Біздің анықтама
- Мыңжылқы Бердіқожаев – Қызылорда қаласының тумасы. Қарағанды мемлекеттік медицина академиясының түлегі, «Болашақ» бағдарламасымен Ресей әскери-медициналық академиясында (Санкт-Петербор) клиникалық тәжірибеден өткен. 2008 жылдан бастап Астана қаласындағы Ұлттық нейрохирургия орталығында ми-қан тамырлары бөлімінде жұмыс істеді. 2014 жылы Алматыдағы №7 қалалық ауруханада интервенциялық хирургия бөлімін ашуға мұрындық болды. Отандық эндоваскулярлы нейрохирургияның негізін қалаған Мыңжылқы Бердіқожаев 2016 жылдан Алматы қалалық Орталық клиникалық ауруханада нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі.
– Мыңжылқы Сайлауұлы, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ВОЗ) Қазақстандағы қауіпті жағдайға алаңдап отыр. «Қазақстанда пневмонияның түсініксіз өршуі коронавирустың жаңа түрі болуы мүмкін. Елде COVID-19 вирусын жұқтырудың күрт өсуі осы нұсқаның дәлелі», – деп, Женевада өткен брифингте Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бағдарламасының атқарушы директоры Майкл Райан мәлімдеді. Халықаралық маманның осындай қорытындысымен келісесіз бе?
– Соңғы айтылып жатқан қорытынды бойынша, диагностикада қателіктер болуы мүмкін. Өршіп бара жатқан індетке жаңадан пайда болған коронавирустың әсері болуы да ықтимал. Бұл диагноз жаңа вирустық дерт – Covid-2 немесе Сovid-19. «ВОЗ» бұл дертті осы инфекциямен байланыстырады. Мұны атипиялық пневмония деп батыл және қорықпай айту қажет. COVID-19 ел арасында пневмонияның осы түрінің өршуіне, індеттің асқынуына алып келді. Бұл жайтты ашып айтып, мойындауға тиіспіз. Пневмонияны антибактериалды терапиямен ауруханадан тыс емдеп жазады. Бүгінде бұл терапияға вирусқа қарсы және гормоналды дәрі-дәрмектер, антикоагулянттар тағайындалып жатыр, алайда бұл емдеу хаттамасында жоқ. Есесіне бұлар коронавирустың хаттамасына енген. Амбулаторлық деңгейде де осы жағдай. Оны «атипиялық пневмония» деп толық айтуға болады. Ал оның қоздырғышы – COVID-19. Қазіргі кезде тек ПТР-тестілеумен расталған SARS-CoV-2 жағдайларын ғана статистикаға енгізіп отырады. Бұл статистика әлі күнге дейін шындыққа жанаспайды.
– Демек, біздегі «КВИ»-ға дұрыс диагноз қойылмаған ба, әлде оның басқа себебі бар ма? Мәселен, коронавирустың өлім-жітімін азайтып көрсету үшін пневмония дей салуы мүмкін бе?
– Менің ойымша, диагноз дұрыс қойылып жатыр, бірақ оның түсіндірілуі (интерпретациясы) басқа болып тұр. Іс жүзінде ауруханада халі нашарлаған сырқаттарға коронавирус инфекциясының хаттамасында көрсетілген дәрі-дәрмекпен ем-дом тағайындалуда. Ал қағаз жүзінде оларды «ауруханадан тыс пневмония» есебінде көрсетуде.
Біздің жүйенің ой-қырын жақсы білетін адам ретінде айтайын: жағдай қалыпқа келгеннен кейін, айқай-шудың көкесін көреміз. Себебі – әзіргі ем-дом клиникалық хаттамаға сай емес. Ауруханадан тыс пневмония жағдайында антивирусты дәрі-дәрмек тағайындалмауы қажет. Қазақстанда ПЦР-тестілеуі оң нәтиже көрсеткендерді ғана коронавирус жұқтырғандардың есебіне енгізеді.
Қазіргі мәлімет шынайы жағдаймен үйлеспейді. Компьютерлік томография және рентген зерттеуі нәтижесінде дәлелденген атипиялық пневмония жағдайлары тікелей Сovid-пен байланысты. Оны «коронавирустық пневмония» деп өзгертіп, әзір тек ПЦР сынамасымен ғана расталатын статистиканы қайта қарау қажет. Әлемге әйгілі Джон Хопкинс атындағы университеттің мәліметінше, коронавирус сынамасы аурудың түрлі сатысында әртүрлі нәтиже көрсетуі, соның ішінде теріс нәтиже көрсетуі де мүмкін.
– Әлемдік басылымдар Қытайдың мәліметіне сілтеме жасап, Қазақстанда коронавирустың жаңа түрі – қауіпті пневмония таралып жатыр деп хабарлайды. Расында да, бізде таралып жатқан пневмония коронавирусқа қарағанда қауіпті болғаны ма?
– Бұл сол Нью-Йорк пен Италияны жайлаған коронавирус, бізге жеткенде өзгеріске ұшырап, қауіптілік деңгейі артты. Ауруларға ем қолданғанда, халықаралық классификацияға сүйенбеу керек. Соның салдарынан медициналық көмек кеш көрсетіледі, кейбір науқастарды ауруханаға жатқызбайды, өлім-жітім де көбейді.
Үйден келіп емделетіндерге стационарда бактерияға қарсы терапия тағайындалады. Оған вирусқа қарсы препараттар, гормондық дәрілер мен антикоагулянттар кіреді. Ал пневмонияның емдеу хаттамасына ондай препараттар енбейді. Бұның барлығы коронавирустық инфекцияны емдеу хаттамасына жатады. Амбулаториялық деңгейде немесе үйде жатып емделетіндер де сондай дәрілерді ішеді. Емхана пациенттеріне коронавирустық инфекция хаттамасына кіретін дәрілер тағайындалады. Ал ондай жағдайлар «ауруханадан тыс пневмония» ретінде тіркеледі.
Барлығы тынышталғаннан кейін, осы жағдайларға айыппұл санкциялары салынуы әбден мүмкін. Оны жүз проценттік сеніммен айтуға болады. Себебі – емдеу шаралары клиникалық хаттамаға сәйкес келмейді. Ауруханадан тыс пневмония кезінде вирусқа қарсы препараттар болмауы тиіс.
– Мыңжылқы мырза, сіз «Фейсбуктегі» өз парақшаңызда жүргізіліп жатқан ем дұрыс емес деп жаздыңыз. Осындай қорытындыға келуіңіздің себебі неде?
– Ел аумағынан көптеген науқастар хабарласып жатыр. Басында вирус жұқтырған науқастар ПЦР қорытындысы бойынша ауруханаға түсіп, ал ПЦР-тест анықталмағандар үйінде жатып емделуге мәжбүр болды. Бұл жағдай белгілі: ауруы анықталмаған науқастар дәрілерді оңды-солды сатып алып, өз беттерімен уыстап ішуге көшті. Сол себепті де парацетамол мен антибиотиктер тапшы болып жатыр. Ол жағдайдан өздеріңіз де хабардарсыздар. Соңғы кездері халық таңның атысынан кеш батқанға дейін дәріханада кезекте тұрады. Парацетамол алудың өзі қиын болды.
Мынаны есте ұстау керек: ПЦР-тест бойынша диагнозы анықталмаған науқастар ауруханаға жатқызылып, коронавирус алгоритмі бойынша тек аурухана жағдайында (стационар) ғана емделеді. Қазір көптеген науқастар үйіне оттегі баллонын қойып алғандары жөнінде әлеуметтік желілерде жарыса жазып жатыр. Құзырлы орындар бұл мәселеге қатысты «оттегі баллонын пайдаланып, науқастар үйлерінде емделіп жатыр» деп үнсіз отыр.
Клиникалық ем – клиникалық хаттамаға сай болуы керек. Сонымен қатар ауруханаға жатпаған, бірақ пневмонияға шалдыққан науқас бактерияға қарсы ем алып жүр, ал оны емдеудің терапиялық тәсілінде вирусқа қарсы гормоналды дәрі-дәрмек, яғни коронавирус инфекциясын емдейтін хаттамадағы дәрілер бар. Дәл осындай тәсілді емханалар да қолданып келеді. Яғни, емханаға қаралуға келген науқастарды коронавирусқа қарсы дәрілермен емдеп жатыр. Ресми түрде оны «ауруханаға түспеген пневмония» деп санайды. Біздің жүйе қалай жұмыс істейтінін біле отырып, кейін бәрі аяқталып, жағдай тұрақталған соң, бізге айыппұл санкциялары салынады деп 100 пайыз сеніммен айтуға болады. Өйткені ем-дом клиникалық хаттамаға сай емес. Яғни, ол жай ғана пневмония болса, оны емдеуде вирусқа қарсы дәрілер қолданбауы керек еді.
– Өлім-жітім мен індетке шалдыққандарға қатысты жүргізіліп жатқан ресми статистикалық мәліметтермен келіспейтініңіз жөніндегі пікіріңіз әлеуметтік желіде жарияланды. Наразы пікіріңіздің нақты себебін білуге бола ма?
– Мен әлеуметтік желіде жарияланған видеоүндеудің астына жазған постымда елімізде коронавирусқа қатысты статистиканың шындыққа жанаспайтынын айтқым келген. Рентген немесе компьютерлік томография адамның атипиялық пневмонияға шалдыққанын көрсеткен кезде, оны коронавирус инфекциясы деп танып, ПЦР-тесттерге қатысты ойынды тоқтату керек. Ол дегеніміз – ПЦР-тест көрсеткен фактілерді ғана коронавирус деп есептеу теріс. Өйткені кеше Джон Хопкинс университетінің зерттеуі шықты. Онда аурудың әртүрлі сатысында ПЦР-тест әртүрлі нәтиже көрсететіні дәлелденген. Яғни, тест вирусты бірде тапса, бірде жалған нәтиже көрсететіні анықталған.
Мен coronavirus2020.kz сайтынан өлім-жітім туралы статистиканы қарап шықтым. Статистика қатты бір өзгеріп, жаңарып жатқан жоқ. Сайтта коронавирус инфекциясынан қаза тапқан қазақстандықтардың саны 360 адамның айналасында деп көрсетілген. Бұл статистикаға елімізде пневмониядан тіркеліп жатқан көп өлім-жітім қосылмай отыр. Ал қазіргі пневмония көп жағдайда вирусты инфекциядан болған ауру. Сондықтан оны «атипиялық пневмония» деп толық сеніммен айтуға болады. Яғни, еліміздегі осы атипиялық пневмонияны жаңа коронавирус инфекциясы тудырып отыр. Бұл фактіні мойындау керек.
– Әсіресе Алматы мен астаналық аурханаларда орын жетіспеуінен науқастар үйде, өз беттерімен ем қабылдауға мәжбүр болып отырғанын жасырып қайтеміз?
– Ресми мәліметтерге қарасақ, әкімдер мен денсаулық сақтау саласының шенеуніктері халық алдына шығып, телеарналар арқылы айтып жатыр: орын жетеді, ауруханалар 80 пайызға ғана толып тұр деп.
– Дегенмен, әлеуметтік желілер мен нақты жағдайға қарасақ, науқастарға орын жетпей жатқанын жоққа шығара алмаймыз ғой...
– Ол жағынан хабарсызбын, ауруханада орын бар сияқты ғой... Шамасы, бұл ұйымдастыруға қатысты мәселе болса керек. Бұрын-соңды мұндай індетке кім бетпе-бет келіпті?! Барлық жерді сасқалақ пен үрей жаулап алған сияқты...
– Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР президенті Қ.-Ж.Тоқаев: «Біздің елімізде белгісіз өкпе қабынуы пайда болғанын статистикамыз ескермей жатыр. Пневмония екені рас па? Шын мәнінде бұл бар ма, жоқ па? Осы пневмония кесірінен болған өлім-жітім қандай?» – деді. Президенттің өзі түсінбей отырған жағдайды сіз қалай бағалайсыз?
– Әлбетте, мен ел президентінің сөзіне түсінік бере алмаспын... Бірақ медицина тілімен айтсақ, әрбір пневмонияның өзінің қоздырғышы болуы керек: ауруханадағы пневмонияның қоздырғышы 90–44 пайыз аралығында «пневмококк» деген бактерия жылына белгілі бір мөлшерде кездеседі. Бұрындары қайтыс болған науқастардың саны аз еді: онымен тек 5 жасқа дейінгі балалар мен 60 жастан асқан, иммунитеті төмен адамдар ауырады.
Одан кейінгісі «грибокты пневмония» организмде ВИЧ-инфекциясы мен тубуркулезі бар науқастардан табылса, оның арты жақсы болмайтыны белгілі. Шынымен де, пневмококкты емдей алмай отырсақ, біздің медицина осы ауруды жаза алмай отыр деген пікір орын алады. Оның басқа себебі барын – вирустық індет екендігі ресми БАҚ-та аз айтылып жатқан жоқ. Егер ол – коронавирустық пневмония болмаса, қытайлар айтпақшы, біздің елде тағы бір вирус таралып жатыр деген сөз, соны анықтауымыз керек. Менің ойымша, бұл індет – коронавирустық пневмония екенін мойындауымыз керек.
– Денсаулық сақтау министрі Цой мырзаның үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде айтуынша, «вирустық пневмонияның саны – 7348, ал бактериялық түрі – 9759, бұл әдеттегі пневмония», – дейді. Газеттің қарапайым оқырманына вирустық және бактериялық инфекцияның айырмашылығы қандай екенін түсіндіріп беріңізші?
– Инфекциялардың айырмасы – науқастың бойындағы ауру белгілеріне байланысты. Егер науқасқа вирусқа қарсы дәрі-дәрмектердің әсері болмаса, жаңадан шыққан препараттарды қолдану керек.
Егер вирустық пневмония тұмаудың әсерінен болса, тұмауға қарсы қолданылатын – Тамифлю, Ингавирин, т.б. препараттармен емделеді, оның әсері де тиімді болады. Бірақ індеттің бесінші күні вирустық пневмония асқынып, бактериялық пневмонияға айналады. Вирусқа бактерия қосылып, індеттің таралуын асқындырады. Сондықтан оның вирустық түрін бактериялық түрмен шатастыруға болмайды.
– Билік КВИ бойынша ақпаратты жасырып отырған жоқ па? Өйткені коронавирустың барлық зардабын пневмонияға апарып жабатын сияқты... Сіз қандай уәж айтар едіңіз?
– Менің ойымша, үкімет ештеңені жасырып отырған жоқ: тест қорытындысы бойынша, диагностикалық нәтиже оң немесе теріс екендігі жариялауда. Тест нәтижесінде ештеңе анықталмаса, оның коронавирус еместігі айтылуда. ПЦР зерттеуден басқа да клиникалық көрсеткіштер бар, ол жағдайда компьютерлік томография бойынша коронавирустық пневмония анықталып жатады. ПЦР диагнозды анықтамаса, КТ-да коронавирусқа сәйкес келетін ауру белгісі болса, онда науқас адам коронавирус деп емделуі керек.
– Қазақстанда осы індеттің кесірінен болған өлім-жітімнің мәліметтері жария болып жатыр. Осы қауіптің шегі, бұл сұмдықтың тоқтайтын күні бар ма?
– Тоқтайды! Біз кеше ғана Өзбекстандағы дамбаның жарылғанын көрдік: топан су ауылдарға жайылып, одан әрі қарай жерге сіңіп кетті. Зақым келген ауылдарда құрылыс жүргізіліп, үй салынып жатыр. Қазақстанға айтарлықтай қатері болған жоқ. Бұл індет те сол сияқты: барлық адам індетке шалдықпайды, халықтың басым бөлігі төзімді, 80 пайыздан астамы жеңіл түрімен ауырды, 15–20 пайызы ауыр инфекцияға шалдығып, тек бір пайызға жетер-жетпес бөлігі ғана қайтыс болды. Бастысы – біз үрейді жеңе білуіміз керек.
Ал дүниежүзілік статистика бойынша, коронавирус жұқтырғандардың 3-4 пайызы ғана қайтыс болуы мүмкін. Біз сол деректен асып кеткен жоқпыз. Халық үрей үстінде екені рас. Егер пневмонияның бәрін коронавирус деп есептейтін болсақ, шамамен 150–200 мың адам індетке шалдығады, оның 2-3 мыңы ғана қайтыс болды деген болжам бар. Біздегі ауруларды 200 мың адамға шағатын болсаңыз, бұл 1,5 пайызды ғана құрайды. Халыққа осы жағдайды дұрыстап түсіндіруіміз керек.
Менің дәрігерлік ұстанымым осы – індеттің жағдайына саясатты араластырғым келмейді. Әдетте қарапайым адам түсіндіруді қажет етеді: инфекцияның қатты жүріп жатқанын, адам ағзасы оған қарсы күресе ала ма, жоқ па, соған байланысты аурудың зардабынан 2 пайыз адам ғана көз жұмады десек, жағдай біршама түсінікті болар еді.
– Иә, ел ішіне тарап жатқан қауесет те, сан түрлі ақпарат та жетерлік: жер жүзіндегі барлық адам ауырады, денсаулығы нашары көз жұмып, мықтылары ғана аман қалады-мыс деген сөз де бар. Осы жағдайға байланысты қандай дәрігерлік пікір білдірер едіңіз?
– Теледидардан сағат сайын «маска киіңіздер», «адам көп жиналған жерге бармаңыздар», «аса қажет болмаса, қоғамдық көлікке отырмаңыздар», «қолыңызды жиі жуып жүріңіз» дегендей т.б. ескертулер айтылып жатыр. Осы қарапайым профилактикалық шаралар сақталатын болса, Қазақстанның 18 миллион халқы бәрі бірдей ауруы міндетті емес, шамамен 300–400 мың адам ауырып, кейіннен инфекция жойылып кетуі мүмкін. Сонымен қатар жеңіл түрімен ауырып жүргендердің бір-екі күн мұрындары пысылдап, қызуы көтеріліп, дәм мен иіс сезбеуі мүмкін. Олар дер кезінде ем алса, одан кейін шапқылап кететіндері көп. Егер осының бәрін бір статистикаға топтастыратын болсақ, көз жұмған адамдардың пайыз мөлшері төмен болады. Осы мәселені ешкім ашық айтпай отыр.
«Өкімет қырып жатыр» деген қауесетке қатысты айтарым: науқастарға дұрыс диагноз қойылып, емдеу шаралары жүргізіліп жатыр, халық осы жағдайды түсінсе екен деймін. Әрине, арамыздан кетіп қалғандарды қайтара алмаймыз... Әлбетте, менде де күдік бар, оған себеп – халық аш, әлеуметтік жағынан өте қатты қысылып жатқандықтан, әр ақпаратты өздерінің жағдайына қарай аударып қабылдауы мүмкін.
– Бір рет осы вирусқа шалдыққан адам қайтадан ауыруы мүмкін бе?
– Егер ол адам ауруға шалдыққан науқастың қасына барып, онымен тығыз қарым-қатынаста болса, инфекцияны қайтадан жұқтырып алуы мүмкін. Дәрігерлер арасында осы дертпен ауырып, кейіннен жазылып, жұмысқа шыққан соң, қайтадан жұқтырып алған жағдайды естідім.
– «Фейсбукта» жарияланған жазбаңызға қатысты комментарийлердің арасында сізге: «Президент Тоқаевқа жағдайды жеткізіңіз, сіздің пікіріңіз салмақты, сізді тыңдайды» дейтіндер бар. Осындай ұсыныстарға орай не айтар едіңіз?
– Менің ойымша, қазіргі таңда таралып жатқан барлық ақпарат президентке жетіп жатыр. Тоқаев – көзі ашық, тәжірибесі мол адам. Денсаулық сақтау министріне Шымкенттегі волонтер дәрігер Аида «науқастар дәрісін өзі сатып алып, тамақтарын алғызып жатыр» дегендей жанайқайын жеткізді. Өз кезегінде министр Цой мырза волонтер-дәрігерді тыңдап, «Халықтық бақылау» қауымын ашып, Аиданы сол ұйымға жетекшілікке қойды. Егер ел ішінде көмек ала алмай жатқандар болса, жағдайды видеоға түсіріп, сол бақылаушы қауымға тікелей жолдауына болады. Сондықтан президент сала мамандарына жеткілікті түрде нұсқау берді деп сенемін. Маған Ақордаға шығудың қажеті жоқ. Президенттің басын ауыртатын басқа да мәселелер жетеді. Ал індетке қатысты жұмыс құзырлы министрлік айналысатын мәселе деп ойлаймын.
– Сұхбатыңызға рахмет, Мыңжылқы мырза! Елге жасаған еңбегіңізге жетістік тілейміз!
Бақытгүл МӘКІМБАЙ,
"Дат" газеті. 16.072020