«Лилюня милая моя!», «...милая Ляленька!», «Ляля, радость моя!», «...Ляля родная!», «Ляленька моя!» деп бастайды жырақта жүрген әке аяулы қызына арналған сағынышты сөздерін. Бұл мейірім мен әкелік махаббатқа толы жылы сөздер ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің дара қызы, тек өзінің ғана емес, барша қазаққа ортақ болған дана қызы Ләйлә Әуезоваға жазған хаттарынан.
Ләйлә апамызға арналған ең жақсы сөздердің әуелгісі – Мұхтар Әуезовтің: «Менің құтым, мұрагерім – Ләйлә», – дегені болса, кейінгісі – қазаққа сыйлы асқар таудай азамат, қайын ағасы Дінмұхамед Қонаевтың мәңгілік мекеніне кетер алдын айтқан: «Ырысым да, сырласым да, қамқорым да Ләйлә еді», - деген сөзі болған екен. Мұқым қазаққа сыйлы болған қос әулет – Әуезовтер әулеті мен Қонаевтар әулетінің бірінен түлеп ұшып, ал екіншісінің түтінін түзу ұшырған, тамырына тартқан текті арудың тек ұрпақ тәрбиелеуде емес, қазақ тарихы мен әдебиетіне сіңірген еңбегі де аз болмады. Оның ұлы жазушымыздың шырағының сөнбей, мәңгі жанып тұруы үшін «Әуезов үйінің» негізін қалап, музей ісін жандандыруы, әуезовтану саласы үшін жасаған еңбектері – бүгінгі ұрпақ үшін де, келешек үшін де баға жетпес байлық іспетті.
Ләйлә Мұхтарқызы жайлы естеліктердің қай-қайсысында да көз көріп, сыйлас болғандар оның пенделіктен ада – жүрегінің тазалығын, қарапайымдылығын, кішіпейілдігін, мәдениеттілігін, жұмсақ үнін, әр кез кішірейе білетін сыпайылығына тәнті бола жазады. Оның Әуезовтей ұлы жазушының музейін ашу үшін ешқандай кедергілерге қарамай, қасқайып тұрып, ер-азаматтардан артық тер төккенін, өзге елдің қаламгерлерінің музей-үйлерімен терезесі тең болуы үшін аққар, көк мұзда да ел-елді аралап, тәжірибе мен дерек жинап келгенін айтады. Әке мұрасының титтей бөлшегіне қылау түспеуі үшін барынша мұқият болғанын, «Абай жолы» роман-эпопеясының қолжазбасының бұзылмай сақталуына барын салғанын жеткізеді.
Алайда, қазақ руханияты үшін осындай елеулі еңбек сіңірген аяулы қыздың есімі көпшілік үшін бейтаныс та. Даңғыл өмір жолы мен өнегелі ісі бар Ләйлә Мұхтарқызының есімін ұмытпай, артынан ерген қаракөз сіңлілеріне үлгі етудің маңызы зордай.
Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезовтің 1951-1961 жылдар аралығында тұрған, М. Төлебаев көшесінде орналасқан үйінде Ләйлә Әуезоваға да қатысты біраз дерек сақталған. Мәселен, музей қорынан Ләйлә Әуезованың жастық шағынан сақталған фотоларын ұшырастыруға болады. Ләйлә апамыздың осындай жастық шағының белгісіндей болған фотоларынан өткен жылы фейсбук-инстаграм желілерінің қолданушыларының арасында жаппай жалғасқан ескі мен жаңаны салыстыруға арналған ностальгиялық флешмобы секілді #10YearsChallenge жасап көруді жөн көрдік. Әрине, біздің сhallenge нақты он жылдықтарды құрамайды. Бірақ халық Ләйлә Мұхтарқызының жарқын бейнесін көріп, қазақтың біртуар қызын танып, әрі өткенге бір көз жүгіртіп, естеліктерге бір сүңгіп қайтар:
1-фото. Ләйлә Мұхтарқызының бала бейнесі. Сурет артына өзі «детские годы» деп қарындашпен жазып қойыпты.
2-фото. «Школьные годы» деп жазылған. Мектеп табалдырығындағы, енді бойжетіп келе жатқан Ләйләнің бейнесі. Ләйлә Мұхтарқызы Алматы қаласындағы Абай опера және балет театрының маңындағы №10 мектепте білім алған. Бүгінде бұл мектептің орнына қонақүй бой көтерген екен.
3-фото. «Так я выгдядела во время экзаменов. Эта карточка может служить лучшей агитацией против аспирантуры,» - деп жазыпты. Мәскеу мемлекеттік университетінің студенті Ләйлә апамыз сол сәттегі емтихандардың қиындау болғанын меңзегендей.
4-фото. «1950-е, институтские годы» деп жазылған. Ләйлә Мұхтарқызы Мәскеу мемлекеттік университетін 1952 жылы бітіреді. Кейін Дінмұхамед Қонаевтың інісі, ғалым-металлург Асқар Қонаевқа тұрмысқа шығады.
...Бұл фотоларда Ләйлә Мұхтарқызының балалық шағынан бастап тұрмыс құрғанға дейінгі өмір кезеңдері қамтылып тұр. Асылдың сынығы Ләйлә апамыздың күлім қаққан жарқын бейнесінен оның қарапайымдылығы мен тектілігі, мәдениеттілігі, бекзадалығы есіп тұрғандай әсер қалдырады.
Айжан ПЕРДЕБЕКҚЫЗЫ,
«Адырна» ұлттық порталы