Осы жылдың екінші тоқсанында табысы төменгі күнкөріс деңгейінен аз тұрғындар саны 5,7% дейін өсті (бір жыл бұрын 4,3%). Бұл – 2011 жылдан бергі ең нашар көрсеткіш, деп хабарлады finprom.kz. Аталған жағдай елдегі экономикалық белсенділіктің төмендеуі, сондай-ақ «коронавирустық дағдарыстың» салдарынан болған деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы 24.kz. агенттігіне сілтеме жасап.
Еске салайық, 2020 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанда жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 32,6 мың теңгені құрады. Жалпы, табысы төменгі күнкөріс деңгейінен аз тұрғындар саны 1,1 млн адамды құрады. Қала мен ауылдық жерлерде көрсеткіштер бойынша айтарлықтай айырмашылық бар.
Мәселен, кірісі күнкөріс деңгейінен аз қазақстандықтардың 7,8%-і ауылдық жерлерде, 4,2%-і қалаларда тұрады. Аталған көрсеткіш еліміздің барлық аймағында байқалады.
Осы жылдың екінші тоқсанында кедейліктің ең жоғары деңгейі Түркістан облысында (12,8%), Солтүстік Қазақстанда (7,4%), Жамбыл облысында (6,9%), Қызылорда облысында (6,9%) және Ақмола облысында (6,7%) тіркелді. Жалпы алғанда, осы бес аймақта кірісі күнкөріс деңгейінен төмен тұрғындар саны 481,8 мың адамды құрады. Кедейліктің ең аз деңгейі елордада (1,4%), сондай-ақ Қарағанды (2,4%) және Атырау облыстарында (3,1%) тіркелді.