Мәңгі, тұрақты күнтізбеге арналған "Жаһандық жаңалық" конференциясы өтті

2595
Adyrna.kz Telegram

Бүгін бас қаладағы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында Халықаралық Түркі академиясының мұрындық болуымен мәңгі, тұрақты күнтізбеге арналған "Жаһандық жаңалық" атты конференция өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Келелі жиынға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов, Халықаралық Акмеология Ғылым Академиясының академигі, халықаралық Платон сыйлығының иегері Сайлыбай Бекболатов, сондай-ақ мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Басқосуды Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі ашып, айтулы күнмен құттықтады. Қатысушыларға ризашылығын білдірген ол тарих қойнауына бет бұрып, күнтізбе жүйесінің бастауы түркілерге тән екенін атап өтті. Академик түркі дүниесінің данышпаны Махмұд Қашқаридың еңбегінде, одан әрірек Күлтегін жазбаларындағы жылнамаға қатысты деректер соның дәлелі екенін айтады.

"Бірақ оны қазір "Қытай күнтізбесі", "Шығыс күнтізбесі" деп жүрміз. Әріге барсақ, Сақтар бүкіл жұлдыздар әлемін жақсы білген. Ал Беринг бұғазы арқылы қазіргі Америка құрлығына өткен үндістермен біздің мүшелдік жыл санауымыз арасындағы керемет ұйқастықты тағы көреміз", дейді Дархан Қыдырәлі.

Сондай-ақ жиында жаңа жыл наурыз айының 21-і күні басталып, 13 айдан тұру керектігі де сөз болды. Бұл туралы Сайлыбай Бекболатов айтты.

"Бірақ бір жылдағы күндер саны өзгермей 365 күн болып қала береді. Есесіне, бір ай 30 емес, 28 күннен тұруы тиіс. "Мәңгi қазақ календары" жылдан жылға барлық календарлық күндердiң жылдың сол бiр мезгiлiне тура келетiн Жердiң Күндi айналу қозғалысына қарай негiзделген", деді халықаралық Платон сыйлығының иегері.
Сонымен бірге Сайлыбай Бекболатовтың айтуынша, Григориан календарының бұрыстығы анықталып, оның табиғаттың заңдылығына сай еместігі белгілі болған. Соған орай жаңа күнтізбе авторлары біздің дәуірге дейінгі ІV ғасырда күнтізбе жасау кезінде "кібісе" жылға байланысты кеткен қателікті қайталай береді екен. Ал табиғатта "кібісе" жыл деген жоқ екенін, ол кіргізілер болса, сөзсіз жаңсақтыққа ұшырататын баса айтты.

Ғалымның ұсынып отырған "Мәңгілік календарь" жобасы – табиғат заңдарына сәйкес келетін ғылыми негізделген календарь. Санақтың басы қайда дегенде дүйім жұрт көбіне-көп діни немесе аңыздық ұғымдар негізінде жатыр десе, ал Сайлыбай Бекболатов табиғат заңына сүйенгенімізді құптап отыр.
Тың жаңалықты ойлап тапқан ғалымның бұл еңбегі Оңтүстік Африка мемлекетінде ағылшын тілінде жарық көрген "United, Constant Calender" ("Мәңгі тұрақты күнтізбе") атты монографиясы ғылыми жаңалық ретінде Батыс елдерінде кең таралды. Аталған еңбегін Кембридж университетінде әлемнің 40 елінен келген ғалымдар алдында қорғап, патент алып, айрықша қолдауға ие болды.

Күнтізбе − Google ғаламтор жүйесінде ресми тіркелген. Тұрақты, мәңгі күнтізбенің электронды нұсқасы жасақталып, ресми айналымға енгізілді. Жиында сол электронды жүйенің авторы Қайрат Абеков пен электронды нұсқасын жасаған Асхат Шүленбаев сөз алып, оны iOS және Android платформаларынан жүктеп алуға болатынын жеткізді.

Бұл орайда, Майя өркениетіндегі сәуегейлік пен күнтізбелер жүйесінің ғылыми негіздерін ширек ғасыр бойы зерттеген ғалым, Қазақстанның еңбек қайраткері, филология ғылымдарының докторы Әділ Ахметов қол жеткізген нәтижелері де өзімен әріптес ғалым Сайлыбай Бекболатов зерттеулерінің негізсіз емес екенін дәлелдеп берді.

Осы орайда Әділ Ахметов: "Осы отырған әрқайсыңыз күнтізбесіз. 13 ай/28 күнмен байланысады. Сөйтіп содан 13 деген сан шығады. Мәселен, қазақта "он үште отау иесі", "он үш мүшел жас" деген тәмсіл бекер айтылмаған. Сондай-ақ қазақтар өзін "он екі мүшем сау болса, бәрі болады" дейді. Бірақ он үшінші мүшесі ұмытып кетеді екен, ол "бас". Енді цифрларға келетін болсақ, нөл қайдан шықты деген сұрақ туады. Әлемдегі барлық нәрсе нөлден басталып, нөлден барып бітеді. Бұл ғылымда "константа" деп аталады. Сондықтан "Мәңгі тұрақты күнтізбе" мен Майя өркениетінің күнтізбесі бір-бірімен қабысып тұр", дейді филология ғылымдарының профессоры.
Сөз соңында академия басшысы Дархан Қыдырәлі: "Бүгінгі шара – үлкен талқылаудың басы ғой деп ойлаймын. Себебі, мына пандемияға байланысты көп маманды тарту мүмкіндік болған жоқ. Бірақ онлайн режімде және басылымдар арқылы хабардар болып жатыр. Бұл күнтізбені БҰҰ комитетінде де бір талқыласақ та артық емес. Әлі де осы тақырып бойынша үлкен мінберлерде жақсы талқылаулар өтетін сияқты. Осы жиын қорытындысы бойынша халықаралық ұйым ретінде хаттама әзірлейміз, сөйтіп әрі қарай істі жылжытуға қызмет жасаймыз деп ойлаймын", деп ақжолтай хабарымен бөлісті.

Пікірлер