Күні кеше Канаданың азық-түлік инспекциясының директоры Луиза Карьер Кеден одағы елдеріне жылқы етін тасымалдауға ықыласты екендіктерін жеткізді. Қазірде бұл ұсынысқа бірінші болып Қазақстан тарабының қызығушылық танытып отырғаны белгілі болды. Сол-ақ екен, еліміздегі біраз қауым «Қазақтың дастарқанынан канадалық жылқы еті орын алса, өз өніміміз өгейсіп қалады» деп өрекпіп отыр. Жалпы дерекке жүгінсек, бүгінде біздің елімізде 1,5 млн бас жылқы бар. Жан басына шаққанда жылқы еті еліміздегі әрбір адамға 4 келі 300 грамнан тиеді. «2015 жылға дейін бұл көрсеткішті 9 келіге жеткізу жоспарда бар. Сондықтан келешекте біз арзан әрі тәтті жылқы етімен ішкі нарықты толық қанағаттандырамыз десек, шетелден елімізге келетін ірі қара малының бағдарламасы одан әрі жүзеге асуы қажет», – деседі мамандар.
Сөйтіп, бірқатар мамандарымыздың пайымдауынша, шетелден мал басын және ет өнімін тасымалдау елдегі жылқы малының өсуіне, өнуіне айрықша жағдай туғызбақ. «Осы үрдіс арқылы отандық мал басының шығынын азайтып, оның өсіміне мүмкіндік берілмек» дейді сарапшылар. Алайда, қайсыбір қауымның пікірінше, мәселені шешудің тетігі бір бұл емес.
Жеделдетіп дамыту бағдарламасы қажет
Негізінен, сала мамандары біздің осы уақытқа дейін тек сиыр етінің экспорты мен импортына ғана тереңірек мән беріп келгенімізді, ал жылқы шаруашылығы мен қой шаруашылығы әлі күнге дейін қалтарыста қалып келе жатқанын жасырмайды. Бұл ретте, мамандардың дені елімізде қалыптасқан жылқы шаруашылығының негізі барын, оны әрі қарай дамытуға мүмкіндіктің молын алға тартуда.
Бақтияр САДЫҚ, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор:
– Біз Еуропада емес, аса үлкен 188 миллион гектар ауылшаруашылық жайылымы бар Қазақстанда тұрамыз. Бірде-бір елде мұндай жайылымдық жер жоқ. Ал бізде осындай мүмкіндік бола тұра, осыны қалт жіберіп алдық. Жылқы шаруашылығы аса бап талғамайды. Қораны да, көмір мен газды да қажет етпейді. Қысы-жазы бірдей үйірімен жайылады. Әрине, селекциялық жұмыстар жүргізілуі қажет, қосымша жем керек. Бірақ қай кезде болсын адам денсаулығына жылқы еті сиыр етінен екі есе пайдалы. Оның үстіне, біздегі жылқы етінің сапасы әлемдік тұрғыда жоғары екені ғылыми дәлелденген. Сөйте тұра, бізде жылқы шаруашылығына назар аударылмайды. Елімізде ірі қара малына көмек бөлініп жатыр да, ал жылқы шаруашылығы кенжелеп тұр. Сондықтан бізге қарап отырмай, жылқы шаруашылығын жеделдетіп дамыту бағдарламасын жасау қажет. Бұл мүмкіндікті орынды пайдалануға қол ұшын тигізеді.
Асылтұқымды жылқы өсіруге жағдай жасау қажет
Абзалында, «бағдарлама өз алдына, алдымен асылтұқымды жылқы малын өсірушілерге жағдай жасау қажет» дескен мамандар еліміздегі 1,5 млн бас жылқының тек 3,5 пайызы ғана асылтұқымды екенін, өркениетті елдерде бұл көрсеткіш кемінде 10 пайызды құрауы керектігін, демек, бұл салада мүлдем кенжелеп қалғанымызды алға тартуда. Мәселен, бұған қатысты деректерді мысал етсек, 1999-2000 жылдары елімізде асылтұқымды жылқының көрсеткіші 1 пайызды құраған. Араға 10 жыл салып, бұл межені 3,5 пайызға көтеріппіз. Мамандар «2020 жылға дейін асылтұқымды жылқы өсіруді 10 пайыздық межеге жеткізбесек, бәсекеге қабілетсіз болатынымыз анық» дегенді ашып айтуда.
Мәкен ТОЙШЫБЕКОВ, мал шаруашылығы ғылымының докторы, профессор:
– Жылқыға қатысты сөз етер болсақ, қазір бізде дүниежүзінде жоқ етті, қымызды мұғалжар тұқымы бар. Алтай өңірінде, Өскемен жақта қабы жылқысы бар. Бұл тұқым орыстың ауыр жүк тасушы жылқысының айғырлары мен өзіміздің қазақ жылқыларын будандастырудан шыққан. Және көпшілік біле қоймайтын мал – адай жылқысы.
Адай жылқысы – түрікмен жылқысының айғырын қазақ биелеріне сала отырып, шығарылған мықты жылқы. Оның атап өтетін ерекше қасиеті – теңіз суын ішетіндігі. Жер жүзінде тұзды суды ішетін бірде-бір мал жоқ. Бізде бар.
Олардың тұқым беру ерекшелігі ескерусіз қалмауы керек. Егер біз елімізде асыл тұқымды жылқы өсіруге мән берсек, шеттен мал етін тасып әуре болмайтын едік. Өз басым шетелден мал етін тасу және шетелдік мал басын әкелуден гөрі, жергілікті ортада климатқа бейім жағдайда осы шаруаларды атқару қажет. Бұл ретте отандық кәсіп иелерінің жұмыс істеуіне мүмкіндік берілгені жөн.
Жылқыға институт та бұйырмаған
Елімізде жылқы шаруашылығына қатысты соңғы кездері шешілмей жүрген тағы бір өзекті мәселелердің бірі – бұл осы саланы зерттеуге қатысты арнайы институттардың болмауы.
Үсен АМАНБАЕВ, экономист-ғалым:
– Елімізде жемшөп институты, балық шаруашылығы, құс шаруашылығы, мал шаруашылығы институттары бар. Бірақ жылқы шаруашылығын зерттеуге қатысты жекелеген институт бұйырмаған. Жылқы шаруашылығын зерттеу сол мал шаруашылығы институттарының еншісінде болғанымен, бүгінде бұл саланың көлеңкеде қалып қойғаны рас. Жылқы шаруашылығымен жекелеген кәсіп иелері айналысып, өздігімен бұл салаға жан бітірген болып жүр. Бірақ бұл сала мемлекеттік қолдауды қажетсінеді. Сондықтан жылқы шаруашылығын зерттейтін арнайы орталықтар ашылуы керек. Аңғарғанға қазірде әлемдік тұрғыда жылқы етіне сұраныс артып барады. Ал біз ішкі сұранысты толық қамти алмай отырмыз. Енді келіп сырттан соғым алдырамыз деп арқаны кеңге саламыз. Күні ертең сол сырттан келетін соғым қазақты жарылқасын ба?! Ол соғымның гендік сапасына, тағамдық құнарлылығына кім кепілдік береді? Өзгелер қазаққа жақсысын бере ме? Күні ертең сырттан жылқы еті ене қалса, оның сапасын таразылап, сүзгіден өткізіп отыратын да осы іспетті институттар болуы керек. Сондықтан біздің тиісті орындар осы мәселеге назар аударса деймін.
Түйін
Сонымен мамандарымыз сөз еткендей, жылқы шаруашылығына назар аударатын кезең әлдеқашан жетті. Олай етпесек, біздің осы уақытқа дейін «қымыз бен шұбатымыз арқылы әлемдік бренд жинаймыз», «күбі толы қымызымызбен қадірімізді асқақтатамыз» дегеніміз құр науқаншылдық болмақ…
Бұған қоса, «қазақтың қаны – қымыздан, жаны еттен жаралғанын» ескерсек, шынымен де сырттан соғым әкеліп немесе қыстық соғымнан қазақты шектеп мал басын өсіре алмасымыз тағы анық. Егер болашақта жылқы шаруашылығын өркендетіп, салаға қатысты олқылықтардың орнын толтырғымыз келсе, мамандар тарапынан айтылған жоғарыдағы ұсыныстарға ден қойғанымыз жөн.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ, «Алаш айнасы».