Енді несие тарихы нашар азаматтар, "қара тізімге" кіргеніне қарамастан, қайта банкке барып қарыз рәсімдей алады. Кредитті дер кезінде жаба алмағаныңыз үшін ақталып, өтініш жазып, құжат тапсырмайсыз, деп жазады «Адырна» ұлттық порталы Stan.kz. – ке сілтеме жасап.
Бастысы, несие жапқаннан кейін, соңғы бір жыл уақыт ішінде өзге де проблемалы кредитіңіз болмауы керек. Кейбір экономистердің айтуынша, екі күннен кейін іске қосылатын бұл механизм "халықты уақытша алдап қою үшін" жасалып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның
">"Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Үш банктен несие алған Есмағұл Сейітқалиұлы соңғы екі жыл кредитін төлеп жүрген жоқ. Өйткені, жұбайының да, өзінің де денсаулығы сыр беріп, тұрақты жұмысынан айырылып қалған. Қазір құрылыста заңды түрде жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүрген азамат, қарызының барлығын бір банк арқылы қайта қаржыландыра алмай жүргенін айтады.
"Несие берсе алып, жауып тастар едім, мынаның бәрін. Сосын бір банкке төлеп отырайын деп едім. Біреуіне", - деді Алматы қаласының тұрғыны Есмағұл Сейітқалиұлы.
Есмағұл Жанесімовтың айтуынша, банктер оны "қара тізімде" тұрсың деп кері қайтарады.
Енді мұндай азаматтардың қайта несие рәсімдеуі үшін қайткен күнде де кредитін жауып, тура бір жыл ішінде банкте өзге де проблемалы берешегі болмауы керек. Сол кезде ғана бірінші кредиттік бюро борышкердің несие тарихы "оңалтылды" яғни, қалпына келтірілді деген мәртебені базаға енгізеді. Бұл статус бөліп төлеуге келіскен "қара тізімдегілерге де" беріледі, дейді мамандар.
"Егер қарыз алушының берешегі толық емес, ішінара өтелген болса, банктер бұл қарыз алушымен ыңғайлы кестесімен бірге оңалту жоспарын жасайды. Соған сәйкес қарыз алушының оңалту жоспарын орындағаны және соңғы 12 айда басқа мерізімі өткен берешегі болмаған жағдайда "оңалтылды" деген мәртебені алады", - деді ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің департамент директорының орынбасары Ерлан Сейілов.
Экономист Меруерт Махмұтованың айтуынша, бұл - қарызға белшеден батқан бұқараны жұбатудың ең тиімді тәсілі. Бір жағынан осы механизм арқылы борышкерлерден банктер қаражат жинап, айналымын арттырғысы келетінін айтады. Бірақ, экономист ас-ауқаттың өзін банк картасы арқылы бөліп төлеп жүрген жұрттың жаппай несиесін қайтаратына күмәнмен қарайды.
"Азаматтар әбден қарызға батып төлей алмай жатқанда, ол көшеге шығады. Сондықтан билік ондай бір шешімді амалсыздан қабылдап отыр. Банктердің саясаты не де болса өзіміздің пайдамызды ұлғайту дегендей", - деді Меруерт Махмұтова.
"Оңалтылды" деген мәртебе банк алдындағы қарызын бұған дейін өтеп қойған, бірақ "қара тізімде" тұрған азаматтарға да тікелей қатысты. Енді олар 12 ай бойы проблемалы несиеге ұрынбаса, қайта кредит рәсімдей берсе болады. Айта кетейік, бұл мүмкіндік тек қана "тұтынушылық несие" алғандарға беріледі екен.