Цифрландыру –кәсіпорынның немесе тұтас экономикалық саланың ақпараттық технологияларға негізделген бизнес-процестердің, менеджменттің және өндіріс тәсілдерінің жаңа модельдеріне көшу процесі болып табылады.
"Цифрландыру" термині алғаш рет ХХ ғасырдың соңғы 5 жылдығында, 1995 жылы Массачусетс университетінің американдық информатигі Николас Негропонте "цифрлық экономика" ұғымын айтқан кезде пайда болған.
Алғаш рет 1995 жылы пайда болған осы тұжырымдама бүгінгі таңда ең маңызды терминдердің бірі болып отыр.
Цифрландыру дәрежесі бойынша компаниялардың өнімділігі мен ел экономикасының даму деңгейі бағаланады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 31 қаңтардағы "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты Жолдауымен "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы қабылданған еді.
"Цифрлық Қазақстан" бағдарламасының басты мақсаты тұтастай алғанда қарапайым экономикалық өсуден қарағанда, едәуір қарқынмен өсуге тиіс цифрлық экономика болып табылады. Сонымен қатар, Қазақстан 2025 жылға қарай цифрлық бәсекеге қабілеттіліктің халықаралық рейтингінің отыздығына кіруді көздеп отыр. Бағдарламаны әзірлеу кезінде Үкімет Қазақстан экономикасы үшін цифрлық дәуірдің жаһандық сын-қатерлері мен мүмкіндіктерін де ескерген.
Таяу Шығыстағы Boston Consulting Group бөлімшесінің директоры Александр Турпиц Қазақстанның цифрландыру жөніндегі ниетіне оң баға берген еді. Оның мәліметінше, Қазақстан кешенді бағдарлама мен табыстың төрт компонентін іске қосқан әлемнің 15 елінің бірі болып табылады.
Қазақстан жаңа сандық дәуірге енуде. Барлығымыз қарқынды өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатқанымыз жасырын емес. Цифрлық революция – осының негізгі факторы. Барлық жаһандық деректердің 90 пайызы соңғы екі жылда жасалды. Әлемдегі деректердің 99 пайызы цифрландырылған. Бүкіл әлем бойынша 35 миллиард құрылғы күн сайын мәліметтер шығарады. Бұл әлем халқының жалпы санынан бес есе жоғары болып отыр.
Сарапшылар "цифрлық экономиканы" шын өмірімізді толықтыратын виртуалды орта ретінде түсінуге кеңес береді. Мұндай "толықтырулардың" мысалдарын көптен келтіруге болады. Мысалы - белсенді дамып келе жатқан онлайн-БАҚ нарығынан бастап қашықтықтан оқытуды, телемедицинаны да алуға болады. Бүгінгі таңда бұларға цифрлық технологияларды - интернет құралдарын, ақылды зауыттарды және тағы басқаларды қолдана отырып, экономикалық өндіріс те белсенді түрде қосылуда.
Ең алдымен, біз бүгінде әлемдік экономика өзгеріп жатқанын және Қазақстанға жаһандық цифрлық экономикада өз орнын иелену қажеттігін түсінуге тиіспіз. Цифрлық емес экономика қазірдің өзінде маңызды инвесторлардың қызығушылығын оята қоймайды, өйткені ол тиімсіз болып саналады. Цифрландыру-бұл постиндустриалды экономикадан ақпаратқа дейінгі қадам, ол ұлттық экономиканың тиімділігіне ғана емес, бәсекеге қабілеттілігіне де қол жеткізуге мүмкіндік береді.
“Адырна” ұлттық порталы