Берік Сұлтановтың «Шындық» порталына жарияланған «Қара жорға» — қазаққа қасірет» мақаласы бірден елең еткізді. Айдың, күннің аманында «Қара жорға» биіндей асыл мұрамызды жерден алып, жерге салған мақала мазмұны қаныңызды қарадай қайнатады.
«Қара жорға» бабаларымыздан қалған жәдігер емес. Ұрпағына биді мұра қылатындай, бабаларыма не көрініпті? Сонда ұрпағына өсиет етер дүниелері болмағаны ма?» — деп көсіледі автор. Қырандай қалқып, толқындай тербеліп, жорғадай тайпалып, биленетін «Қара жорға» қазақтың бүкіл болмысын көз алдыңызға әкеледі. Бидің өн бойында өрлік, ерлік, сұлулық, сырбаздық, асқақтық, биіктік жатыр. Ол — сондықтан да қазақ биінің, тіпті қазақ мәдениетінің бренді болуға татитын құнды дүние. Ендеше, ұлттық биіміз бабалардан қалмағанда, аспаннан салбырап түсе қалып па? Бұдан әрі ол қазақта «Қара жорғаның» болмағанына көзбен көргендей-ақ кепілдік бере келіп, «Адамзаттың бақытты өмір сүруі үшін түсірілген Құран-Кәрімде Алла тағала: «Зинаға жоламаңдар!..» — дейді. Зина жасау былай тұрсын, сол жолға алып баратын бүкіл жолға жоламауымызды Алла бізге бұйырып тұр. Ал «Қара жорға» — зинаға алып баратын жолдардың бірегейі. Себебі, би барысында қыз бен жігіттің бір-біріне өте жақын болатыны даусыз. Қыздың тал шыбықтай бұралғанын, жылы күлкісін, ойнақтаған көзін көрген кез келген ерге шайтанның жаман ой салатыны айдан анық. Ол ойдың қандай екені барлығымызға аян! Әлемдердің Раббысы болған Алла зинаға тыйым салса, біз Аллаға қарсы шығып, біреулердің: «Қой десе де қоймаң-дар!» — деген сөзін басшылыққа алуымыз керек пе?» — деп далаға лағады.
Құдай-ау, Әулиеағашты өртеді, сәлем салуға болмайды деп, келін мен ата-ененің арасына жік салды, әртүрлі террорлық әрекеттерге барды, енді келіп атадан мұраға қалған «Қара жорғаға» ауыз салғаны ма әсіредіншілдердің? Ең сорақысы — мұндай түсініктегілердің жылдан-жылға артып келе жатқаны.
Оған дәлел — Берік Сұлтановтың жеке блогында қайта жарияланған әлгі мақаланы терістеудің орнына, қоштаушылар көбірек төбе көрсетіпті. «Биді ең алғаш жындар шығарған. Жындардан адамдар үйренген. Бақсы, шамандардың жын шақырған кезде естен айырылып, селкілдеп билейтіндері сондықтан. Кейбір дін ғұламаларының пікірінше, би билеген адамды жын сілкілеп тұрады», — деп пікір білдіреді Қуаныш есімді оқырман. Бақсының ізгілік үшін күресіп, емдік, рухани ұстаздық қызметтер атқарғанын Кеңес үкіметі салдарынан ұмыта бастағынын бүгінгі жастар қайдан білсін. Кеңес үкіметі пайдаланған рухани отарлау саясаты діни ағымдар арқылы жалғасын табады деп кім ойлаған. «Бұл би — қазақты құртқысы келетіндерге таптырмайтын дүние. Қазақ «Қара жорғаны» билесе, алтын уақыттарын босқа өткізеді, бойдақ жігіттер өздеріне ауру табады. Сөйтіп, білімге деген құштарлық азаяды. Тастанды балалар көбейіп, жасанды түсік жасату артады», — деп бір түйіпті журналист Берік Сұлтанов.
Кейбір шипажайлар мен емханалар «Қара жорғаның» денсаулыққа мың да бір ем екенін түсініп, сауықтыру әдісі ретінде пайдалана бастағаны көпке мәлім. «Қара жорға» — 13288 адамның билеуімен Гиннестер кітабына жазылған, Қытайдағы Шыңжаң өлкесінде оқушылар дене шынықтыратын биге айналған, Германиядағы қазақтардың ұлттық ерекшелігіне баланған, қала берді, сауық-думанның сәніне айналған қазақ биі. Бүгінде осы «Қара жорға» биін күллі Қазақстан халқы той-думан көрігіне айналдырды.
Мұндай ұлттық өнерімізді «білімге құштарлықты жояды», «жасанды түсік артады» деп қара күйе жағу діни көрсоқыр болмаса, саналы адам айтатын сөз бе? Айтпақшы, бірінен-бірі мақала көшіріп басып, бір-біріне сілтеме жасап, «жарнамалаған» «Уағыз», «Шындық», «Намыс», «Асыл арна», «Дін ислам», «Мәліметтер» тәрізді сайттардың қай-қайсысынан да қазаққа қарсы, ұлттық мүддемізге қайшы идеяларды табуға болады. Оған тағы «азаматтық журналистиканы» желеу етіп күн сайын толығып жатқан Берік Сұлтановтың блогы тәрізді интернеттегі желілерді қосыңыз. Жастар, негізінен, интернетпен жұмыс жасайтындықтан, миссионерлер діни экспанциялауды осы бағытта жұмылдырғанды жөн деп тапқанға ұқсайды. Блогшы боламын деп боқшаға айналып бара жатқан жастарды көріп жүрміз. Қазақ руханиятын түп-тамырымен жоюды мақсат тұтқан әсіредіншілдердің интернеттегі бассыздықтарына тосқауыл қою керек. Діни ағымдар өздеріне берілген барлық мүмкіндікті асыра пайдаланып жатыр. Ал біз миссионерлерден қорғанудың қамын ойладық па? Әй, қайдам…
ҚИЛЫ ҚИСЫН
Думан АНАШ, «Алматы Ақшамы» газетінің қызметкері:
Діни фанатизмнің дәстүрге қол салуы — қауіпті тенденция. Өз басым, қазақта «Ортеке», «Буын» сияқты билердің болғанын этнографтардың аузынан естігенім бар. «Қара жорға» осы билермен үндес. Оның үстіне, ұлтымыздың сал-серілер сынды үлкен музыкалық институты болды. Олардың дауысы Көкшенің шыңдарынан ары асып шырқалғанда, албырт жастың бәрі ойлы кейіпте бас шұлғып, тыңдап отырды дей аласыз ба?.. Яғни әр ұрпақтың өз жасы бар, өз жасамысы бар. Жас қай кезде де жастығын істейді. Оның тұла бойында жаратылыстың заңдылығы бар. Егер бұл заңдылыққа мойынсұнбасақ, онда біз көбеймес едік. Көбеймесек, ел болмас едік. Сондықтан «Қара жорға» биін зинақорлыққа апарады деген — жаңсақ ұғым. Бұл — қазіргі «адасқақ» ағымдардың ыңғайына қарай ілкімдеу үшін жазылған, өте қарау ниеттегі жазба. Қазір адамдардың өзін-өзі таппай, құнарлы дүниенің көзін білмей, есту, көру дағдысы бойынша ғана ел-жұрт ішіндегі осындай жекелеген жандардың сөзіне құлақ асуы байқалады. Өте қауіпті тенденция. Әлихан Бөкейханов туралы Қошке Кемеңгерұлы: «Ол өз серіктерін татардың діни фанатизмінен құтқара білді», — деп айтады. Бізде ХХ ғасыр басында исламның ауқымында татар фанатизмі болса, қазір ХХІ ғасырда бұл фанатизмнің есебіне жетуден қалдық. Және оның салтымызға, дәстүрімізге қол сала бастағаны қорқынышты. Жастарды сананы улайтын әлгіндей әрекеттерден қорғай білуіміз керек.
Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ, журналист:
Бір қынжылтарлық нәрсе — дінді халықтың дәстүрі мен салтынан жоғары қойып жүргеніміз. «Мұсылман болу үшін алдымен араб болу керек» деген түсініктің қазақ жастарының арасына дендегені сонша, жастарымыз қазақтық қалпынан ажырай бастады. Оны күнде көріп те жүрміз. Тіпті сол хиджаб киіп жүрген қаракөздеріміздің өзі екіге бөлініп алған ба дерсің. Олай дейтінім — біреулері түрлі түсті ашық матадан тігілген киімдер кисе, енді біреулері тек қара түсті киім киінеді. Бұл енді — өз алдына бөлек тақырып. Кейбір діндарларымыз «Аллаға серік қосу» деп, келін сәлеміне қарсылық танытқаны былай тұрсын, қасиетті домбырамызға, ұлттық өнерімізге «көз аларта» бастады. Олардың түсінігінше, домбыра — шайтанның аспабы, қазақта өнер болмаған. Қазақ тек бес уақыт намаздан бас көтермеген екен… Осындай көзқарас енді «Қара жорғаға» да келіп жетті. Сонда қалай, «Қара жорғаны» билегендердің барлығы тастанды балалардың көбеюіне себеп пе екен? Әлде олар таңның атысы, күннің батысы би билеуден қолдары тимейді деп ойлай ма? Мейлі, «Қара жорғаны» қоялық, «Қыз қууымыз» ше? Жүйрік атқа мінген шабандоз жігіттің қуып жетіп қыз бетінен сүйетінін не дейміз сонда? Демек, бұл кісілердің түсінігінше, олар да, кешіріңіздер, жасанды түсіктің көбеюіне жол беретіндер ғой. Сол себепті айтқымыз келген нәрсені адамға ой салатындай қисынға сүйеніп айтсақ екен.
Мәди Керімсал.
«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 43 (80) 01 желтоқсан 2010 жыл.