БҰҰ өкілдері COVID-19 індетінің таралуын азайту мақсатында Қазақстандағы кедейлерге уақытша 60 мың теңгеден жәрдемақы беріп, үйде отыра беруін қамтамасыз етуді жөн санайды. Бұл туралы БҰҰ-ның Даму бағдарламасында айтылыпты.
Баяндама авторлары қазақстандық кедей отбасыларды аштан сақтаудың бірнеше нұсқасын ұсынған. Бірінші нұсқа бойынша ұсынылатын ақша көлемі кедейліктің шегінен шығуға көмектеспейді деген сарапшылар екінші нұсқа бойынша көрсетілген орташа өмір сүруге жететін соманы көрсетіпті.
БҰҰ сарапшылар айтқан бірінші нұсқа -$136,91, яғни 56 600 теңге. Ал екіншісі -$150,23, яғни теңгемен 62 200. Сонымен қатар баяндама авторы пандемия кезінде әсіресе, ресми жұмыс істемейтін адамдардың, босқындар мен мигранттардың мемлекет тарапынан берілетін көмектерден құр қалғанын, анағұрлым артық зардап шеккенін алға тартады. Осыған байланысты халықаралық ұйым 132 дамушы елдердегі 2,7 млрд адамды мемлекет тарапынан уақытша қаржылай көмек көрсетуге шақырады. Бұл кедейлер саны көп деген жүздеген елдің қатарында Қазақстан да бар.
Халықаралық ұйымның мынадай ұсынысын қазақ билігі назарға ала қояр ма екен? Себебі, карантин салдарынан ақшасыз, жұмыссыз үйінде қамалған халқына 42 500 теңгенің өзін әрең берді. Онда да бұл ақшаның басым бөлігі «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетті.
Мәселен, алғаш рет 42 500 теңге тағайындалғанда, осы ақшаны алушыдан гөрі, қолы жетпегендер көп болды. Десек те, 4,5 млн қазақстандыққа 42 500 теңге беріп, қарық қылдық деген Қазақ билігі биылғы шілде айында осы ақшаны тағы бір реттен берілетінін хабарлады. Бұл жолы да, алдыңғы жағдай тағы қайталануда. Алмадық дегендердің қарасы мол.
Халқына 42 500 теңгені тең үлестіре алмай отырған Қазақстан «БҰҰ-ның баяндамасына сәйкес» деп халқына алпыс мың теңгеден таратып бере қоймасы анық. Десек те, дамыған отыз елдің қатарына кіреміз деп жүргенде, кедей елдердің қатарынан бір-ақ шыққанымыз өте өкінішті.
Меруерт ХУСАИНОВА,
«Адырна» ұлттық порталы.