Қырғыздар ұл-қыздарына діни есімдер қоюдан алға озып шықты

4810
Adyrna.kz Telegram

ҚЫРҒЫЗСТАН және ДІН...

Қырғызстанда 1991-жылы 39 мешіт болса, 2020-жылы 2688 мешіт болған. Орталық Азияда мектептен мешіті көп ел осы Қырғызстан екен. Иманды болу жақсы әрине, алайда адамдардың шүбәсіз сенімін пайдаланып, жат ағымдардың кіріп жатқаны да жасырын емес.

Қырғызстан бірнеше жыл қатарынан ұлттық есімдер емес, діни есімдер қоюдан алға шықты. Бұл да үлкен зерттеу объектісі негізі. Бізде зерттеу жүргізсе болады.

 

Сауд Арабиясы көптеген елдерге қажылыққа баруға квота бөлетінін білесіздер. Мысалы 2019 жылы 5510 квота бөлген, 2018-де 5485 квота бөлінген еді. Әр квотаның құны 3 мың доллар. 2020-да коронавирусқа байланысты бөлінбеген болатын. Қажылыққа барып, бес парыздың бірін орындаған жақсы ғой, дей-тұра діни радикалдар қажылыққа барғандарды да қақпанға түсіріп, өздерінің теріс ағымдарына кіргізу бойынша жұмыс істейтіні анықталған.

 

Қырғызстан еңбек мигранттары өте көп ел. Ол елдегі ішкі экономикалық тұрақсыздықпен тығыз байланысты. Ең көп мигранттар Ресейде жұмыс істейді. ДАИШ(ИГИЛ) содырлары өз жақтастарын еңбек мигранттары арасынан көп іздейтіні біршама зерттеулерде айтылған. Себебі еңбек мигранттарын өз құрығына түсіру оңай, қаржы ұсынуға болады. Әлеуметтік аз қамтылған адамды көндіру психологиялық тұрғыдан да, қаржылық тұрғыдан да оңай ғой негізі.

 

1999-жылы 30-маусымда діни радикалдар Қырғызстанға басып кіріп, Баткен аймағын басып алғанын білесіздер. Әупірімдеп жүріп үш айда Қазақстан, Ресей, Өзбекстанның көмегімен әрең жеңген еді. Бар-жоғы 450-500 ғана содыр болатын. Сондықтан Қырғызстан діни радикализмнің қанды қасабын бір рет көрген ел.

 

Қазір Қырғызстанды өкінішке орай қуатты ел дей алмаймыз. Экономика әлсіз, әскери қуаты төмен ел. Жемқорлық көп. Халықтың әлеуеті төмен, пандемиядан кейін тіпті төмендеді. Сондықтан мен көршілес елдің радикалданып кетуінен қауіптенемін, дәстүрлі ата-бабасы ұстанған исламды ұстанса дұрыс болар еді. Көршімізде тыныштық болуы бізге де маңызды.

 

Біздің күштік құрылымдар да осы қауіпті ескерсе дұрыс-ау...

 

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ, 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер