«Қазақтың аузы жесе де қан, жемесе де қан»...

4857
Adyrna.kz Telegram
Адвокат Абзал Құспан ағамыздың парақшасындағы бейнероликті қарап шықтым.
Бұл кісінің айтуынша біздің құқық қорғау органдарындағы қызметкерлердің 99 пайызы өзіміздің қазақтар. Абзал ағамыз заң саласында өзінің кәсіби маман ретінде өткерген тәжірибеден бірнеше істің қалай жүзеге асқанын, дәл қазақ азаматтарына келгенде соттың, заңның, соның ішіндегі соттағы ұлты қазақ азаматтардың біздің қазақ азаматтарының үстінен қандай шешім қабылдайтынына дәлел келтіре отырып, фактілерді алға қойған. Аталған бейнероликтің сілтемесі төменде:
Фактілерді тізбектей келе, белгілі заңгер: "Неге сот органдарының қызметкерлері қазақ азаматтарына келгенде құқықтық бағаны дұрыс бермейді?" дегенді алға тартады. Осы сұрақтың негізінде "Қазақтың аузы жесе де қан, жемесе де қан" деп тақырыпты қойған. Себебі, сот, тергеу органдарындағы азаматтардың 99 пайызы қазақтар болса да, қазақ ұлтының азаматтарына келгенде жағдай мүлдем басқаша. Сонда қазақтың қазаққа жаны ашитыны өтірік пе?
Қоғамға сұрақ!
Неге бұлай?
Абзал ағамның келтірген ақпараттарының астарында "Біздің құқық қорғау органдары өзге ұлттың азаматтарына келгенде, олардың құқын мейлінше қорғауға тырысады. Ал, өзінің қазағына келгенде, істі барынша бүркемелеп, іске қатысты Қылмыстық кодекстегі сәйкес баптарды бұрмалауға жол береді" деп отыр. Аталған бейнероликте өзге ұлттар мен қазақтардың арасында болған кикілжіңдер айтылып отырған жағдайдарға негіз болып отыр.
Менің таң қалатыным, құқық қорғау органдарындағы қызметкерлердің 99 пайызы қазақтар. Неге қазақ ұлтынан бола тұра қазақ азаматтарына келгенде олар шолақ бола кетеді?
Полицияны да айыптап жатамыз. Неге олар да халыққа келгенде шолақ шешімге көшеді? Бәрі де қазақтың қанынан емес пе?
Қазақтың құқы өз жерінде, өз топырағында неге тапталып жатыр? Сіз мұны ойлап жүрсіз бе?
Біз Ата заңымыз-Конституцияда өзімізді тәуелсіз, зайырлы, демократиялы ел ретінде жарияладық. Мемлекетті құрушы ұлт ретінде қазаққа басымдық бере алмадық. Біз тілімізді, дінімізді, ұлттық құндылықтарымызды жете қорғай алмадық. Соның негізінде қазақтың өзін қорғай алмадық.
Біз 30 жылдық тәуелсіздігімізде ұлттық идеологияны үдемелі жүргізудің орнына ақсатып алдық. 30 жыл бойы жүргізілген саясатта біздің елде саяси, құқықтық реформалар іске аспады. Саяси бәсекелер болмады. Дамуға жол ашқан кез келген елде ең алдымен саяси реформаларға жол беріледі. Сол баяғы кеңестік ескірген, заманның көшінен қалған жүйемен тұрақтылықты сақтап бір орында қозғалмай қалдық. Соның салдары осындай келеңсіздіктерге соқтырды деп айта аламын.
Абзал ағамыз қазақтың жанын жегідей жеген, өзегін талдырған өте өзекті мәселені алға тартып отыр.
Бекболат ҚАРЖАН,
"Адырна" ұлттық порталы
Пікірлер