Сенің бойыңда қандай талант бар екенін білесің бе? Тек сендік, басқа ешкімдікі емес – ерекше дарын, өзгеден айшықтайтын қабілет. Бәрінен артық істейтінің, жан-тәніңмен беріліп істейтін әуестігің. Бұны кейде өмірлік мақсат деп те атап жатады. Бұл сұраққа әйелдердің дені – білмеймін деп жауап береді.
Сосын жаны қаламайтын жұмысқа жегіледі. Жалақысы өзіне де жетпей жүргені сол.
Ал өзінің талантын ашқан бақыттылар бірде бір күн жұмыс істемейді. Олар сүйікті ісімен шұғылданады. Жүректері лүпілдеп, көздері жанып тұрады. Көбіне мұндай ісі артығымен бағаланып, сол үшін артығымен ақы алып жатады. Оның үстіне көңілі жай, материалды жағдайы бүтін. Жолы болғыштардың ырыздығы дей салады. Мұның құпиясын білгің келе ме?
Дүние есігін ашқан әр адамның ерекше таланты бар.
Сенің де ерекше талантың бар. Бұл талант басқа ешкімге берілмеген. Тек саған арналған Жаратқанның сыйы. Оны нәзік, қуатты, пәк жаның қабылдаған. Егер түйсігіңе сенсең, ол сені өмір жолынан адастырмай алып өтеді. Өйткені, түйсік сен туралы бәрін біледі. Тек сене біл. Түйсікке сенсек, жүрекке сенсек – адам өз талантын ашып, өмірлік мақсатын орындайды екен. Сонда ғана деніміз сау, бақытты, ақшамыз көп болады. Сонда ғана адам тәуелсіз, бай, азат өмір кешеді. Оның үстіне өмірлік мақсатын тапқан адам сүйікті болады. Себебі, жүректегі жарығын қоса алғаны. Жүректегі жарығы жанған адамды жақсы көрмеу мүмкін емес.
Талантыңды ашу үшін неге дайынсың?
Бірінші кезең: мүмкіндіктерді байқау
Күн сайын өмірді бай, мағыналы, жақсырақ ететін сан алуан мүмкіндіктермен бетпе бет келеміз. Тек асығып бара жатып мән бермейміз. Соларды қалай байқауға болады? Қалай пайдалансақ екен дейміз?
Бірінші тәсіл: тілек айту.
Мүмкіндік адаммен тілек тілінде сөйлеседі. Күйбең тірліктен бір сәт бас сауғалап, тыныштықта отыра тұрсаң, мүмкіндіктерді байқауға болады екен. Тоқта. Тыныста. Қазіргі сәттегі ең басты тілегің не? Нені қалайсың?
Алғашында түкке тұрғысыз бірдеңе болуы ықтимал. Ал, шын мәнінде бір қарағанға «ақымақ» әрі «болымсыз» тілектерді орындау біраз уақыттан соң талантыңды ашуы мүмкін. Әрине, жай тілеп қоя салмай, сол тілекті орындауға ниетті болсаң.
Егер адам қолдана алмаса, ешбір нақты мүмкіндік оған ашылмас еді.
Екінші тәсіл: қиындық арқылы.
Көбіне бастан өткерген қиындықты еңсергенде мүмкіндікке қол жеткізіп жатамыз. Түйткіл-мүмкіндік – бұл өсу, даму, дағдарыстың басын қосатын жол. Басқа түскен қиындықты жеңіп, талантымызды ашамыз. Не ол бізді іштен түтіп жеп, жоқ қылады. Яғни, ауыр дерт, депрессия, қаржылай қиындықтар туындайды.
Екінші кезең: тәуекелге бел буу, әрекет жасауды бастау
Байқаған мүмкіндіктерді жүзеге асыру. Бұл кезеңдегі басты нәрсе: өзгеріске белді бекем будырған мақсатты тиянақтап отыру – жеке бастағы өзгеріс, жұмыстағы өзгеріс. Адамның өмір сүруі ашық теңізде жүзгенмен тең: «Қайда жүзетініңді білсең, жақсы, мақсатың айқын болса – одан да жақсы. Әйтпесе, торығып кетесің». Әрекет етсем деген ниетің өшіп, жалқаулығың ұстап, апатия басталып кетеді. Мақсат адамға маңызды болуы тиіс. Сенің «авторлық» құқығың маңызды. Жаңашылдығы маңызды. Қателесуге дайын бол. Бұл дамудың қалыпты жолы. Жүз рет қателессең де, ақырында дөп тиетін сәт туады. Тәжірибе – бастапқыда қателік көп болады. Қателік болған кезде түбегейлі саралап, қайталанбауын қадағалау керек.
Егер «қателесу» стилі қалыптасса (спецификалық тығырық), ендеше олардың түп-тамыры бір. Қателікті қосатын механизм бір. Соны анықтамайынша, қателік қайталана бермек. Маған қателікті түзеуге психотерапевт көмектесті. Салдарымен алыспай, себебін көруді үйретті.
Үшінші кезең: алғашқы жеңісті тойлау
Нәтижеге қол жеткенде, таңдалған жолдың дұрыстығын түсінесің. Сол кезде әрбір сәттілік келесі жеңістің тұғырына айнала береді. Ішкі түйсіктің жолымен жүруге дайынсың ба?
Мынадай заңдылық бар: бастапқыда түйсікке ергенде адам зор денсаулық, табиғи сұлулық, тамаша көңіл күйге, дәулетті өмірге кенеледі. Сосын одан да зоры бола бастайды... Осы сәтке жеткенде өзіңді танудың тереңіне түсуге дайын екеніңді түсінесің. Осыдан бастап өзін-өзі танудың ең биік шыңы – Шығармашылық кезең басталады.
Төртінші кезең: өзіңнің құндылық жүйеңді саралау
Бұл кезеңде әркім өз ақиқатын таниды. Адам өзіне еш күмәнсіз сеніп үйренеді. Ғаламмен бір арнада тоғысады. Менікі қайда, менікі емес қайда – анық ажырататын боламыз. Қазір ғой білетіндей көрінеміз. Өмірлік тығырықты жеңе алмау және нәтижеге жетпеу соны ажырата алмаудың кесірінен. Алғашында менікі мен менікі еместі тану қиын. Себебі, адамдар өздері ойлап шығарған бір қызық әлемде өмір сүреді. Қит етсе, ауырып қалғышпыз. Не қызғанышпен, не көреалмаушылықпен, не үреймен дерттенеміз. Ондай кезде ешкім кеңес бере алмайды. Мықты мамандар да, ескі достар да, жақсы көретін туыстар да. Олардың айтқаны - олардың тәжірибесі. Сенікі емес.
Төртінші кезеңде әр адам өзіне «Мен нені қалаймын? Маған не қажет?» деген сұрақтарды қоюға әзір болады. Жауабын тапса, көңіліне жақпағанның бәрін жойып, қалауына қарай өзгертуге дайын болады.
Бесінші кезең: тежелу
Басында жауапты түсіну қиын болады. Сонда мен не істеуім керек? Әдеткі сана бәрін осы күйінше қалдыр деп айқайлайды. Адамның ынтасы бәсеңсиді. Ештеңені өзгертпеу керек дегенге дәйек іздейміз. Көбіне дәйек табыла кетеді. Бірақ ол ұзаққа бармайды. Жаның есік қағып: мені тыңдашы, маған сен, мен саған қыруар күш-қуат берем, қалағаныңша аласың, тек бір орында тұрма, қимылда, әрекет жаса, өзіңе сен дейді.
Алтыншы кезең: алдымен әрекет жасап, сосын түйсіну
Жаңа істі бастағанда тек түйсікке сенер болсаң, бірден қимылдау керек. Бұл басты ереже. Өзіңе сену, түйсігіңді есту, сонда бәрі дұрыс болады.
Кейде ұшсам деп ниеттеніп аламыз да, бір орында тұра береміз. Неге? Бір орында жайдан жай тұра бермейміз, ауырып қаламыз, күйзеліске түсеміз, «мінезіміз бұзылады». Себебі, өз талантымызды мойындамаймыз. Талантымыз есік қағады, бізді шақырады. Ашылайыншы деп сұранады. Сол табиғи болмысты, тылсымды сезініп тұрсақ та, ұшуға қорқамыз. Бір сәтке болса да, анамыздан, ерімізден іргемізді бөлек салуға қорқамыз. Өз өмірімізді бақылауға қорқамыз.
Өз өміріңді басқару – өз талантыңды, өмірлік мақсатыңды айқындай отырып саналы өмір сүру.
Лариса Кондрашова
Аударған Шынар Әбілда
"Адырна" ұлттық порталы