"Зейнеп апаның кездесуінен "семіріп" қайттым"

2373
Adyrna.kz Telegram

Журналист Гүлмәрия Барманбекова Алматыда өткен Зейнеп Ахметовамен кездесу жайлы пікірімен бөлісті, деп жазады "Адырна" порталы.

Ол өзінің әлеуметтік желідегі жазбасында кездесудің барша көрерменге рухани азық болғанын, Зейнеп апаның айтқан әңгімелері арқылы тәрбиелік ілімнің артқанын жазды.

Кездесу Алматы қаласы Мәдениет басқармасы және "Адырна" қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен болатын.

"Рухани әлемім көптен сусап жүруші еді. Бүгін шөлім әбден қанғандай болдым.
Зейнеп апаның (Ахметова) кездесуінен "семіріп" қайттым.
"Алдыңда қазулы көр тұрса да, шындықты айтудан жалтарма" дейтін батыр Бауыржан Момышұлы келінінің мақтауын қалай асырса да жарасар еді, бірақ қайнатасы секілді ол да мақтау сүймейтінін байқатып: "Мақтауды көп естіген адам шындықты жоғалтып алады" деді.
Рас-ау, шындық тұрмақ өзін де жоғалтып алған адамды көрдік емес пе?.. Сонда сол адамға: "Қатарыңнан ассаң да, халықтан аспайсың" деп, оның жанындағыларға: "Жақсының жақсылығын айт, бірақ жағымпазданба" деп айтатын бір Бауыржан табылмай-ақ кетті-ау, шіркін!
Ұлтқа қызмет етудің өлшемдері мен жауапкершілігінің анықтамасын Момышұлы бірақ ауыз сөзбен жеткізген екен.
"Ұлтқа қызмет ету деген ең алдымен ана тілін көзінің қарашығындай сақтау" депті.
Көрмегенге көсеу таң деп, тәуелсіздіктің бастауындағы шартараптан ағылған түрлі ағымдарға еліктеп, біріміз Батысқа, енді біріміз Шығысқа ауып, өз салт-дәстүрімізді ұмыт қалдырдық.
Батыс жалаңаштады, Шығыс тұмшалады. Құдайға сену деген, мұсылман болу деген осы екен деп, теріс ағымдардың жетегінде кеткендер көп болды.
Қазақ - туғаннан мұсылман, ол арабтар келмей тұрып-ақ, "Құдайсыз қурай сынбайды" дегенді айтып қойған. Қазақтың мұсылмандығы өзгеше. Қалай болғанда да ұлт діннен жоғары тұрады. Өйткені адам шыр етіп жерге түскенде белгілі бір ұлттың өкілі болып туады. Одан кейін барып оған мұсылмандық келеді.
"Адамға табынба, жаманға жалынба" деген сөзді айтқан да бір Құдайды мойындаған қазақ. Ол еш уақытта арабтар құсап қара тасқа табынбаған.
Зейнеп апаның әр сөзі, інжу-маржандай тізіліп, мағыналы ойлары кезекпен құйылып жатты. Салт-дәстүр, ырым-тиымдар турасында да тың ойлар айтты. Қазақтың әр әрекетінің астары толы философия деп кім ойлаған. Мәселен баланың тұсауын кесуге арналып ақ пен қара түстен өрілген жіптің мәні неде деп ойлайсыз? Бұл Құдай ғана жалғыз, қалғанының бәрі жұптан құралады дегенді білдіреді: ақ пен қара, ер мен әйел, үлкен мен кіші, ұзын мен қысқа, т.с.с. болып кете береді.
Қазақ ер баланың тұсауын таяғына сүйеніп зорға жүрген шалға емес, тепсе темір үзетін жігіт ағасына, қыз баланың тұсауын етегіне сүрініп тәлтіректеген кемпірге емес, қол-аяғы балғадай, қайраты тасыған жас келіншектерге кестірген екен. Жолы ашылмаған деп, отбасын құрмаған жастарға кестірмегенін де Зейнеп апаның аузынан естідік.
Қазақтың қыздары тұрмысқа шыққанға дейін орамал салмаған. Тақия, бөрік, қасаба, сораба т.с.с. баскиім киген. Қос бұрымына таққан шашбау, шаштеңге, үзбе сыңғыры қыздың жүрісінің өзін әдемі, әуезді, назды етіп көрсету үшін, қос бұрымындағы күміс шашбаудың салмағы төмен тартып, балғын мүсіннің жіптей түзу болып қалыптасуы үшін тағылған.
Осы кереметтің бәрін бүгінде көп қыздар, өкінішке қарай, байы өлген қатындар құсап, қап-қара орамаға көміп жіберген.
Мұсылман болу үшін араб болудың керегі жоқ, қазақ болып қалса жеткілікті.
Жалғыз болып қалады деп ырымдап, қазақ қыздың шашын ешқашан жалғыз бұрым қылып өрмеген екен, қос бұрым етіп немесе 12 тал етіп өрген.
Залдан бір адам Зейнеп апаға ер мен әйелдің теңдігі жайлы не ойлайсыз деген сауал жолдады.
"Тіршілікте теңдік жоқ, адам өлгенде ғана теңеледі", еркектің қазаншы, әйелдің базаршы болғаны жақсы ырым емес, әркім табиғатынан берілген өз орнын білуі керек деген жауап айтылды. Ақыры тең екен, онда бір баланы әйелі, бір баланы еріне ту деп айтып көрейік! Теңесе ала ма?
Ер мен әйел теңеспек болған жерде дүниенің шырқы бұзылады. Ара да, жылан да гүл жалайды. Бірақ бірі бал, бірі у шығарады.
Шалбар кию деген осы екен деп, алды кебежедей, арты тегенедей болып, ұңғыл-шұңғылының бәрі бұлтиып кетіп бара жатқан әйел заты өзін өзі әшкерелейтінін ойламайды-ау! Шалбарды да киетін жері бар және ол жарасатындарға ғана жарасады. Ал тырыстырып кию денсаулыққа өте зиян.
Келін мен ене арасындағы қарым-қатынасқа байланысты да қызық ойлар айтылды. Келін де тұлға, өзінше бір әлем. Ене сол әлемге ие бола алмаса, кім болғаны? Тұлға болып қалыптасқан жанды тәрбиелегісі келсе, ененің үйретіп әуре болмағаны абзал, қандай болуды өзі көрсетсін.
Зейнеп апа 9 ұлдың ішіндегі жалғыз қыз болған екен.
Апамыз осы күнге дейін жазушылар Одағына сәлем салып кіреді. Атасы осылай аманаттап кетіпті.
Шайқалса да құлауы қиын қазақ деген тағдырлы халықтың батыры Бауыржан Момышұлы:
"Өлгеннен кейін де тірілердің ішінде жүрем" деген екен. Зейнеп апаның бүгінгі кездесуінен шынымен де ол кісінің дәп осы театр залының қақ төрінде қасқиып тұрып, қалың көпшілікпен бірге отырғандай әсер алдық" деп жазды ол.

 

Пікірлер