Жапондықтардың ұзақ өмір сүруінің сыры

3675
Adyrna.kz Telegram

Жапон халқының ұзақ жасауының қандай сыры бар? – деп ізденгенде басында қайдан бастарымды білмей дал болдым. Алдымен осы арал елінің керемет өмір сүруге қолайлы табиғатынан бастаймын ба, жоқ денсаулық саласына қатысты тарихынан бастаймын ба, әлде Жапон үкіметінің денсаулық сақтау саласына жүргізген саясатынан бастаймын ба? Ақыры тамырынан бастағанды жөн деп таптым.

Жапон елінің денсаулық саласына көңіл болуінің тарихы өте ұзақ! Бұл жерде тарих қойнауына терең бойлап, ішкерлей талдауға менің қарым-қабілетім де жетпейтінін білдім. Сондықтан осы заманғы тарихқа көз жүгіртуді жөн деп санадым.

Жапон үкіметі сонау 1896 жылы жұқпалы жане қатерлі ауруға қарсы мемлекеттік бағдарлама қабылдап, сол кезден бастап жұқпалы аурумен күрескен. Одан кейінгі жылдарда да талай мемлекеттік бағдарлама қабылданып сары сүзек, өкпе туберкулезі, қатерлі жұқпалы аурулардың алдын алып, бұл күндері бұл ауруға түбегейлі тосқауыл қойған. Сөзіміз жалаң болмау үшін бұған бір мысал келтіруді жөн көрдім.

Жапонияда тарихы ұзақ медициналық орталықтар жетерлік. Оған мысал Aизу қаласындағы Такада емханасы. Облыс орталығына да жатпайтын бұл емхана алғаш Такада әулетінің жеке емханасынан бастау алып, 1928 жылы мемлекеттік мәртебе алған. Содан бері үздіксіз жетілдіру, дамыту негізінде бұл күнде 939 орындық, 628 қызметкері бар 15 бөлімнен тұратын үлкен замануи орталыққа айналған.

Арада бір ғасыр уақыт өтсе де, бұл орталықты әлі сол Такада әулеті басқарады екен. Орталықтың бас директоры Такаши Tабоками мырза бізді қабылдау сөзінде ең алдымен өзінің самурай әулетінен екенін, бұл күнге дейін ізін жоғалтпаған самурайлардың бала тәрбиесі туралы мақтанышпен айтып өтті. Орталықты аралап таныса бастағанда мұндағы барлық медициналық жабдықтардың 15-25 жыл бұрын шыққанымен, ең озық үлгідегі аппараттар екені мені қатты таңғалдырды. Мен Tабоками мырзадан себебін сұрағанымда, ол:

– Біз ең озық үлгідегі медициналық жабдықтардың ең алғашықы тұтынушыларымыз. Соңғы шыққан аппараттар мен бұл аппарттардың айырмасы шамалы, тек дизайн және операциялық панелі мен ғана парықталады. Сендерге енді барып жатқан жабдықтар мен аппараттар бізде 15-25 жыл бұрын қолданысқа еніп, ел денсаулығына қызымет етіп жатыр, – деді мақтанышпен.

Орталықта науқасын қаратуға келгендердің көбі қарттар екен. 80-ге келіп селкілдер кемпір-шалдар мұнда темір ат (бізше – шайтанарба) мініп тепеңдеп жүр. Мен сондағы қызметкерден «бұл шал-кемпірлердің барі науқас па?» деп сұрап едім:

– Жоқ, бұл қарттардың бәрі денсаулықтарын алдын-ала сақтандырған. Олар мұнда ай сайын денсаулықтарын қаратып бақылату үшін ғана келмейді. Бір-бірімен кездесіп, кеңесу үшін келеді. Егер осы қарттардың әлдебіреуі келмей қалса, онда бүгін ол неге жоқ, ауырып қалдыма деп алаңдайды, – деді.

Ауырғанда ғана келетін жерге ауырғандары келмей, демалу, кеңесу үшін келетіндері мені таңғалдырды.

Ал бізде қалай еді… Ауырып келіп, құлағалы тұрған кемпір-шалға «кезекке неге тұрмайсың!» деп зіркілдеп ұрсар еді біздің ақ халаттылар. Ұрыспай қайтсін, айлығы шайлығына жетпей, күніне ондаған науқас қарауға тиіс болған үйсіз-күйсіз пенделер… Бізде дәрігерге көрінетін науқас тұр ғой сол «ажалға арашашы» деген дәрігерлердің өзінің өмірі қамшы сабындай қысқа емес пе? Өзінде денсаулық, күтім жоқ дәрігер өз өмірін сақтауға жағдайы болмаса кісі өмірін қалай сақтайды?..

Ал осыны көре тұрып, «жапондар неге ұзақ жасайды?» деп жынды кісінің сұрағын қойып, айдаладан құстың сүтін іздегендей болған менің түрім мынау!

Сұрақ біреу, жауап көп! Жапондықтардың ұзақ жасауының бірінші сыры ерте қолға алынған және іске асырылған мемлекеттік бағдарламалар, ерте қолданылған озық медициналық жабдықтар және үздік мамандар екен. Ал бізде ол кезде қызылдар бастаған Кеңес үкіметі халыққа үздіксіз жетілдірілмеген, көштен қалған аппараттар мен жабдықтар беріп қойып, соғыс қаруларының озық түрін жасауға ғана жанын салып жатса тәуелсіздіктен кейін де реформадан көз ашпаған денсаулық саласы жекелген осы заманғы «научный центрлер» бой көтергенімен бәрібір күрделі жаңаруды күтіп қала берді…

Жапон елі туралы сөз айтсақ, осы арал елінің жасыл табиғаты туралы айтпау мүмкін емес. Хоккайдо аралын қоспағанда, жер көлемінің 76,3 пайызында жасыл жамылғы ұстайтын бұл елде сүйектен өтетін суық ауа-райы жоқ. Ауаның дымқылдығы ауру қоздырғыштардың тасымалдануын және таралуын тежесе, дымқыл да саф таза ауамен тыныс алу адам денсаулығына үлкен көмегін тигізері ежелден-ақ белгілі.

Жапон үкіметі әрқашан экологиялық талапты бірінші орынға қоя отырып, елдің экологияның бұзылуынан зардап шекпеуі үшін экологиялық зардаптың алдын қалай алып отырғанын алдыңғы сұқбаттарда айтқан болатынбыз.

Жапон халқының азықтану дағдысы мен негізгі азықтары біздің қазаққа мүлде жат десем, артық емес. Олар біз сияқты бір жегенде тоя жеп, тоя жесе де оя жемейді екен.

Қасымда жүрген жапон жігітінің тамақ жегеніне қарап кейде күлкім де келеді. Жаңа ұстап әкелген бейне бір қоянның көжегіндей шөп-шалам мен құрт-шаянды шұқып жеп, соған «тамақ іштім!» дегені маған қызық та, күлкілі сезіледі.

Тіпті бір күні менімен бірге ет жеймін деп, оның асқазаны ауырып қалды. Оны ауыртып тастағаныма, өзімнің денсаулығымның «мықты» екеніне бір мезет масаттансам да, сол «әлсіз жапонның» менен ұзақ жасайтыны есіме түсіп, көңілім қынжылып қалды.

Ертеңінде ол құрдасыма қалжыңдап: «Жапондар не деген әлсіз, бір асам ет жей алмайсыңдар, шөп пен күрішке жүгіріп, самурайлығың осы ма?» – десем, ол: «Күріш жеген жапонның миы көп, күші аз. Ет жеген қазақтың күші көп, миы аз. Сен сол үшін бізге үйренуге келдің!» деп сөз жағынан сан соқтырып кетті.

Жапондардың күнделікті біздің нанымыз сияқты күрішін айтпағанда, басқа астарын негізінен шикідей не шала, майға емес, суға пісіріп жейді екен. Осылай азықтанудың денсаулыққа пайдалылығы көзіқарақты оқырманға айтпаса да түсінікті жайт. Алайда біздің тұрмыс-салтымыз басқа ғой.

Қазақтың әр тойының құрметті асына айналған «сұм арақ, қу арақ» бұл жақта «саке» атанғанымен, жапондардың денсаулығына «достығы» болмаса, «қастығы» жоқ екен. Орыстың құрамында алкоголы 45-60 пайыз болатын «водкасын» ішіп алып, талай қазақтың бауыры езіліп, бүйрегі бүлінгенін бір құдай ғана біледі. Ал ішіп алып, мас болып, өзін де, өзгені де көлік апатына ұшырату жағдайлары тағы бар.

Ал бұл елде алкоголь мөлшері 25 пайыздан аспайтын «саке» ішетін жапондар «ес-ақылы сау күйінде» ішкі органдары езіліп, арақтың улы азабын шекпей-ақ үйлеріне қайтады екен. Бұл елдің арақ өндірушілерінің де елдің денсаулығын ойлағаны көрініп тұр.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні»: қазақ атамыз: «ауру – астан, дау – қарындастан» дегендей, өз мекенінің жасыл да таза күйін сақтаған жапон халқы эко ортада «әліне қарай ас ішіп», алтын өмірдің қадірлеп өмір сүріп жатыр.

«Бойыңа қарай киім піш, әліңе қарай ас іш!», «Ауру – астан!», «Жаман ауруды жақсы тамақ жоғалтар» деген қазағым сөзді өндіріп айтқанмен, өмірде соны іске асырмай-ақ, «қазақпыз ғой!» деп өз-өзімізді жұбатып, зейнетке іліне бере, «мың күндік ұжымақтан бір күндік өмір артық!» дей тұрып, сол қымбат өмірмен ерте қош айтамыз…


Серік МҰРАТХАН,

«Азаттық радиосы».

 

Пікірлер