Діни соғыс-соғыстың ең ауыры деп бекер айтылмаса керек. Соңғы уақытта қазақ қоғамын кереғар пікірге құрылған астыртын соғыс дендеп, жаулай бастағандай. Әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, кеше ғана өзіңіз сыйлап, құрмет тұтқан атпалдай азаматтарымыз белгілі бір діннің сойылын соғып, айналасын жапырып отырғанын байқайсыз. Әгәрәки, әлгі діни пікірге өзіңіздің тарапыңыздан әу дей қалсаңыз, бітті, басыңыз арылмас дауға қалары анық.
Дінді саясатқа, мемлекеттік іске араластырмау туралы Ата заңымызда тайға таңба басқандай көрсетілген. Қазақстан Ислам мемлекеті емес, зайырлы мемлекет екені де заңымызда анық жазылған. Өкінішке қарай, соған қарамастан, дінді ашықтан-ашық уағыздап, тіпті реті келсе, тықпалайтындар көбейіп барады. Әлемде қанша дін бар болса, олардың қайсысына болсын, қарсы пікір айту қателік. Себебі, дін де сіздің әлдекімге арналған махаббатыңыз секілді, жүректе жасырын сақталуға тиіс дүние. Алайда діни сенімі терісіне сыймай, ішкі жымысқы мақсатын сыртқа у етіп шашуға дайын, эмоциясын агрессия жайлаған пенделер қазақ қоғамында күн санап артпаса, азаймай отыр. Сен мәселен, христиан дінінің өкілісің бе, сол дінді жақтайсың ба, өз еркің.
Бірақ сол сеніміңді, дініңді әлдекімге тықпалаудың қажеті қанша? Ислам дініне қатысты әлеуметтік желіде пікір жаза қалсаңыз, қарғыс пен лағынеттің астында қалатын жағдайға жеттік. Байқасаңыз, діншілдер өз дінін ашық, емін-еркін уағыздауына, саған тықпалауына болады да, ал «қажеті жоқ» деп қарсылассаңыз, басыңыз дауға қалады? Бұл нені білдіреді, нені көрсетеді? Бұл ең алдымен, әлдебір діни сенімдегі пенделердің надандығын көрсетеді. Саналы, көзі ашық адам басқа-басқа дін мәселесінің өте нәзік екенін біледі.
Жастар әлдебір діни ағымның жетегіне ергенше, білім алсын, кітап оқып, ғылымға бет бұрсын деген ұстанымды білдіреміз деп бір кездері «Адырна» ұлттық порталының тілшілері де «тәңіршілдердің» қатарына «кіргізілген» еді. Егер сен Исламды жақтамасаң, сол дінді ұстанбасаң, бітті, сен кәпірсің, сен тәңіршілсің не болмаса, сен жерлеусіз қалатын атеистсің. Бұл қалай? Сіз өзіңіздің үстіңіздегі киіміңізді басқа адамға зорлап кигізе алмайсыз ғой? Дін де соған ұқсас емес пе? Неге сіз сенетін дүниеге біз де сенуге тиіспіз? Неге сіз қалаған жолмен біз де жүруге тиіспіз? Бұл сұрақ діншілдерді қызықтырмайды. Өкінішті.
Ең өкініштісі, биліктегілер кез келген діннің осылай кеңінен қанат жаюына жол берді. Кей діннің жақтаушыларының еркінсігені сонша, аяқты алшаң басып, уағызын кім көрінгенге тықпалаумен айналысып жүр. Мұның ақыры жақсылыққа соқпайтынын әрбіріміздің ішіміз сезеді. Алысқа ұзамай, Ауғанстанды мысалға алсақ та, жетеді. Дін деп атойлаған ауғандар қай пұшпаққа шықты? Жазықсыз жандардың қанын судай ағызып, ақырында жер планетасында әрбір саналы адамды өзінен жерінтетін мемлекетке айналды.
Дінді ұстан, діннің жолымен жүр. Бірақ өзгелерді сол жолға күшпен, агрессиямен әкелем деу шынайы дін иесіне тән мінез бе? Нағыз дінді терең меңгерген адам агрессияға жол беруші ме еді?
Қазір біздегі діндер де, сол діннің өкілдері де Ата заңды аттайтын халге жетті. Оған дәлел күні кеше ғана әлеуметтік желіні шулатқан өнер адамдарының діни уағызына байланысты оқиға бола алады. Өздерінің миллиондаған адам жазылған әлеуметтік парақшаларында әншілер, танымал тұлғалар ашықтан ашық дінді уағыздауға көшті. Осыған байланысты Әмина Смағұлова атты әлеуметтік желі қолданушы Мәдениет министрі мен Ақпарат министріне қаратып: «Сіздерге бір сұрақ койсам бола ма?
Неге өнер жұлдыздары шетінен араб мәдениетін насихаттап, діни уағыздар жүргізіп кетті? Бұл діни саласындағы Заңға кайшы, тіпті өрескел заң бұзушылық емес пе?
Қазақ өнерін насихаттауға жауапты "Қазақконцерт" ұйымының бас маманы, "Құрмет" өрденінің иегері, продюсер Мөлдір Әуелбекова есімін ауыстырып, Айша атты дін уағызшысы боп шыға келді.
"Тобымдағы бес қыз менің жолымды қуып намазға жығылды, ал сіздердің жүріс-тұрыстарың дұрыс емес, иманға келіңдер деп, миллиондаған оқырманына күнде уағыз айтып отыр.
Бұл бір ғана мысал, ал мұндай дін уағызшысына айналған әртістер, спортшылар қаншама? Жауапты министрліктер, органдар қайда қарап отыр?
Мен дінге емес, ВАХХАБИЗМ - САЛАФИЗМГЕ қарсымын. Тауық сойса да касапшы сойсын дейді ғой. Әркім өз ісімен айналыссын! Діни білімді тек қана арнайы діни білімі бар имамдар және тек қана мешітте үйретсін!
Діни білімі жоқ адамдарға Муфтияттың және Ақпарат министрлігінің арнайы Діни сараптама комитетінің рұқсатынсыз діни уағыз жүргізуіне тыйым салынсын! Теріс ағымдар жастарды адастырып, миларын улап болды!!!
Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы № 483-ІV Заңы:
3-бап. Мемлекет және дін
- Мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінген.
- Ешбiр дiн мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді.
- Діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта болады.
8-бап. Миссионерлік қызмет
- Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар миссионерлiк қызметтi тiркеуден өткеннен кейiн жүзеге асырады.
9-бап. Дiни әдебиет және дiни мақсаттағы заттар
- Діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тек қана ғибадат үйлерінде (ғимараттарында), діни білім беру ұйымдарында, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары арнайы белгілеген тұрақты үй-жайларда таратуға жол беріледі.
3-1. Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды әзірлеуге, шығаруға және таратуға дінтану сараптамасының оң қорытындысы алынғаннан кейін жол беріледі» деп жазды. Өкінішке қарай, әзірге жауапты мекемелерден мардымды ресми жауап болмады.
Дін-терең иірім. Малтуды білмесең, батасың да, кетесің. Мұны ғасырлар бойындағы талай тарихи оқиға дәлелдеді де. Соған қарамастан, қазақ қоғамында діннің иіріміне білімсіз сүңгитіндер күн санап көбеюде. Қазір байқасаңыз, әр отбасыда кемінде бір діншіл адам бар. Әлгі діншіл адам өзінің діни сенімін тірек етіп, жайына жүрмейді ешқашан. Міндетті түрде әр сөзінде дінін алға тартып, айналасына діни түсініктерін тықпалап жанталасады. Неге? Сауатсыздық па, надандық па, әлде өзін тым ақылды санау ма бұл? Сондай діндарлар әсіресе, әлімжеттікке көптеп жол беруде. Мұның айқын бір көрінісі ретінде баласын мектепке діни киім үлгісімен жіберу әрекетінен байқалады. Титтей бала әрине, ата-анасының айтқанын орындауға мәжбүр. Алайда ол баладан «сен осыны қалайсың ба?» деп ата-анасы сұрай ма? Сұрамайды. Сұраған күннің өзінде де, «иә» дейтін жауапты алатындай тәсілмен сұрайтыны сөзсіз. Әйтпесе, ойын баласының дінмен, имандылықпен шаруасы қанша? Ал осы әрекетті заң ережесімен қарар болсақ, күштеу әрекеті саналады. Ал дінді жақтаушыларды ешбір заң қызықтырмайды. Егер мүмкіндік берілсе, зайырлы Қазақстанды бір сәтте діни мемлекетке айналдыруға дайын.
Қазақ қоғамының азаматы ретінде қазіргі кез келген діни ағым өкілінің уағыз айтуына, дінін басқаға тықпалауына заңмен тыйым салынуды сұрайтын уақыт жеткен жоқ па? Қашанғы әркім өзіне «елестеген» дүниені басқаға мәжбүрлеп «көрсетуге» жанталасып, мұның ақыры араздыққа ұласа бермек? Әлеуметтік желіні аша қалсаңыз да өз дінін тықпалап, өзгенікін қаралап ырылдасқан, қырылысқан пікірден аяқ алып жүре алмайсыз. Бұл өте қауіпті тенденияға айналып барады. Ал қауіптің алдын тек қана мығым заңмен ғана алуға болатынын ескерсек, діншілдер мен дүмшелерді тоқтататын тек құзырлы орган ғана болмақ.
P.S Бұл мақалаға қатысты дін өкілдерінің, дінді жақтаушылардың қарғысты қарша боратарына сенімдімін. Десек те, «сіздің қалаған дініңізді неге басқалар да қалауы керек?» деген сұрағымызға салмақты жауап берерлік діншіл пенденің табыларынан да үміттіміз.
Меруерт ХУСАИНОВА,
«Адырна» ұлттық порталы.
Фото ашық дереккөзден алынды.