Қазақ әнін зерттеген…

2862
Adyrna.kz Telegram

Ертеде өткен шығыстың дана ойшылдарының бірі  «Егер бір елдің қалай басқарылып отырғандығын, халқының үлгі тұтар өнегесі­нің қандай екендігін білгің келсе, сол халықтың музыка­сына құлақ түр» деген екен. Бағалай алсақ, қай халықтың болса да рухани тіршілігінде музыканың алар орны өзгеше екендігін байқаймыз. Дәл осы ретте марқұм Әмина Нұғман­ды халық әндерін өзіне тән нақышпен тамылжыта орын­дауымен қатар, оны зерттеп, насихаттауда ұлан-ғайыр еңбек еткен біртуар азаматтарымыздың бірі ретінде атауға болады.
ҚР Ұлттық кітапханасында Әмина Нұғманның Кеңес өкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезінде жарық көрмеген «Қазақтың әншілік дәстүрі» атты докторлық монографиясын талқылауға еліміздің айтулы ғалымдары бас қосты. Тәуелсіздігі­міздің арқасында Әмина Нұғманның қызы Баян Нұғман аталмыш монографияны бас­паға ұсынып, жарыққа шығарыпты. «Атал­мыш еңбектің ұлттық нақышты сақтап, халық жадынан өшіп бара жатқан көптеген әндері қайта тіріліп, рухани қазынамызға қосылуы сол кісінің атымен байланысты», – дейді ғалым Жарқын Шәкәрім. Әмина Нұғман­ның қазақ ғылымына қосқан үлесін ғалым­дар былайша сипаттайды: «Ұлттық кітапха­на қорында автордың 1959-2010 жылдар аралығындағы шығармашылы­ғына байла­нысты 50-ден астам әдебиет, оның ішінде күйтабақтар сақталған. Соны­мен қатар

Әмина Нұғман 1989 жылы Құрман­ғазы атындағы ұлттық консерва­тория­да «Халық әні» кафедрасын ашты».

Филология ғылы­мы­ның докторы Тұрсын­бек Кәкішев кезін­де шетелден көш баста­ған алғашқы өнер­танушылардың бірі ре­тін­­де Әмина Нұ­ғ­ма­­нды ерекше атады. «Өнерге, оның ішінде ән айтуға қабілетім жоқ болса да, Әминаның әнін тыңдаған соң ерекше әсерлендім», – деп таңданыс біл­діргенін жасырмады. Ғалым Жарқын Шәкәрім Әми­на Нұғманның бүгінгі еңбегі­нің жаңа­шылдығы туралы айта келе: «Қазақ­­тың әншілік дәстүрі» атты еңбекте тұңғыш рет Семенов-Тянь-Шанскийдің Абай мұрасын зерттегендігі туралы айтыла­ды және де өзіне дейінгі өнертанушылардың еңбек­терінде қамтылмаған дәйекті факті­лерді ортаға салады», – деп мәлім етті.

Жарқын ШӘКӘРІМ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Қазақтың әншілік дәстүріне үлес қосқан тұлғаларды XIX ғасырдан бас­тауға болады. Ал 50-жылдарда қазақ­тың әншілік дәстүрін жинап, жол бас­таған адамдардың бірі – Әмина Нұғ­ман. Болашақ балалардың әншілік өнері туралы жазған кітаптары арқылы ол – Жетісу, Арқа әндерін, Батыс Қазақ­стан әндерін тұңғыш рет талдаған тұлға.

ДЕРЕК

Әмина Нұғман – белгілі әнші, өнер зерттеуші ғалым, педагогика ғылымы­ның кандидаты, доцент. Қазақстан мұсылман әйелдері одағы­ның төрайымы, қажы. Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны бітірген. Қазақтың Қыздар педагогикалық институтында ұзақ жылдар музыкалық әдістеме кафедрасын басқарған. 1971-1980 жылдары қазақ телевизиясын­да «Гәкку» атты музыкалық-фольклорлық бағдарлама жүргізді. Жүздеген әндері мен күйтабақтары «Алтын қорда» сақталған.


Сейілбек АСАНОВ,

«Алаш айнасы».

Пікірлер