Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс 14-сессиясында екі жаңа басқарма құру ұсынылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Алматы мәслихатының кезектен тыс 14-сессиясында екі жаңа басқарма құру ұсынылды: сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасы және қоғамдық кеңістіктер басқармасы.
Алматы әкімі аппаратының басшысы Бейбіт Шахановтың айтуынша, сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасының басты міндеті - сейсмикалық стандарттардың сақталуын қамтамасыз ету, жер сілкінісі тәуекелдерін басқару, тұрғындарды ТЖ кезінде негізгі дағдыларға оқытуды қамтамасыз ету, ТЖ кезінде ПД және ТЖД жұмыстарын үйлестіру.
Қоғамдық кеңістіктер басқармасы қоғамдық кеңістіктерді дамытудың жалпы қағидаттары мен әдістерін қамтамасыз етуге, басқармалар мен қала әкімдігінің жұмысын үйлестіруге бағытталған. Сондай-ақ, бұл басқару қоғамдық кеңістіктерді дамыту тұжырымдамаларын дайындауға, қала үшін маңызды қоғамдық кеңістіктерді жаңғыртуға жауапты болады.
Алматыда бір айдай бұрын, 23 қаңтарға ауған түні елеулі жер сілкінісі сезілген болатын. Астана уақытымен 23 қаңтар күні 00 сағат 09 минутта жер сілкінген. Эпицентрі мегаполистен оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде, Қазақстен мен Қырғызстан шекарасы аумағында болды.
Энергетикалық санаты – 15.1. MPV тербелісі – 6.7. Тереңдігі – 65 км.
Жер сілкінісі Алматыда 5 балл деңгейінде (MSK-64 шкаласы бойынша) сезілді.
Сол түні Алматы тұрғындары үрейленіп, үйінен көшеге, далаға шықты. Олар елеулі жер сілкінісінен кейін жаппай қаладан сыртқа ағылды. Көшелердегі қатты кептеліске қоса жанармай құю бекеттерінде ұзақ сонар кезек болған.
Жер сілкінісінен бірнеше адамның зардап шеккені хабарланды. Үш тұрғын көпқабатты үйдің екінші және үшінші қабатынан секіріп, мертіккен.