Бүгін жүрегі жұртым деп соғып, халқының азаттығы мен өркениетке жетуі үшін қаламын қару ете білген, өз елінің бостандығы мен бақыты үшін талантын аянбай арнаған, өмірін құрбан еткен айтулы ақындардың бірі — Таңжарық Жолдыұлының 118 жылдық мерейтойына орай Алматы қаласында Халықаралық «Таңжарық зерттеу» қор қоғамының ұйымдастыруымен, «Отандас-Ел» Республикалық қоғамдық бірлестігінің қолдауымен іс-шара өтті. Бұл туралы “Адырна” ұлттық порталы хабарлайды.
Іс шарада тұңғыш рет «Таңжарық» әдеби сыйлығы табыс етілді. Өнерпаздардың қатысуымен концерттік бағдарлама өтті. Таңжарық ақынның әндері шырқалып, оған арнап шығарылған күйлер тартылды.
Сондай-ақ, тұңғыш «Таңжарық» әдеби журанылының тұсауы кесіледі. Әдеби журналдың басты мақсаты - прозаға, поэзияға қалам тербеп жүрген жас жазушылар мен ақындардың өрісін ашу, оларға өз шығармашылығын танытуға мүмкіндік жасау. Шетелден келген қандас ағайындардың арасындағы қаламгерлерді, әдебиет саласының өкілдерін, олардың шығармашылығын атажұрттағы ағайындарға таныстыру, Таңжарық мұраларын кеңінен насихаттау.
Кешке филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегенов, баспагер, өнертанушы Өтеген Сланов, өнертанушы Сапар мырза, Әзербайжан Республикасы авторлары қоғамының төрағасы Исмаил Мамедкеримов, Қазақстан авторлары қоғамының төрағасы, әнші, актер Байғали Есеналиев, дәулеткерей күйші Қызырзан Бабамұрат, тағы басқа әдебиет және мәдениет саласының көрнекті өкілдері, Таңжарық тақырыбында қалам тербеп жүрген ақын-жазушылар, тұлғаның мұраларын насихаттап, зерттеп жүрген ғалымдар, сондай-ақ, қоғам қайраткерлері, жас қаламгерлер, ақындар, өнерпаздар, ақынның ұрпақтары қатысты.
Таңжарық ақынның өмір сүрген дəуірі бізге əрі жақын, əрі алыс деуге болады. Жақын болатыны ол тарих қойнауына күні кеше ғана жылжыған ХХ ғасырда өмір сүрді. Алыс болатыны өзге жұртта, бөлек қоғамда жасады. Тағдыр оның маңдайына бұралаңы көп күрес пен азапқа толы өзгеше өмір сыйлады.
Ақын, жырау, ағартушы, композитор Жолдыұлы Таңжарық 1903 жылы 15 наурызда, Қытай қазіргі Іле-Қазақ автономиялық облысында, Күнес ауданы, Қамысты ауылында туған.
1916 жылы орыс жерінен қуғындалып келген Әбділмәжит атты татар оқымыстысынан білім алып, кейін Шапқы (1918), Күре мектептерінде (1919), Қазақстанның Кеген, Нарынқол аудандарында жеті жылдық мектепте оқыған (1922-1925). Т.Жолдыұлы 30-жылдары Шыңжаңда мұғалім, жаңадан ашылған «Іле» газетінің тұңғыш редакторы (1936) болған. Жасынан өлең жазып, айтысқа қатысқан. Ол араб, парсы, шағатай, қытай, орыс, ұйғыр тілдерін жетік меңгеріп, әлем әдебиетінің озық үлгілерімен танысқан.
Қазақ ауыз әдебиеті мен шығыс ойшылдарының еңбектері, Абай мұрасы мен XX ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің туындылары, сондай-ақ орыс әдебиеті мен мәдениетінің Жолдыұлының ақын ретінде қалыптасуына әсері мол болды. Ақынның Абайға еліктей жазған «Жаз таңы», «Тау табиғаты», «Көктем мысалы», «Жаз мысалы», т.б өлеңдері бар. Ақынның еңбегінде ел мен жер, ұлт тағдыры, қоғамдағы қайшылықтар, әлеуметтік өмір шындығы айшықталады.
2003 жылы ақынның 100 жылдық мерей тойы Алматыда халықаралық деңгейде атап өтілді. Осы орайда 2 томдық таңдамалы жырлар басылып шықты.
Сол кезде Қазақстанның тұңғыш президенті, елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дүниежүзі қазақтарының кезекті құрылтайында 100 жылдық мерейтойын Республика көлемінде кеңінен атап өтуді тапсырған болатын.
”Адырна” ұлттық порталы