Славян қызының қазақ тілінде мінсіз сөйлеуі көпшілікті таңқалдырды. Украин отбасында дүниеге келген Виктория Дорошко қазақ тілін жетік меңгерген, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Виктория Дорошко Қостанай облысы Наурызым ауданы Қарамеңді ауылында дүниеге келген. Ол қазақ тілін үйрену бала шақтан бастау алғанын айтады.
«Біздің көршілеріміздің бәрі қазақ болған, балалармен ойнап жүріп-ақ қазақ тілін үйрене бастадым. Оның үстіне ата-анам мені қазақ тілінде оқытатын балабақшаға берді, онда тәрбиешілер тек сол тілде сөйлесетін. 5 жасымнан бастап қазақ тілінде анық сөйлей бастадым. Алайда мені орыс мектебіне берді, бірақ қазақ тілін ұмытқаным жоқ. Қазақ тілі пәнінің мұғалімі менің тілді жетік білетінімді байқап, түрлі байқауға, олимпиадаға және ғылыми жұмысқа қатыстыра бастады. Мектептегі жеңістер мамандық таңдауға да көмектесті. Балаларды жақсы көргендіктен мұғалім мамандығын таңдадым», – дейді ару.
Виктория 9-сыныптан кейін Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжіне түскен. Алайда жақында «Тұран Астана» университетінің оқу грантын жеңіп алды.
«Мен грант туралы жаңа жыл қарсаңында білдім. Енді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын оқу үшін елордаға көшпекпін. Жаңа білім алу үшін үздіксіз даму керек және кедергілерді жеңгім келеді», – дейді Дорошко.
Виктория грант иегері атанғаны туралы жағымды жаңалықты білген сәтке дейін Қостанай №15 орта мектебінде ағылшын тілі мұғалімі болып жұмыс істеген.
Виктория жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылар арасындағы республикалық олимпиадалардың жүлдегері болып табылады. Атап айтқанда, орыс жастары арасындағы «Тіл парасат» байқауының жеңімпазы, ғылыми жұмыстары да бас жүлдеге ие болған. Сонымен қатар Виктория қазақстандық жас патриоттар академиясының мүшесі, ЖОО өміріндегі ғылыми-қоғамдық және шығармашылық қызметке белсенді қатысқаны үшін «Үздік студент – 2017» атағының иегері.
В. Дорошко қазақ тілін білу өмірде өз орнын табуға көмектесетініне сенімді.
«Қазір Қазақстанда мемлекеттік тілсіз даму мүмкін емес. Жалпы қазақ тілі өте көркем, әдемі тіл. Ондағы кейбір сөздерді орыс тіліне аударсаң, мән-мағынасын жоғалады. Өзге тілді меңгеру арқылы сол елдің мәдениетімен жақынырақ танысасың, басқа әлемге енесің. «Қанша тіл білсең, сонша өмірің бар» дейді, мен сол пікірмен толық келісемін», – дейді ол.
«Адырна» ұлттық порталы