Қазақтың текті иттерінің тегін жоғалтып алмайық

4350
Adyrna.kz Telegram

Қазақта «ит – опа, қатын – жапа» деген сөз бар. Осы сөздерден-ақ қазақтың дүниетанымында иттің алар орны ерекше екенін аңғару қиын емес. Яғни ит иесіне қайырымды болғандықтан, опасыздық жасамайтындықтан, қазақ итті опа санаған. Сондықтан да оны жеті қазынаның қатарына қосып, ерекше әспеттеген. Алайда бүгінде жеті қазынамыздың қадірін жете түсіне алмай жатқанымыз өкінішті. Соның ішінде қазақы төбет пен құмай тазымыздың сиреп кеткені жанға батады. Жетістіктерін паш етіп жатқанымыз шамалы. Мәселен, қазақтың «Қонақ» есімді төбеті жуырда ғана ит төбелестіруден әлем чемпионы атанып келгенін естідіңіз бе? Жарыса жазып, көрсетіп жатқан бұқаралық ақпарат құралдарын көрмедік.

«Түгел» баспасөз клубында өткен бри­финг­те осындай жақсы жаңалықтан ха­бар­дар болдық. Бөрібасар тұқымды иттер арасындағы әлем чемпионатының финалы Мәскеу қаласында өтіпті. Чемпионат бірне­ше кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңі Украи­на­дан басталған. Одан соң Мәскеудің Клин де­ген жерінде жалғасын тауып, үшінші кезең Ресейдің Воронеж қаласында өткен. Чемпионатқа 12 елдің иттері қатысқан. Оның ішінде Украина, Болгария, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан секілді елдердің чемпион иттері келген. Бізден барғандар бұл жарысқа үш ит қосып, олжалы қайтыпты. Чемпион болған «Қонақ» атты иттің иесі Асланбек Мұқашевтің айтуынша, төбелес тартысты өткен. Қонақ бұл чемпионатқа үшінші рет қатысып тұр екен. Екі рет жолы болмай, үшінші реткі осы қатысуында ал­ды­нан шыққан азулының бәрін қан қақ­сат­қан. Сөйтіп, иесінің қанжығасы 1 миллион тең­гемен майланыпты.

Асланбек Мұқашевтің айтуынша, итке де спортшылар секілді бап керек. Тілі жоқ мақұлықты баптау да оңайға соқпайды. Жү­гірту, денесін шынықтыру секілді жатты­ғу­лар да үзілмеуі қажет.

Бір қызығы, бізде «Тазы–Төбет–Бө­рі­ба­сар» деп аталатын республикалық феде­ра­ция да құрылған көрінеді. Иттердің төбе­лесі, текті иттерді тану, сақтау, будандастыру секілді шаралардың бәрі осы федерацияның жұмысы.

Біреулер иттердің төбелесі түкке қажеті жоқ деп есептейді екен. «Тазы–Төбет–Бөрібасар» республикалық федерация­сы­ның президенті Оралбек Қайсанов бұны­мен келіспейді. «Иттердің жекпе-жегі тестік сы­нақ», – дейді ол. Яғни төбеттердің текті­лігін төбелес арқылы ғана ажыратып, сол ар­қылы таза қанды төбеттерді көбейтуге болады екен.

«Төбелес – төбеттердің қанында бар қасиет», – дейді Асланбек Мұқашев. Сондықтан да төбелестен төбесі көрінген төбеттің тегі тегін емес деген қорытынды шығаруға болады. Төбеттерді төбелесте сынап, бағалайтын тәртібі бар. «Тазы–Тө­бет–Бөрібасар» рес­пу­бли­калық феде­ра­ция­сының бұ­рынғы президенті Абылай Аман­сү­гіровтің айтуынша, төбет төбелес­ке шық­қанда қарсылас итін бірден бас сал­ма­са, онда тектілігі бір саты­ға төмендейді. Со­сын таза қанды тө­бет төбелес барысында еш үн шы­ғармауы тиіс. Ырылдап, қың­сы­ла­­у­ы не тісін ақситып айбат шегу тө­бетке сын болмақ. «Осының бә­рін бағалап кел­ген­де, төбеттің тек­тілігі айқындала түседі. Со­дан кейін оған мықты қаншық тауып бу­дан­дас­тырып, таза төбет алуымыз ке­рек», – дейді Абылай Амансүгіров. Бү­гінде, өкі­нішке қарай, мемлекет қа­зақ иттеріне жете көңіл бөлмей отыр. «Тазы–Төбет–Бө­рі­басар» рес­публикалық федерациясы да ит­­ке жанашыр адамдардың қар­жы­сымен күнелтіп келеді. «Егер мем­лекеттің қазақ иттеріне деген қам­қорлығы зор болса, ендігі әлем чем­пионы болып келген Қонақ­тан кү­шік алып қалудың амалына кі­рісер еді», – деп кейиді Абылай Аман­с­үгіров. Оның айтуынша, Тү­рік­менстан өздерінің ала­байларына мемлекеттік деңгейде жағ­дай жа­сап қойған. Оның үстіне ала­бай­лар­мен ақша да тауып отырған кө­рі­неді. «Түрікменстаннан оңай­шылықпен алабай алып шыға алмайсың, сотталып кетуің мүм­кін. Ол үшін итті мемлекеттен сатып ала­сың. Сонда ғана мемлекет шекарадан алып шығуға рұқсат береді», – дейді ол.

Ертең Қонақтан кейін әлемнің назары қазақтың төбетіне ауады деген сөз. Қазірдің өзінде шетелден төбетті сұрап келушілер аз емес. Шекарадан да оңай алып кете алады. Егер мемлекет Түрікменстанның тәжі­ри­бе­сін енгізсе, мемлекет бюджетіне де қо­мақты ақша түсер ме еді? Сонда қазақтың тазысы Қазақстанда ғана емес, әлемге де мәш­һүр болар еді. Әйтпесе бүгінде немістің овчаркасынан төбеттің несі кем, артық болмаса… Абылай Амансүгіров Ресейде та­за қанды иттердің бір күшігі 1500-2000 дол­лар тұратынын айтады. Ал біздің тө­бет­тер бар болғаны 200-300 долларға ғана саудаланады. Бұл да төбеттің дұрыс на­си­хатталмауынан.

«Тазы–Төбет–Бөрібасар» респу­бли­ка­лық федерациясының мақсаты да сол – таза қанды тазы мен төбет алу. Тағы бір мақсаты – төбет пен тазыны халықаралық стан­дартқа кіргізу. Бүгінде бұл екі итті де ха­­лықаралық стандарттың тізімінен көр­мей­міз. Онда бізге  таныс түрікменнің ала­бай иті ғана бар. Көбіне біздің төбет сол ала­байдың көлеңкесінде қалып қоя береді екен. «Ендігі мақсат осы қазақ төбеті мен та­зысын халықаралық стандартқа кіргізіп, бүкіл әлемге паш ету. Себебі халықаралық көрмелерге апарсақ та, оларды алабайдың стандартымен қабылдайды. Ал біздің төбеттің алабайдан біраз айырмашылығы бар. Сондықтан да біздің төбеттердің ұпа­йы көбіне төмендеп қалады. Сол үшін бү­гінде біз алабай мен төбеттің айырмасын ажы­рату үшін күш салып жатырмыз. Ит­те­рі­мізді халықаралық стандартқа кіргізу үшін 12 стандарттан өту керек. Бізге соның енді төрт стандартынан ғана өту қалып тұр. Ол үшін төбеттің шыққан тегін ғылыми түр­де айқындау керек, қай дәуірден бері келе жат­қанын анықтау қажет, сондай-ақ төбет­тер­дің кавказдық бөрібасарлардан қандай айыр­машылығы барын зерттеуіміз керек. Тө­беттің басқа иттердің шатысынан шық­па­ғанын, оның о бастан төбет болып жа­ратылып, төбет болып қалғандығын дә­лел­демекпіз», – дейді Оралбек Қай­са­нов.

 

P.S.

Несін айтасыз, қанша айтып жазылғанымен, бүгінде ұлттық спортымызға жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбейді. Бұған Қазақстан Республикасы ұлттық спорт түрлері қауымдастығының да айтар уәжі бар.  «Биыл «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры Қазақстандағы спорттың 12 түріне 4 миллиард теңге қаражат бөлді. Соның ішінде баскетболдың өзіне 800 миллион теңгедей қаражат қарастырылса, біздің ұлттық спортымызға 100 миллион теңге ғана бөлінді. Ал ұлттық спорттың құрамында 25 спорт түрі бар. Яғни 25 ұлттық спорт түрін насихаттау үшін 100 миллион теңгені жеткізуіміз керек. Ал ол қай жағымызға жетеді? Қайта «Көкпарды» ғана теледидардан насихаттап жатырмыз,  ал қалғандары бұқараға беймәлім. Өзге елдің спортын насихаттағанша, неге өзіміздің ұлттық спорттың насихатын көбейтпейміз? Баскетбол, таэквондо, самбо, дзюдо секілді спорттарды көгілдір экраннан түсірмейміз, ал саятшылық, ат жарыс секілді спорттарымызға келгенде сараңдық танытамыз. Ұлттық спортымызға деген көзқарас әлі де теріс», – дейді ұлттық спорт түрлері қауымдастығының баспасөз хатшысы Альберт Мүрсәлімов.

 


Салтан СӘКЕН, Астана, «Алаш айнасы».

Пікірлер