Махамбеттің рухы Аронға қонған

4646
Adyrna.kz Telegram
Менің «Арон Атабек ақымақ емес» ( https://adyrna.kz/post/61208 ) атты мақалам дәстүршіл саяси санада қалып қойғандар тарапынан қатты сынға ұшырап жатыр. Сыншылар «Сен Арон Атабекті жұмыс істеп, табыс таба алмайтын, отбасына масыл отағасы түрінде көрсетіп, масқараладың» және «Денсаулығы мүшкіл Аронды түрмеден құтқаруға күш салып жатқан жанашырлардың аяғынан шалып, қияңқы іс жасап отырсың» деген сыңайда ой айтады. Мен бұл сынға келіспеймін.
Арон Атабек «күрескерлік рухпен бірге туылды» десем, артық айтқандық болар. Дегенмен, Арон Атабектің түркі халықтарының мүддесі үшін Кавказдағы күресі, Елшібей секілді әзірбайжан ұлтшылдарымен тізе қосып, майдан шебінде қатар тұруы, түркі жұртының рухын көтеретін үнпараққа ұқсас газетін посткеңестік елдерді аралап жүріп таратуы, одан кейін Қазақстанға келіп оппозициялық процестерге белсене араласуы оның бойында күрескерлік рухтың жас кезінде-ақ толысқанын көрсетеді. Ол кез келген саладағы әділетсіздікке төзбейтін. Қазақстанның алғашқы мүфтиі Рәтбек қажымен кикілжіңге ұрынуы да сондықтан. Аронның қандай алыс-жұлыс күрес майданында болғанын тізбелеп жатпай, негізгі мәселеге көшейін.
Адамдардың көбісі бала-шағасының амандығы мен болашағына алаңдайды, өмірінің мәні мен мазмұнын сол мақсатқа бағындырады. Олар бала-шағасының келешекте жарқын өмірін қамдауды материалдық дүниемен байланыстырып, табысы мол жұмыс істеуге ден қояды. Ал Арон Атабек әділет жолындағы күрескерлік идеяға жан-тәнімен берілген. Мүмкін, ол балаларының, ұрпағының кемел болашағын өзінің әділетті қоғам құру жолындағы күрескерлігінің өзегіне салып отырған шығар. Бізге оның бұл ісі бала-шағасынан баз кешкен адамның қылығы секілді көрінеді. Мен мұны Арон Атабектің қайтпас күрескерлік мінезін, қасиетін сипаттап түсіндіру үшін еске алдым.
Арон Атабектің күрескерлігі Қазақстанның саяси аренасындағы ешбір саясаткердікіне ұқсамайды. Одан мың құбылып саяси ойын салатын Мамай немесе аңдамай сөйлей салып «саяси аварияға» ұрынатын Боқаев жасаудың қажеті жоқ. Мен Аронды ұлы күрескер бабамыз Махамбет Өтемісұлына ұқсатам. Махамбет те күрескерлік идеяға берік болмаса, бала-шағасының қамы үшін, хан сарайының ақыны болып немесе мыңғырған мал бағып Нарынқұмның бір бұрышында «қойын құртап, айранын ұртап» жайлы өмір кешуші еді. Жоқ, ол өмірін әділеттілік жолындағы күреске арнады, өлеңін арнады, ісімен де, сөзімен (жырымен) де көтерілісшілерді рухтандырып отырды.
Махамбет Исатай өлсе де, ол бастаған күрескерлік идеядан тайқыған жоқ, сол жолда жүріп қапыда жымысқы жаудың қайқы қылышынан қаза тапты. Біз, қазақтар, ұлы бабамыз Исатай мен Махамбетке жақсы отағасы, қамқор әке болғаны үшін ескерткіш қойғамыз жоқ, күрескерлік идеясына берік болғаны үшін, қилы-қилы заманда идеядан тайқымағаны үшін оларды мақтан тұтамыз. Қазір өлеңімен де, қайсарлығымен де Махамбет идеясын жалғастырып келе жатқан Арон Атабекті біз неге материалдық дүниеге байлап қоюымыз керек? Біз неге Аронды өзі сенетін идеядан тайдыру үшін «денсаулығың нашар, бейшара-ау, өліп қаласың ғой» деп, жалған жанашырларша азғырып, оған көнбесе, құйтырқы әдіспен түрмеден шығарып тастауға тиіспіз?! Ақиқатында, мұндай құйтырқы жанашырлықтың бәрі өз идеясына адал қызмет етіп келе жатқан саяси күрескер Арон Атабекке жасалған қиянат қана емес, қастандық болып саналады. Оның тәнін түрмеде шіріттік, енді оның күрескерлік рухын, идеясын өшіруіміз керек пе?! «Тәні жарамсыз, аяқ-қолы сынық» деп, оның рухын өлтіріп тастауымыз керек пе?!
Зиялы қауымның Президентке хат жазып, Аронды түрмеден шығарып алуға заңдық негіз де, моралдық қақы да жоқ екенін бұған дейін айтудай-ақ айттым. Барлық жағдайда Аронның «мені түрмеден шығарыңдаршы» деген өтініш-арызы керек екенін зиялы қауым неге түсінбейді?!
Енді біреулер түрмеден шыққысы келмейтін Аронға «Президент Тоқаев рақымшылық жасасын» деген ұсыныс айтады. Бұл да жүзеге аспайтын әурешілік. Себебі, Аронға рақымшылық жасау үшін оның Президентке жазған жеке өтініш-арызы керек. Тағы бір мәрте қайталап айтайын, ондай өтінішті Арон жазбайды, ол қандай жағдай болмасын, принципінен айнымауға бел буған.
Биліктің Аронды Президент жарлығы арқылы мерзімінен бұрын қалай да түрмеден шығарып жіберетін екінші әдісі бар. Ол үшін президент Тоқаев бір даталы күнге (Наурыз мейрамы, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, Конституция күні, т.б.) арнап сотталғандарға жаппай рақымшылық жариялайды. Әлбетте, түрме әкімшілігі тізімге Арон Атабекті кіргізеді. Бұл жерде биліктің арманын жүзеге асыртпай тастайтын кедергі бар. Ол – күрескерлік идеясына берік Арон Атабек. Рақымшылық – сотталушыны ақтау үкімі емес, жай ғана қылмыстық жазаның қалғанын кешіру. Бұған Арон Атабек әсте көнбейді. Заң бойынша, оның рақымшылықтан бас тартуға қақы бар. Арон Атабек солай істейді де, оған шүбә жоқ. Сондықтан «Президент Арон Атабекке бостандық берсін, түрмеден шығарсын» деген айқайшыл бастама даңғаза әурешіліктен өзге түк те емес.
Аронды мерзімінен бұрын түрмеден шығарып жіберудің бір ғана жолы бар: сот Арон Атабекке ақтау үкімін шығаруы тиіс. Ол үшін заңдылықты қадағалау органы – Бас прокуратура Жоғарғы сотқа Арон Атабек ісі бойынша наразылық жасайды... Сот 15 жылдан бері түрмеде отырған Арон Атабектің жазықсыз айыпталып, жазықсыз сотталғанын негіздеп, ақтайды. Арон Атабектің талабы да – осы. Бірақ, Аронды ақтау үкімінің билік үшін екі түрлі ауыр салдары болады.
Бірінші салдары: Арон Атабекті қылмыстық жауапкершілікке тартып, ұзақ мерзімге қапасқа тыққан тергеушілер, прокурорлар, судьялар жазаланады, олар құқық қорғау органдарынан қуылады; 15 жыл бойы түрмеде отырған Арон Атабекке көп мөлшерде өтемақы төленеді.
Арон Атабекті ақтаудың екінші салдары тіпті алапатты. Аронға ақтау үкімін шығару арқылы мемлекет құқық қорғау жүйесінің ішінен іріп-шірігенін, қауқарсыздығын, заң үстемдігі мен қоғамдағы әділеттілік идеясының түбегейлі құнсызданғанын мойындайды. Бұл онсыз да абыройдан жұрдай болған билікті шатқаяқтатып жіберетіні анық.
Қазақстанда саяси сипат бойынша сотталғандарың тізімі бар. Олар жөніндегі мәліметті Дулат Ағаділдің рухына арналған «Саяси режим құрбандары» атты зерттеуімде жазғам. Режим құрбандарның түгелге жуығы батыс демократиялық қоғамында «ар-ождан тұтқыны» деп танылған. Сот Арон Атабекті ақтаса, ар-ождан тұтқындарының бәрін ақтау керек. Сонымен қатар, түрмеде отырған мыңдаған сотталған адамның ісін қайта қарау керек шығар деген күмәнді ой қоғамды жегідей жейді... Осындай әрекетке баруға қазіргі саяси режим дайын ба? Қазіргі саяси режим өзінің күнін созып отырған репрессивті машинаны жойып, оның орнына заң ғана үстем тұратын құқықтық жүйе құруға ниетті ме?
Міне, қоғамда әділеттілік орнату үшін өзін құрбандыққа шалуға бел буған Арон Атабекті түрмеден шығарып алуды көздейтін зиялы қауым Президентке хат жазбас бұрын осы сұрақтың басын ашып алсын. Содан кейін ғана олардың Аронға деген жанашырлығының шынайлығын сезіне аламыз. Ал зиялы қауымның әлгі хатын күрескерлік идеясын өмірінің мәніне балаған Аронды жарға итеріп, жығып салуды көздейтін арам пиғылға ғана теңейміз. Жәңгірханның жандайшаптары да Махамбеттің құм ішіндегі қара үйіне қайтпас күрескерді идеясынан тайқытып, «сындыру» үшін барған. Махамбет сол талапқа көнбеген соң жандайшаптар оны қайқы қылышпен жайратып салды. 
"Демос"ҚБ төрағасы
Тұрарбек ҚҰСАЙЫНОВ,
"Адырна" ұлттық порталы 
(Автордың саяси көзқарасы редакцияның ұстанымын білдірмейді)
Пікірлер