Қазаққа сен жетпей тұр едің, хеллоуин!

3671
Adyrna.kz Telegram

Жұрт коронавирустан сақтанудың жолдарын таппай, бас қатырып жүргенде, астаналық бір мектепте хеллоуинді дүркіретіп тойлатып жатыр екен. Бұл туралы танымал журналист Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ өз парақшасында жазды деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

«Баланы мектепке жібере алмай қиналып жүрміз. Еліміздің қақ төріндегі мектептердің бірінде Хеллоуинді дүркіретіп тойлапты. Білім ошағындағы мұндай жын-ойнақты тоқтату керек. Пандемияда қазақ той жасаса, өкіртіп тұрып айыппұл салынады. Меніңше бұл да назар аударатын жағдай» деп дабыл қақты Р.Асқарбекұлы.

«Ода тұрған не бар дейтін шығар кейбіреулер. Бірақ балабақшаларда, мектептерде Хэлллоуин немесе басқа да біздің ұлтымызға, елімізге, салт-дәстүрімізге қайшы, бөтен мерекелерді тойлауды доғару керек деп санаймын. Бұл мерекеден балаларымыздың болашағына нұр болатын ешқандай бір жарық сәуле көрмедім. 1-2 ай шыдасаңыздар орыстардың Жаңа жыл мерекесі келеді. Ол жерде де қиялға ерік беріп неше түрлі образдарға орануға болады...  Ал, тағы сәл шыдасаңыздар өзіміздің ұлттық мерекеміз Наурыз келеді. Вот, сол мерекемізді жақсылап атап өтсек болар еді.  Ал, ананың да, мынаның да қаңсығын таңсық көру... Кейде біз әлі өзімізді таба алмай, адасып жүрген ұлт сияқты боп кетеміз. Әлде сондаймыз... білмеймін» деп жазды осы мәселеге қатысты белгілі журналист Асхат САДЫРБАЙ.

Кеше кешкісін Шымкентте жүрген түркиялық азамат Мехмет Йылмаз досымыз хабарласып: «Неге адамдар көшеде біртүрлі маскалар киіп, түсініксіз жағдайда жүр?» -деп сұрап, таңырқаған еді. Оның таңданысын біздің жауабымыз тіпті күшейтті. «Америка жақта жыл сайын тойланатын хеллоуин деген мереке бар екен. Біздікілер де сол мерекеге өзінше «үлес қосуда» -деген жауабымызға ішегін тартқан түрік бауырымыз: «Қазақ бауырларымыз өз мерекелерін осылай неге тойламайды? Жыл сайын қараша айынан ақпан айына дейін Қазақстанда жұмыс бабымен жүремін. Өкінішке қарай, қараша айынан бастап, шыршалар безендіріліп, ғимараттар сәнделе бастайды. Ал қазақтың ең маңызды, ерекше мерекесі саналуға тиіс Тәуелсіздік күнінде әлгіндей думандатып, көшеде мерекелік көңілде жүрген пендені таппайсыз. Өзінің төл мерекесі жоқ халық сияқты әлдекімнің түкке тұрғысыз, мәнсіз мерекесін тойлау не үшін керек сіздерге?» деді. Бұл сұраққа берер мардымды жауапты таппай, көзбен жер шұқып қала бердік. Иә, орыстың жаңа жылын да думандатып қарсы алатын біздің халық өз мерекесінде неге екені белгісіз, ініне кірген суырдың кебін киетіні жасырын емес.

Былай қарасаңыз, алып бара жатқан проблема емес сияқты. Алайда еліміздің қақ төрінде, пандемия кезінде жын, перінің киімін киіп думандататын уақыт па қазір? Ал бәрінен де бұл «мерекені» балаларға тойлату қиянат емес пе? Бала үлкеннің айтқанын орындаушы ғана. Олай болса, баланы шайтанның киімін кигізіп, мереке тойлаттырған үлкен адам жауапқа тартылуы керек сияқты. Бүгін хеллоуин деп далақтап шықсақ, ертең онда ұлтымызды ұмытып, жалаңаш көшеде де билерміз?!

Білім саласына қарасты мекемелер карантин кезінде мынадай сорақылыққа жол берген мектеп пен думанды ұйымдастырған мүғалімді де сұраққа алып, тезге салады деп сенеміз.

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

 

Пікірлер