Көңілдің шаңын сағыныш желі қағады

3146
Adyrna.kz Telegram

Ертең біздің мереке. Өз куртастарыма арнаймын.
Көңілдің шаңын сағыныш желі қағады

Молчите, проклятые книги!
Я вас не писал никогда!
А. Блок
Жер шарының алақанға сияр үлгісінен бір аумайтын алқызыл апортты Алматы шаһарында мен үшін аса үрзада, сондай бір үзіле де үздіге сағынар екі-үш мекен-жай бар. Бірі – өзім тәмәмдаған №9 қазақ орта мектеп-интернаты, одан соңғысы – Никольск базарының іргесіндегі қабырғасының қалыңдығы бір құлаш ескі ғимарат. Бізден бұрынғы марқасқаларға да, біз сықылды бозөкпелерге де – С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің студенттерін айтамын – саялы да аялы баспана болған Виноградов көшесі, 88-дегі №1 жатақхана. Сегіз кереует сығылысқан бөлмелерді, ұялас күшіктердей түртінектеп тіршілік кешкен күндерді Оңдасын, Камал, Бекзаттар, Исахан, Көпен, Оңғар, Серік, Айкөргендер естерінен шығара қойған жоқ шығар. Деканымыз Т.С. Амандосов анда-санда шолғын салып кеткен кезінде: «Біз де осы жерден өсіп-өндік. Соғысқа дейін екі этаж екен, ал үшінші қабатын өзіміз көтердік», - деп таяғымен сонау биіктегі терезелерді сәулетшідей сызып шығатын. Үшінші қабаттың тау жағындағы оқу залы, оның жылы жүзді меңгерушісі – еврей әйелі әлі күнге дейін көз алдымда. Марксизм-ленинизм классиктерінің еңбектері сіресіп тұратын сөрелер қандай маңғаз еді, еңселі ескерткіштердей паң еді-ау... Дей тұрғанмен бәрі де өтеді, бәрі де өзгереді. Уақыттың қайдан көш түзегені бимәлім, қайда жол тартары тағы белгісіз. Оны бір білсе, мұқым дүниені ашса алақанында, жұмса жұмырығында ұстайтын – он сегіз мың ғаламның жаратушысы, Бас Архитектор ғана біледі.
Ол кезде өзіміз де ақынжандымыз, барша өлеңгер қауымды киелі көреміз. Ілияс, Қасым, Сырбай, Жұмекен, Мұқағали, Қадырлардың, Омар Хайям мен Хожа Хафиздің, Блок пен Есенин, Бодлер мен Аполлинердің шығармаларын жатқа соғамыз. Экономикасынан идеологиясы озық тұрар кеңес өкіметінің әлеуеті ме, әлде интеллектуал атанудың жолы осы шығар дедік пе, сол кездегі беткеұстар ұлттың өнерін қағып алуға бейім тұрдық, бөтен болмысты әп-сәтте игеріп алуға деген құлшыныс мол еді бізде. Әлде оригинал атанудың жолы осы екен дедік пе, әлде, орыстар айтпақшы, тап-таза «выпендрёж» ба, әлде «солшылдықтың балалық ауруы ма еді»? Әсіресе Русияның текті шайыры Александр Блокты аузымыздан тастамаймыз. Елжірейміз. Еліктейміз. Мұңаймайтын жерде мұңая қаламыз, қылт етпейтін жерде қылт ете қаламыз. Бәлкім, бозбала дәуреннің өзіндік стилі мен психологиясы ма едің бізді мың құбылтқан... Өзім осы күнге дейін аса қадірлейтін курстасым Асқанбай Ерғожаевтың иығына сүйене, Комсомол мен Карл Маркс көшесінің қиылысында екі көзім мөлтеңдеп:
Мы встречались с тобой на закате,
Ты веслом рассекала залив.
Я любил твое белое платье,
Утонченность мечты разлюбив.
Были странны безмолвные встречи,
Впереди – на песчанной косе
Загорались вечерние свечи.
Кто-то думал о бледной красе, - деп үп еткен самалға, сылдырлаған ақ қайыңға сыр айтқанмын, «Алатау» кинотеатрының арғы бетіндегі КазПИ корпусына әсіре қимастықпен жалтақ-жалтақ қарай бергенмін. Ол қайдан көкіректен кетсін. Қайда екен, қайда сол күндер? Осы күні қазақтың үні ерек ақыны әрі адуынды публицисі атағын ауырсынбай арқалап жүрген Мырзан Кенжебайдың саптаяқтағы салқын сыраны місе тұтпай:
Көк сквер табыстырып талайларды теңімен,
Құшағында гүліменен, жапырағымен теліген.
Есімде әлі, жиырманың балқып тұрған буында,
Аймалап ем аяулымның алғаш рет ернінен.

Сол орындық әлі тұр ғой куәсі сол түндердің,
Сағынғандай қос жүректің бақыт толы үндерін.
Біз кеттік қой...
Тағы кімді сағындырып, егіліп,
Күзгі желмен ұшып жатыр қурап біткен гүлдерің, - деп скверде серуендер физфактың әдемісі Бәтихаға қарай ұша жөнелетіні де жадымда. Таңның атысынан күннің батысына дейін Әсет Бейсеуовтің «Алтынымын» аузынан тастмайтын өзіміздің Жұмақан ертелі-кеш филфактағы Бикеш сұлудың жолын торуылдайтын, «Қыз Жібек» фильмінің массовкасынан оралған Тарзандай Мақұлбек үйректің балапанындай Дәметкенді көрсе, бір уыс болып, аузына сөз түспей қалатын. Ал олар аңғарды ма екен: мен пақырдың жүрек түкпірімдегіні тысқа шығаруға именетінімді. Имену, секем алу, қауіптену, күдіктену – өзгеше бір таным үдерісі ме деймін. Дариғай, сол студенттік алаңсыз, ақ жарқын достықты да біреулер ұмытар. Жүзшілдік пен рушылдықтың ұранын түйсіктерімен мақұлдап, бір-бірімізге салқын қабақ танытар күндер де туар, сүріне-қабына, ұйқылы-ояу оқу тауысқан міскіндер талай жылғы дидарластықты тарпып тастар деген ой нақ сол мезетте көңілді кірлетпесе де, әлдебір секем мен күдік көз сұғын қадап, келер жылдар қиырларынан:
Что делать! Ведь каждый стрался
Свой собственный дом отравить.
Все стены пропитаны ядом,
И негде главы преклонить!

Предатели в жизни и дружбе,
Пустых расточители слов.
Что делать! Мы путь расчищаем
Для наших далеких сынов!- деп жылмаңдай да жәдігөйлене тіл қатқандай еді-ау...
Екінші қабаттан қас қарая сабаққа дайындалуға жатақхананың үшінші этажына көтерілеміз. Дағдылы әдет, үйреншікті жол. Қараша айына қарай бізді бұл қиын сапарға қазақ әуенімен, домбыра үнімен көтермелеп шығарып салатын бір үрдіс өріс алды. Әйтеуір, сағат жетіден кейін «Сарыарқа», «Балбырауын», «Көңілашар», «Түрік маршы» біздің аяқ дыбысымызға үйлесе екінші қабаттан үшке қарай екпіндей көтеріледі. Кейін білдік, дәл сол мезетте дәулескер домбырашының да қол қыздыру, ет қыздыру дайындығы басталады екен. Курстасым Мейрам Ораловтың кеңкілдей кейіптеуінше, бізден бір сүйем жоғары оқитын бөлмелесі Тілеумұрат Қожабеков домбырамен бірге туып, бірге ержеткен жігіт көрінеді. Ал Мейрам досымыз нағыз шәйқордың өзі, бір шәугім шәйді алдына алып, бода-бода терлеп-тепшіп отырғанын көрсеңіз ғой, шіркін! Қастеев пен Кустодиев картинасы! Тілеумұрат жайсаңың пайды болмаса, шайды онша жаратпайды. Оқта-текте әдейі Мейрамның қытығына тиіп, сылтың қылады. Бірде:
- Ей, Мейрам, қара шайды құйшы баптап,
Бұл ағаң бірде дария, бірде аптап.
«Пистоннан» үш сомыңды қылтит қане,
Әйтпесе кетем жаншып, кетем таптап.
Мейрам қарап қалсын ба, оның да жыршылығы бір басына жетіп артылады. Ол да жалма-жан:
- Тілеумұрат, «Төремұрат», қандай Мұрат?
Қайтесің бақыр сұрап, борыш сұрап,
Жанымның күйін келтір балбыратып,
Құлағын домбыраңның мың бір бұрап, - деп айылын жимайды.
Тілеумұратқа да сол керек, Мейрамды одан әрі қажай түседі. Домбырасын қағып-қағып жіберіп, «Адайды» екпіндете ала жөнеледі. Тізгінді тарта бере:
- Мына күй – Кет-Бұғадан, Құрекеңнен,
Тәттімбет, Диналардан, Жұмекеннен.
Саусағым маймаңдайды қос желімен,
Солардың асау мінез ұлы екем мен, - деп Мейрамға
қарайды, Мейрам да жауабынан жаңылмайды.
- Бұл күйді мына жұртым бағаласын,
Каспийдің қалқып ұшқан шағаласын.
Төрге оз, Тілеумұрат, бектеріңмен,
Бір шиша алты ауызды жағаласын, - дейді.


Естеріңізде ме, әйгілі кеңес кинорежиссері Леонид Гайдайдың «Кавказ тұтқыны» комедиясында жас зерттеуші Шурик Қап жеріндегі этнографиялық сапарында фольклор мұраларын да қапқа салмаушы ма еді, ал біздің өткен ғасырдың алпысыншы жылдары аяғындағы қазақы студенттік ауыз әдебиетінің осындайлық сипат алғаны бар. Иә, осындай қызықпен, басқалай соқпақтармен шәкірттік өмір өтіп жатты.
1969 жылы, екінші курстың басында мен ойда-жоқта факультет комсомол ұйымы хатшылығына сайлана қалдым. Университетке жаңа ректордың – Ө.А. Жолдасбековтің келген кезі де сол шама ғой деймін. Байқаймын, ұлттық сана, салт-дәстүріге шындап мойын бұра бастаған сияқтымыз. Соның бір деректі кадрлары әлі естен кетпейді. Ол кезде кейбір сабақтарды қазақ және орыс тобы бірігіп оқитын. Екінші курста жиырманшы ғасырдағы Батыс Европа әдебиетінен дәріс өткізетін кексе әйел қазақ тобы студенттерін менсініңкіремей, тәйірі, сендер не білетін едіңдер дегендей қыңыр қабақ таныта бастады. Арғы-бергі көркем дүниені орыс тілді студенттерден артық болмаса, бір мысқал кем білмейтін біздің жанымызға оның бұл шовинистік қылапаты қатты батты. Қайтейік, не қайран етейік? Күндердің күні дәріс бастала бере қазақ тобының елу студенті үн-түнсіз лекциядан шықтық та кеттік. Ондай ашық қарсылық бұрын-соңды университет тарихында болмаған көрінеді. Аяқ астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты. Төтен зілзала, қара жер қақ айрылғандай. Апай-топай. Ду-ду. Гу-гу. Ұшқыр Би-Би-Си мен айбынды «Азаттық» радиосы қазақтар орыстардың отаршылдық езгісіне қарсы бас көтеріп жатыр деп жедел ақпарат таратыпты, Мәскеудегі Орталық Комитет құлақтаныпты, өзіміздің Орталық Комитет ойбайға аттан қосыпты, МҚК ұлтшылдар акциясын ұйымдастырушыларды жедел ізестіріп жатыр-мыс... Мұндай қысылтаяң шақта біздің курс студенттері қайыспады, тайсалмады, жәдігөй азғыруға көнбеді, бірін-бірі жауға бермеді. Ректорымыз да, деканымыз да нағыз ер екен, аққа Құдай жақ деді. Сөйтіп, пікірі жат әлгі оқытушы университеттегі жұмысымен қош айтысты.

Біз осылайша өз еліміздегі рухани ауанның жағымды жағалауларға қол созғанын өз қылығымыздан да, жоғары жақтағы ұлт жанашырларының іштей мақұлдауынан анық аңғара бастадық. Бұндай сойлы әрекеттерге жастарды ең алдымен Ілияс Есенберлиннің тарихи романдары, Расул Ғамзатовтың «Менің Дағыстаным» эссесі дем беріп, жетелегенін несіне жасырамыз. Енді бізді өктемсінгеннің өкпек желінен қорғар мықты ықтасын барын жан-жүрегімізбен ұғындық. Кеңестің алабажақ бөстегінде ұйықтап қалған көңілді енді не оятар? Әлбетте, ең алдымен ұлттық өнер. Формасымен емес, мән-мамұнымен. Бұрын біртұтас интернационалдық концерттерде жеке нөмірлер орындап жүрген күйшілер енді үлкен оркестрге ұйыстырыла бастады, костюмдер, аспаптар алынды. Тілеумұраттың асқан күйшілігіне қоса, шебер ұйымдастырушылығы осындайда бірден байқалды. Біз әншейін демеуші, көтермелеуші болсақ, ол шығармашылық тұлға, репертуар түзуші, оркестрді құрушы ретінде сахнаға шықты. Т. Қожабековтің жетекшілігімен құрылған «Аққу» ұлт аспаптары оркестрінің домбырашылары – менің курстастарым Мырзан Кенжебаев, Оңдасын Елубаев, Берік Шәмшиев сол өнер мектебінен әбден буыны бекіп шықты. Нұрғиса Тілендиевтің «Алатауын» кез келген профессионалдан кем шырқамайтын Камал Әбдірахмановтың өр дауысы университеттің түңлігін дауылдай желпілдететін. Камал досымыздың әндеріне ертедегі грек, ертедегі рим әдебиетінен сабақ беретін С.М. Сагалович ұстазымыз аса тәнті еді. Сол кезде біздің «бұзаулар» тобында білім сауып жүрген, қазіргі сатира дүлділі Көпен Әмірбек те сол ансамбльде – бас конферансье. Ол мехмат акт-залы сахнасына желіп шығып:
- Қатира қазір билейді,
Аяғы жерге тимейді, - деп филфактың буынсыз бишісі, бүгіндері белгілі ақын Қатира Жаленованың «Үнді биін» жариялайды, төрт-бес нөмірден кейін:
- «Төремұрат». Орындайтын Тілеумұрат, - деп дәулескер күйші Тілағаңды көп алдына шақырады.
Оркестр құрылды, ансабліміз бар. Факультет намысы әрқашан биікте, университет, қала байқауларында жүлде алып жүрді. Тіпті біздің жігіттер мен қыздар университет атынан Ресейдегі жоғары оқу орындары көркемөнерпаздар конкурсына қатысып, абыройлы оралғаны көңілімізді бір шалқытып тастады. Оңдасын курстасымның Ресей сапары турасында айтқан әңгімесінің ньюансы мүлде қызық: концерт жариялаушы біздің өнер ұжымын Алматы университеті деп жариялағанда, жігіттер мен қыздар сахнаға аттап баспаты. Тек Қазақ мемлекеттік университетінің оркестрі дегенде барып, шірене көрермен алдына жайғасыпты. Бәрі жақсы-ау, бірақ ансамбльді, оркестрді қаржыландыру жағы жанымызға батады. Реквизитті жаңалап тұрмаса, жаңа киім-кешек алмаса, көркемөнерпаздарды ынталандырмаса, саз өнердің өкпесі өшіп қалмай ма? Осы проблеманы шешу үшін оркестр мен ансамбльдің Жамбыл облысына жасырын гастрольге барып қайтқан жайы да бар. Басшыларымыз Тілеумұратқа сенбеді ме, әлде қосымша демеу болсын деді ме, төртінші курс студенті, факультет белсенділерінің бірі – Хамит Лұқпановты сол сапарға жетекші етіп бекіткен-ді. Қайтып келген соң Тілеумұрат, Берік және Оңдасын Хамит ағамыздың кейбір қылықтарын айтып, шек-сілемізді қатыратын. Хақаң кешкілік концерт басталар алдында концертке мені де жазыңдар, Мәдидің «Қаракесегін» әуелетемін деп алады да, жеме-жемге келгенде, бүгін даусым бұзылып тұр деп тайқып шыға келеді екен. Гастроль аяқталғанша солай болыпты. Келген соң, Хақа, бұныңыз қалай, барқыт баритоныңызды аядыңыз ба, факультет намысы қайда, неден тартындыңыз деп төрт жақтап тақымдадық.
- Жігіттер, большая политика. Мен коммунист емеспін бе? «Сұрасаң руымды - Қаракесек», - деп өзеуреп тұрғаным жарасар ма еді менің образыма? Оның үстіне Қаракесек менің руым емес, жеңгелеріңнің руы. Қатынымның елін жалаулатқанымды Оралдағылар естісе, не дейді? - деп қарап тұр. Әй, мұндай күлмеспіз. Әрине, Хақаңнан ұзап кетіп шиқылдадық-қиқылдадық, көзінше күлсек, ол бізді оңдырмайды.
Тілеумұраттың меншікті курстасы – Әнуар Қодарұлы Жәнібеков. Қазір Ақтау қаласында тұрады. Менің де жақсы жолдасым. Студент кезіндегі серілігі, бипаздығы өзінше бір әңгіме. Көңілденген кезде күйді де төгіп жіберуге, әнді де қалықтатып әкетуге даяр. Айтпақшы, ол үшінші курста, мен екінші курста № 1 жатақханада, бір бөлмеде жаттық. Бірде кешке қарай көңілді отырыстан оралған Әнекең қоңыр шляпасын қисайта киіп, бөлмеге ыңылдай кірді. Ондай күндері ол дәстүрлі әндердің мәтінін әдейі бұзып, сәл бәдіктендіріп айтатын. Төлеубек Жақыпбайұлының әйгілі «Сен маған ыстықсың басқадан» әнінің кейбір жолдары Әнештің аузынан былайша төгілетін:
- Мен сені жаныма балаймын,
Сауабын алып ем талайдың.
Арғы жолдарын айтпай-ақ қояйын. Сол Әнуарымның аяқ астынан өнер шығарғаны. Маған музыкалық сүйемел керек, қазір Тілеумұраттың бөлмесіне барамыз. Ол мондолинмен сүйемелдейді, мен ән саламын. Сен қасымызда боласың, комсомолдың бастығы отырса, бізге шаң жуымайды дейді. Несін жасырайын, еріп жүре бердім. Сол түні, құдыреті күшті Құдайым, нелер әндер төгілді, нелер күйлер бебеуледі. Санағамыз жоқ. Құрекең, Құрманбек Жандарбеков ағамыз шырқаған әндер есебінен асып кетпесек те, соған жетеқабыл маңайлағанымыз анық. Маңайлағанымыз бар болсын, үшеуміз де екі апта қырылдаққа айналдық.
Үшінші курстың басында ма еді, аяғында ма еді – Алматы қаласының сылқым-дендилері ақ шалбар киюді сәнге айналдырды. Біздің курстың мода аяқ алысынан бір елі қалмайтын Абдул-Ғазиз, Бекзаттар, Бейсенбай, Исахан сынды серілері Бразилияның Капакабана жағажайында жүргендей әрі-бері қайшыалысты кеп. Бірақ арзанның жілігі қайдан татысын, бірінші дәрежелі ательеде бөзден тігілген шалбардың екі-үш апта өтпей жатып алды-арты әйнектей сәулеленіп шыға келетінді шығарды. Көмір тиелген вагон, ет комбинатында тері түсіріп ақ шалбарға ақша жинап жүрген біздердің тауымызды достарымыздың әлгіндей айқын өнегесі тас-талқан етті. Осындайда Қасым ақынның:
- Жігіттің көрдік жүйрік, шабанын да,
Япырмай, бір шаба алмай қаламын ба?
Үстімнен қойды-ау түспей қара пальто,
Көк бөрік, көк жағаның заманында, - деп налығаны қайдан көкейден
кетсін.


1973 жылы бес белесті тауысып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жолдамасымен жан-жаққа тарап кеттік. Өзім астанадағы Мемтелерадикомитеттің орталық аппаратына жұмысқа орналастым. Іссапарға ынтықпын. Бірге оқыған жігіттерді, жора-жолдастарды аңсаймын. Осы ретте менің жолым болған сияқты, Қазақстанның түкпір-түкпірін араладым. Көрдім, сөйлестім, жаздым. Ақтау қаласына бақандай бес рет ат ізін салыппын. Бекзаттар Дінәсілов пен Әмзе Молдабаевқа сонда жолыққанмын. Шолаққорғаннан Аманкелді Құлмашев досты іздеп таптым. Жезқазғанда Нұрмахан Өзбеков бауырым хан көтеріп қарсы алды. Ақтөбеде Қонай Әлжанов курстасым ұшыраса кетті. Ақмолада Қайыркен Асауов інім қалбаң-құлбаң етіп, қасымнан шыға алмады. Көкшетау жерінде аунап-қунап, Дәуренбек Шөрентаев доспен екі күн сайран салғаным әлі көз алдымда. Өскемен барып, Оңдасын Елубаев жұрағаттың мерейтойын дуылдатып қайттым. Мейрам Ораловтың зайбымыз екеумізді Ақсуатқа арнайы шақыртып алғанын, курстасыммен бірге Тарбағатай жоталарымен сәйгүлікпен жосылтқанымыз қайдан естен кетсін. Қайда барсақ та мәре-сәреміз. Өткен-кеткенді айтып тауыса алмаймыз. Студенттік жылдардың ұсақ-түйегіне шейін ұмытпаппыз. Содан бері тұп-тура қырық жеті жыл ғұмыр өтіпті. Тіршілік дегеніміз – контраст, барша дүние салыстырымды. Дей тұрғанымен Алматының жөні бөлек. Осында, шығармашылық еңбек жолын «Лениншіл жастан» бастаған Марат Қабанбаев курстасымыз қазақ прозасын соны леппен сергітіп, Ханс Христиан Андерсен атындағы халықаралық сыйлыққа ие болды, ақындар базарының ақ сәулесі, ғажап лиригіміз Күләш Ахметованың Қазақстан Ленин комсомолы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты атанғанына өзімізсіп, өзімсініп бір марқайып қалдық. Лауазым жағынан өрге өрмелегендер легінен де біздің жігіттер ешкімге есе жібере қойған жоқ. Бейсенбай Сүлейменов – өз ішімзден еңсе көтерген алғашқы бастық – республикалық «Ұлан» газетінің бас редакторы, тұңғыш рет шет ел көріп, Латын Америкасын аралап қайтқан да сол досымыз. Ал Асқанбай Ерғожаев – «Арай» журналының бас редакторы, Мақұлбек Рысдәулетов – Жамбыл облыстық газетінің бас редакторы, Көпен Әмірбеков – «Ара» журналының бас редакторы (кейін – «Шалқар» радиосының бас редакторы) қызметтерін истеблишмент пен әлеумет сұранысына сай атқарған бірегей жандар. Өзіндік дүниетанымы мен қаламгерлік шеберлігі қалыптасқан, әлемдік спорт олимпиадасының бірде-бірінен шет қалмаған Оңдасын Елубаев бауырымыз – кейінгі жылдарға дейін «Егемен Қазақстан» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі, одан соң "Спорт" басылымының өңірдегі уәкілі. Өткен күнде белгі бар десек, жаны жайсаң Бағдат Мекеев – «Егемен Қазақстан» басылымының Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі, белгілі этнограф Камал Әбдірахманов – Талдықорған облысы әкімшілігінің мәдениет бөлімінің бастығы сияқты қайқаңдарда өзіндік өрнек қалдырған ер жігіттер. Ақпарат алаңы теориясының байыпты ойыншылары, филология ғылымдарының кандидаттары, танымал ұстаздар Төрегелді Бекниязов марқұм мен Клара Қабылғазина ханымның орындары бөлек.
Әрине, прогресс те, регресс те бәріміздің басымызда бар. Қатарласып, қол ұстасып келе жатыр. Бірсыпыра жігіттеріміз бен қыздарымыз қайтпастың кемесіне мініп кеткен. Тірілеріміз тіршіліктің қамымен жүрміз. Қимас шақтар қырық жеті жылдық шаңның астында қалғандай ма, қалай? Соны бір үрлеп тастайықшы. Тағы бір армансыз жүздесейікші, қане, бір еске алайықшы жиырма мен жиырма бестің аралығын. Әйтпесе мына кесімді уақыт әй-шәйға қаратпай, зу етіп өте шығар. Өлшеулі дүние ғой, өлшеулі.

Кәкен Қамзин,

филология ғылымдарының докторы, профессор

Пікірлер