып отырушы еді, Тарым түрмесінен келген қара ешкілі Хасен қария. Байыбына бармаппыз. Бозбас деген шашына ақ кіріп шау тарта бастаған өзі де, боздақ деп отырғаны жас азаматтар екен. Түрмеде біз қалсақ та, жастар шықса екен деген тілегі ғой жарықтықтың. Осындайда азулы Алмас жыраудың ауызынан құлағымыз қармап қалған «жан ділімнен шыққан жасөскін боздағым» деген бір тіркес тіл ұшына орала бергені бар. Қайыра сұрағанымызда осы тұжырымды қазықтай қағып берді.

Ендеше, біздің айтып жүрген «боздақтар» ұғымы түйенің жас (тірі жүн) жүніндегі атаудан шыққанына және сол мәнді беріп тұрғанына еріксіз иланады екенсің. Желтоқсанда шәһит кеткен көкөрімдерді «боздақтар» дейтініміз тегін бе? «Боздағынан айырылған ана...» деген сөз анау алапат соғыс жылдарының тұрақты тіркесіне айналмап па еді? «Қыршын кеткен боздақтар» тіркесі де солай. Кешегі ер Мұстафа Өзтүрік қылшылдаған қылыштай, жарқылдаған қырандай дер шағында қапияда мерт болғанда қара шашының ұшынан қара тырнағының ұшына дейін қазақы Қажытай ақын: «Ботам-ай, бұтағым-ай, боздағым-ай! Қайғымды қай-қайдағы қозғауың-ай!» деп күңіренгені содан екен-ау! Иә, аналарымыз баласын «боздағым», отағасын «арысым» деп жоқтаған. Боздақтың жасқа айтылар сөз екенін содан-ақ аңғара беруге болар еді, бірақ нақты тұжырым жасау үшін нақты фактілер алға қойылуы шарт қой. Қазақтың қазыналы ауыз әдебиетінен осы ойымызға өзектес көп дүние табыларына сенімдіміз. Әзірге Боздақ туралы ойымызды осы араға байырқалата тұрып, «арыс» туралы аз-кем айтсақ.

Арыс

Көп жердегі ауызекі айтылымда «арбаның, шананың көлік жегетін жетек ағашы» делінеді. «Арбаның астыңғы ағаштары», «арбаның бел ағаштары» деп те түсіндіріледі сөздікте. Алайда, бүгінгі біздің санадағы арыс ұғымының арбадан ғана өрбігені ішіме толықтай жата қоймайтын. Оған себеп, «арысым құлады» дейді ғой жоқтау?  Қазақтың бүгінгі қан-сөлсіз «ғылыми» тілімен айтқанда, «құлау» - заттың биіктен төменге бағытталатын әрекет түрі ғой. Арбаның ағашына келе қояр ма?..

Осы сұраққа саңлау ашқан бір сөз болды, әкем киіз үйдің кереге, уық, шаңырағын жасайтын үйағашшы еді. Бір жолы ауылға барсам бір-екі ай бұрын үлкен әкеміздің келіні босаныпты. Атамызға амандаса барып, немересіне «бауы берік болсын» айтып жатырмын. «Мынау туғанда Нұрғалым шаңырақ шауып жатыр екен, содан атын Арыс қойдым» деді атамыз Мәден ақсақал. Ол кезде есінің алды бар, арты жоқ біз «е, е, е» деппіз ғой жай ғана. Жалқы сұрақ қойғанда жауабын анық білгендей екенбіз, амал не?.. Десе де, айтулы жырау Алмас Алматовтың «Шыңғыснама», «Жошынама» дастандарын оқып отырып «арысқа» байланысты жыр жолдарын жолықтырғанымызда атамыздың әлгі сөзі жадымызда қайта жарқ ете қалғаны! Ғажап! «Ақорда арысынан омырылып...» деп келеді әйгілі жырда. Неде болса, орданың ағашы болды ғой деп түйгенбіз іштей. Таңда жортқан түлкінің ізіне түскен бүркітшідей сөз ізінің қызығына түсіп алған кісінің бүйірін «арыс» сөзінің бүлкілдетпеуі мүмкін бе? Неге «Алаш арыстары?». Қазақ үшін қан кешкен азаматтарға берілген бағадай, солардың биік мәртебесін көрсетердей болып осы сөз неге қосамжарлана айтылады?

«Тастан түлкі табылар аңдығанға» дейді-ау хакім атамыз. Алмас жыраудың «Қазына» дастанын ашып қалғанымызда қарсы алдымыздан қашқан түлкідей болып жалғыз жол жыр өтті ғой. Киіз үйдің тігілісімен, оның сән-салтанатын мұндай суреттеп жазған жырды бұрын-соңды оқымаған екенбіз. Ол өз алдына бөлек әңгіме. Әлгі жалғыз жолды айтайық: «Арысын шаңырақтың бүтін шапқан...» дейді-ау! Шаңырақтың үлкен шеңберін айтып отыр ғой. Қандай ғажап! Отыз омыртқа, қырық қабыртқа, бәрін ұстап тұрған ауыз омыртқа дегендей киіз үйді ұстап тұрған бір шаңырақ емес пе? Алты керегеңнің біреуі сынса төрт қанат қылып қайта тігерсің, уығың сынса бас аттатып басқасын шанши берерсің, шаңырағың сынса... ордаң отын болады. Қандай ауыр!?. «Шаңырағы шайқалыпты...», «шаңырағы ортасына түсіпті...», «арысы құлапты...»... Енді сол арысты отағасыдан отан деңгейіне көтергенде алашшыл ардақтыларды «арыс» демей не дейміз? Арыстарымыз арт-артынан атылғанда күллі алаш жесір, жетім қалған екен ғой! Содан..., «21-де жасым бар» деген  Қайраттай жетім боздақтарды желтоқсан алаңында тағы да қынадай қырған екен-ау! «Қайрат деген атым бар, Қазақ деген затым бар, Еркек тоқты құрбандық, Атам десең атыңдар!». Қазақ үшін 21-ші ғасыр осы сөзбен түйінделеді. Алдыңғы арыстардың да айтқандары осы сөз, кешкендері сол тағдыр. Біз, жетім Мұқағали айтқандай, жетім болып жүріп-ақ жетіліппіз. Шүкір, қазақтың еркін аспанында күн көтерген қыраны қайта қалықтады.

Сөз орайы құйындай ұйтқып тақырыптан ауытқып барамыз-ау, ойымызды түйіндейік.

Сонша шаңырақ істеп жүргенде әкемнің шаңырақ шеңберін «арыс» деп айтқанын неге естімедім екен? Шаңырақ шапқанында жанында да талай болғанмын. Әлде елемедім бе?.. Бар естігенім шаңырақ шауып жатқан кезде туылған соң, соған орай қойылған Арыс інімнің аты. Алмас ағамыздың жыры сол сөзді ақ алмастай жарқыратып берді. Әрине, бұл сөздің кей өңірде өзгеше аталғанына талас жоқ. «Қазақ қолөнер аталымдарының түсіндірме сөздігінде» шаңырақтың күлдіреуішсіз шеңберін «тоғын» деп те атайтыны туралы айтылғанын білеміз. Арба ағашының атауы болғанына да дау жоқ. Бұл жерде арбаның арысы – белағашы, әр отбасының арысы– отағасы дегендей әр ненің өз арысы (негізгі тірегі) болуы да мүмкін ғой деген жорамал айтуға да болады. Қалайда, осы отағасы немесе ардақтыларымызға айтылар «арыс» сөзі шаңырақ шеңберінің «арыс» аталуынан  шыққан болуы керек деген ой қисынға келеді-ақ. Біз бір сөз төркінін індеткен, мүйізі шаңырақтай іргелі ғалым емеспіз, десе де жеткен жеріне дейін санамызға салып сараптап көрген түріміз осы. Бұған біреу келісер, біреу келіспес. Құр қол сілтеу жарамас, келіспесе өзінің нақты уәжін айтар. Қостаса біздің қол жетпеген, біздің көзге түспеген тың деректерін қосар. Әйтеуір, бұл да бір сөз-керуен, көш қой, жүре түзелер. Иә, бұл да алаштың алда келе жатқан 100 жылдық тойына бара жатқан көш еді, жүкті түйенің бауырына бұрауын қыстырып жібердік, көш-жөнекей ауып жатса «әуп» десіп түзетісерсіздер...

Айтпақшы, Алмас ағамыздың «бүтін шапқан дейтіні» бар емес пе? Ол енді нағыз бай-манап, хан-сұлтандардың ордасының шаңырағының арысы. Әдеттегі шаңырақты үш-төрт бөлек қайыңды иіп, бір-біріне қосып шегелеп жасайды. Ал, бір шаңырақты бір қайыңнан ғана бүтін шабу деген оңай шаруа емес. Ағаш та, шебер де сай болуы керек. Ол ағашты иіуге, баптауға уақыт та молынан керек. Бірақ енді, желге мықты болады. Бүтіннің аты – бүтін ғой! Арыс салмақты, мықты болса уығы, керегесі де соған сай сом болуы тиіс. Ал, ондай сом үй ағашын кедей қазақ отынын да, тұзын да таситын жапырық өркеш жаман түйесіне артып көше алмайды ғой, ол басқан жерін солқылдатқан, екі өркеші баладай байдың сандал атандарына ғана жарасатын жүк қой-ау! Әнеки, Алла дәулет беріп, арысы бүтін шабылған алты қанат ақордасы алпыс нарға жүк болған хан-сұлтан мен бай- бағландардың салқар көші. Өз тұсында ол да бір өзгеше салтанат еді-ау...


Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан" 

Пікірлер