«Ата-анасын жындыханаға өткізіп, баласын алып қоймақ»

6298
Adyrna.kz Telegram

Әлеуметтік желіде баласын ұрған ата-анаға қатысты жаңа заң қабылдануы мүмкін деген ақпарат тарап, осыған байланысты азаматтарды қорқыныш билеуде. Егер бұл заң күшіне енсе, балаға зәбір көрсеткен адамды 15 тәулікке қамап, ата-аналық құқықтан айырады екен дейді әлеуметтік желі қолданушылар.

Stopfake.kz. сайтында жария болған бұл ақпарат қаншалықты шындыққа саяды? «Адырна» ұлттық порталы мәселенің ақ-қарасын анықтап көрді.

Сонымен, жұртты дүрліктірген бұл қандай заң дегенге келер болсақ, әңгімеге арқау болған мәселе 23 қыркүйек күні мәжілісте талқыға түскен ұсыныс пен жаңа заң жобасы екен. Демек, әлі ешқандай заң қабылданған жоқ. Бар болғаны парламент қабырғасында зорлық көргендерге қатысты заңды қатайту туралы ұсыныс қана жасалған. Ресми органдардың мәліметінше, «Тұрмыстық зорлық зомбылық туралы» заң қабылданғанымен, ол жерде баласына зәбір көрсеткен ата-ананы құқығынан айыру туралы бап жоқ. Бұл заң отбасында ғана емес, мемлекеттік мекемелерде, яғни интернат, білім беру орындары сияқты жерлерде зорлыққа ұшыраған баланың да құқығын қорғау мақсатында жүзеге асырылуды көздейді.

Жаңа заң бойынша енді полиция жәбірленушінің шағымына ғана емес, әлеуметтік желілерде жария болған ақпаратты да назарға алатын болады. Ал егер кәмелеттік жасқа толмаған балаға ауыр зардап шектіргені дәлелденсе, ата-анасы мен қамқоршысын  құқығынан айырмақ.

Егер көршіңіз сіздің үйде ұрыс-жанжал, төбелес болып жатқанын полицияға хабарласа, сізді  15 тәулікке қамайды деген ақпарат та шындыққа жанаспайды. Жаңа заң жобасында зорлық көрсетушіден жәбірленушіні қорғау мақсатында бір ай көлемінде агрессорды отбасымен кездестірмеу туралы айтылады. Мысалы, егер балаңызға немесе әйеліңізге  күш қолдансаңыз, онда балаңыз немесе әйеліңіз  «өміріме қауіп төндіруде» деп шағымданса, бір ай мерзімге балаңызды не әйеліңізді көрмейсіз. Әзірге бұл заң жобасы әлі талқылануда.

Десек те, жаңа заң жобасына қатысты бірер оқырманымыздың пікірін назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.

«Тұрмыстық зомбылық тақырыбы әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Әр күн сайын зорлыққа ұшырап, зәбір көрген қаншама тағдыр иесі өзіне қорған таппай қиналуда. Заңымыз өте солқылдақ. Күн сайын педофилдің құрбанына айналған бала, күйеуінің тепкісіне ұшыраған әйел туралы естіп, біліп отырмыз. Өкінішке қарай, Қазақстанда адам құқығы деген үстемдік әлі өз тұғырына шықпады. Адамның адамға күш көрсетуінен асқан зұлымдық бар ма? Олай болса, зұлымдық жасаушыны неге қылмыстық жазаға тартпасқа? Не кедергі? Мен осыны түсіне алмаймын. Педофил баланы зорлады. Түрмеге жабылып, белгілі бір уақытта бостандыққа шықты. Ал зорланған баланың тағдыры белгілі бір уақытта қайта түзеле ме? Жоқ! Ешқашан түзелмейді. Баланың жанына салынған жара жазылмайды. Соған қарамастан, біздің елде педофилдер үшін амнистия жағы да қарастырылғанына күйіп кетемін», -дейді тараздық Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ.

«Тұрмыстық зорлық дегенде, ең алдымен әлімжеттік құрбандарын қорғайтын мықты заң керек. Жалпы, қазақ қоғамында әйелдің күйеуінен таяқ жеуі қалыпты құбылысқа айналған. Еркектердің түсінігінде де әйелін ұру «тәрбиелеудің» бір құралы іспеттес саналады. Қоғамдағы осындай түсінікке тек заңмен ғана тоқтау салуға болады. Қол көтергіш «мықтыны» түрмеге қамап, сол жерде адамды ұрған қандай болатынын көрсетердей жаза қолданса екен. Әйеліңді ұрдың ба, заң алдында жауап бересің дегенді санасына сіңіріп өскен адам өліп кетсе де, қол көтермейді.  Ал бізде қандай? Күйеуінен таяқ жеген әйел шағымданбайды. Неге? Өйткені шағымданудан түк пайда жоқ. Әрі кетсе, бірер күнге қамауға алынар күйеуі, болды. Ал қамаудан шыққан соң, күйеуі өзін екі есе тепкінің астына алатынын қазақстандық әйелдер жақсы біледі. Бір ай бойы бірін бірі көруіне тыйым салу деген әлгі жаңа заң жобасындағы ұсыныс та далбаса дер едім. Бір ай көріспесе, зорлықшыға ақыл кіріп, есін жинай ма? Тұрмыстағы зорлық зомбылыққа қатаң жазамен тыйым салмайынша, әлсіздердің жылағаны жылаған», -дейді болашақ әлеуметтанушы Әйгерім ҚАБЫЛБЕК.

 

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

 

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер