Sputnik Қазақстан Мәскеуде 1980 жылы өткен жазғы Олимпиаданың қырық жылдығына орайластырылған кезекті мақаланы жариялады. Даңқты спортшы туралы осы жазбаны ұсынамыз.
Бүгінгі біздің кейіпкерімізді ширақтығы мен ерекше таланты үшін ұлы балет әртісі Рудольф Нуриевпен жиі салыстыратын. Өкінішке қарай, 1989 жылы 33 жастағы Шәміл Серіков өзіне-өзі қол жұмсап, бұл дүниемен қош айтысты. Сіздердің назарларыңызға грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы және елге танымал спортшы Шәміл Серік туралы естеліктер ұсынамыз.
Олимпиадаға дейінгі ауыр жол
Бала кезінде дене бітімі арықша келгеніне қарамастан, бапкерлер алматылық баланың бойындағы талантты бірден байқайды. Ерекше техникасы үшін оны "боз кілемдегі Нуриев" деп жиі атайтын. Мамандар бозбала балуан күрестің әдіс-тәсілдерін ерте жастан меңгергенін атап өтіп жатты. Әйтсе де Серіков үшін жасөспірімнен ересектер спортына ауысу оңайға соқпады.
1978 жылға дейін Шәмілдің ауыз толтырып айтарлықтай үлкен жеңістері болмады, ол жекпе-жектерде мерзімінен бұрын жиі жеңілетін. Тек 1978 жылы ғана болашақ Олимпиада чемпионы Мехикода әлем біріншілігінде жеңіс тұғырына шығып, әлемге өзін танытты. Осы жеңістен кейін Шәмілді ешкім тоқтата алмады.
Алайда Олимпиада алдында Серіковтің қолына сыздауық шықты. Соның кесірінен төрт жаттығуға бара алмады. Дүбірлі додаға санаулы күндер қалды, Олимпиада чемпионы Виталий Константинов өз бәсекелесін алмастыруға дайын еді. Бірақ, КСРО құрамасының дәрігерлері Серіковті емдеп шықты. Соның арқасында ол спорттық мансабындағы ең басты жеңісіне қол жеткізді.
Көптен күткен жеңіс
Оның Олимпиада боз кілеміндегі жеңісті "биін" ешбір атлет тоқтата алмады. Мәскеуде Шәміл Серіков өз қарсыластарын ойнап жүріп жеңді. Алты жекпе-жекте төрт рет мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Олимпиада-80 финалында қазақ балуаны әлем чемпионаттарының үш дүркін жүлдегері поляк Юзеф Липеньнен айласын асырды.
"Мәскеудегі Олимпиадада Шәміл алты кездесу өткізіп, барлығында топ жарды. Оның төртеуін мерзімінен бұрын аяқтады. Әлемнің ең үздік балуандары Шәмілмен белдескенде, бала сияқты қауқарсыз болып қалатын. Серіковке италиялық Антонио Кальтабиано мен поляк Юзеф Липень ғана мықты қарсылас болды, бірақ олардың өзі Шәмілдің күрес тәсілдеріне қарсы тұра алмады. 1980 жылғы Олимпиадада Серіковті жеңу мүмкін емес еді!", - деп еске алды күрестен спорт шебері, Қазақстанға танымал балуан Бауыржан Күлжанов.
Мәскеу Олимпиадасында диск лақтырудан қола иеленген Татьяна Лесовая Серіковтің өте ұяң, бірақ спортқа өте адал адам болғанын атап өтті.
"Әлі есімде, Қонаевтың қабылдауында болған едік. Сол кезде Шәміл Серіков одан: "Жиындарға басқа елдерге бармас үшін Қазақстанда өз базамызды салуға бола ма?" деп сұрады. Бұл мәселе сол жылдары көтерілген еді – әлі күнге дейін өз базамыз жеткілікті емес", - дейді атақты спортшы.
Құрамадан неге шығып қалды
Олимпиададан кейін берген бір сұхбатында Серіков "жеңістер мені бұрынғыдай қуантпайды" деген екен. Шаршау, құлазу және мұң – спортшы одан кейінгі сәтсіздіктерінің себебін дәл осылай түсіндірген.
1981 жылы мамырда Серіков спортшылармен бірге БАМ-ға барудан бас тартты. Осылайша басшылықтың бұйрығын бұзды. Құрама басшылығы мұны кешірмеді, спортшыны командадан шығарып тастады. Стипендиясын да тоқтатты, осыдан кейін Серіковке отбасын асырау қиынға соқты.
Проблемалар бірінен соң бірі үйілді. Кеңес уақытында ел құрамасынан спортқа қатысы жоқ себептермен шығып қалу Отанды сатқанмен тең еді. Балуанды, тіпті, Ауған соғысына аттандырмақ болған.
Мұнымен қоса Серіковті денесіндегі жарақаттары мазалай бастады. Спортшының сүйегі, қабырғасы, бұғанасы сынған – денесінде сау жері жоқ еді. Дәл сол сәтте ол қамқор жандардың көмегімен Қапшағайдағы спорт мектебіне жұмысқа тұрады. Ол жерде үш жыл еңбек етеді.
Өміріндегі сәтсіздіктер мен ауыртпашылықтар ұлы спортшының сағын сындырды. 1989 жылы 22 қарашада ол өз-өзіне қол салды...
Жақсының ісі өлмейді
"Бір кезде өзімді тұғырдың биігіне көтерген бапкерлерім тәрізді мен де бақытқа кенелгім келеді", - деп армандаған екен Серіков.
Шәмілдің ұлы Тимур Серіков әкесінің ісін жалғастырып, грек-рим күресінен бапкер атанды.
"Мен әкемді балуан ретінде таныған жоқпын. Мен әлі күнге дейін оны спортшы ретінде зерттеп келемін. Әкеммен жақын таныс болған адамдар маған жиі кездеседі. Олар әкем жайлы мен білмейтін естеліктерді бөліседі. Спортта биік асуларды бағындыру қаншалықты қиын екенін ұғынған бапкер ретінде мен әкемнің осы жолда қанша күш жұмсап, қандай қиындық еңсергенін түсінемін", - дейді кіші Серіков.
Тимур Серіков өмірінің тең жартысын әкесінің авторлық оқыту әдістемесі бар клуб ашу жоспарын жүзеге асыруға арнады. Қазір Алматыда кіші Серіков негізін қалаған "Аю" балалар күрес клубы жұмыс істейді.
Айта кетсек, Қазақстанда жас спортшылар арасында грек-рим күресінен Шәміл Серіковті еске алуға арналған халықаралық турнир өтеді.