Ортақ валюта - тәуелсіздіктен айырылу!

2235
Adyrna.kz Telegram

Белорусия басшысы Лукашенко Ресеймен ортақ валютаға қарсы емес екенін айтты. Бұл мәлімдеме белорустықтарды ғана емес, қазақстандықтарды да дүрліктірді. Ресейдің империялық амбициясы белгілі. Кешегі  Кеңес Одағын қалпына келтіргісі келетін Путиннің пиғылы бұрыннан аян. Лукашенконың  осы сөзінен кейін саясаттанушы Досым Сәтпаев өз пікірін білдірді. Интернет бетіндегі қазақша аударылған Сәтпаевтың жазбасы көп нәрседен хабардар етіп тұрғандай.

Досым Сәтпаев, саясаттанушы:

–Мәселеге басқа көзқараспен қарасақ, Мәскеу "Батьканы" жаншып тастаған сияқты. Сөйтіп, оны тақтан тайдырып, орнына ресейшіл әлдебіреуді алмастыру оңай болады дегенді астарлап айтты-ау. Әлбетте, ақшалай "майшелпек" беруге де уәде берді. Олай болмаса, "Батька" кері жүріс жасауы мүмкін ғой. Бірақ бұл тақырыпты  Кремльдің өзі көтеріп отырғанын оның жүзінен-ақ байқауға болады. Бәрібір ол тыным таба алар емес.

Бірыңғай ортақ валюта туралы әңгіменің жалпақ жұртқа жария етіліп жатқаны бірінші рет емес. Келесі кезеңде менің ойымша, ЕАЭО-ның өзге қатысушыларына қысым жасау басталады. Еңбек миграциясы тұрғысынан қарағанда, тікелей Ресейге бағынышты Қырғызстан, Тәжікстан мен Армения анағұрлым қиын жағдайда қалады. Қазақстанға да қысым көрсетіле бастайды.

Егер ЕАЭО белсенді түрде эмиссиондық орталығы бар шағын СССР-ға ауысатын болса, бұл біздің егемендігімізге және ұлттық қауіпсіздігімізге ашық қауіп-қатер төнеді деген сөз. Одан әрі жағдай ушығады. Сыртқы саясатта Мәскеуден келісім алу, бірыңғай қорғаныс кеңістігін қалыптастыру, ортақ ақпараттық алаң, қос азаматтық және т.б.

Айтпақшы, осы аталған баптың бірнешеуі бұдан бұрын да ЕАЭО-ны құру жобасының бірінші нұсқасында болған.

Кремль  ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір күні болатын Қазақстандағы биліктің ауысуына дайындалып жатыр немесе дәл қазір істі асықтыруы ықтимал. Өйткені, дәл қазір еліміздің басында ЕАЭО-ның қолдаушысы отыр. Нақты айтқанда олар биліктегі өзінің "бесінші колоннасын" белсенді түрде қалыптастырып әрі қолдау арқылы Қазақстанның ішкі саясатына араласа бастайды...

Қазақстанға ортақ валюта енгізіле ме? Біз осы сауалдың жауабын іздеп, танымал саясаткерлердің пікірін білдік.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

Лукашенконың Ресеймен ортақ валютаға қарсы емес екенін оқыдым. Белорусия Ресейге толық тәуелді мемлекет. Экономикалық жағынан Ресейден қаржылай көмек алып отыр. Путин Лукашенкоға мұнай беріп отыр. Еуропаға шығатын мұнай мен газ да Белорусия арқылы өтеді. Бұл шамамен жылына 4-5 миллиард доллар болады. Белорустар қаржылай қолдауды Ресейден көргеннен кейін, толықтай экономикалық тәуелді деуге болады. Саяси жағынан да ЕуроОдақ пен АҚШтың санкцияларына іліккен, авторитарлы, тұйық ел.

Ал, Қазақстан жайлы олай деп айта алмаймыз. Біз экономикалық жағынан ондай тәуелді емеспіз. Бірақ, саяси жағынан тәуелділік бар. 2010 жылдан бастап Президент те арасында ортақ  валюта туралы айтып қалды. Ресейдің ортақ валюта дегені ешқандай да ортақ емес. Ол дегеніміз Ресейге тәуелді болу. Кедендік Одақ, Еуразиялық Одақ дегеннің бәрі Ресейдің мүддесі үшін құрылған. Қазір Ресей  бұрынғы Кеңес Одағын қалпына келтіріп, "орыс әлемінің" шекарасын кеңітпек. Бұған біздегі бір бүйрегі Ресейге бұрып тұратын  бесінші колонна дейміз бе, орыстілді қауымның да аз еместігін қосып қойыңыз. Бірақ, бұл жайлы былтыр бұрынғы ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ешқандай да ортақ ваалюта болмайтынын мәлімдеген еді.

Біз ортақ валютаға келісетін болсақ, қоғамның наразылығы өте қатты болады. Кезінде халықпен келіспей, Кедендік Одақ, Еуразиялық Одаққа қол қойғандай ортақ валютаға да қол қоятын болса, менің өзім наразылығымды білдіріп, алаңға шығуға дайынмын. Ортақ валюта тәуелсіздіктен айырылу.

Әміржан Қосанов, саясаткер:

«Ортақ валюта – ортақ тірлік пен ортақ болашақ. Болашағы бұлдыр елдермен ортақ валютаға көшу – болашақтың тамырына балта шабу!»

Ұлттық валютаның экономикалық және саяси маңызы бар. Әрине, Еуроодақ секілді құрылымда немісің мен французың, италиялығың мен испаның ұлттық валюталарынан бас тартып, ортақ еуроға көшті. Бірақ, олар ол шешімге дейін өз экономикаларының ортақ параметрлерін бір дәрежеге жеткізіп, өздеріне белгілі бір міндеттемелер алды. Олардың экономикалары бір қалыптас.

Мәселен, бюджет дефицитінің баршаға ортақ деңгейі бар, одан асқан мемлекетке айыптар мен санкциялар салынады. Саяси маңызы валютаны ортақтандырып жатқан басқа мемлекеттердің қаржылық жағдайы мен геосаяси бағытына байланысты. Ресей экономикасының бүгінгі болмысы бесенеден белгілі: тек қана мұнай мен газ сатуға негізделген шикізаттық әрі олигархтық экономика. Беларусь болса, кешегі «қызыл директордың» диктатынан құтыла алмай келеді!

 Ортақ валюта – ортақ тірлік пен ортақ болашақ. Болашағы бұлдыр елдермен ортақ валютаға көшу – болашақтың тамырына балта шабу! Сондықтан да Ресей мен Беларусьпен бір валюталық арбаға мінгесудің керегі жоқ!

Осы жағдайда көп нәрсе Қазақстан билігіне тікелей байланысты. Прокремльшіл күштер мына түрімен ортақ валюта туралы шешімді қабылдап жіберуіның қаупі жоқ емес. Мәселен, Кремль болашақ астаналық мұрагердің ішкі және сыртқы кепілі боламын деп уәде беріп жатса. Бірақ, өз басым ондай сценарийге сенбеймін. Қазақстанда ел Тәуелсіздігін басты мұрат еткен ұлтшыл күштер күш алып келеді. Сондықтан да соны ескеріп біздің билік ондай қадамға барады деп ойлаймын!

Айдос Сарым, саясаттанушы:

Менің ойымша, Ресеймен ортақ валюта енгізуге еш негіз жоқ. Оған халық та, экономикада әзір емес, оның еш қажеті де жоқ. Ұлттық валюта - мемлекеттік нышан, мемлекеттіктің, егемендіктің басты құралы мен көрсеткіші.

Жақсы болсын, жаман болсын, күшті болсын, әлсіз болсын, теңгемізден артық ештеңе жоқ! Олай болса оны қорғау, ортақ валюта дегенге атымен қарсы тұру - әр азаматтың парызы. Әрине Ресей қазір Белоруссиядан кейін қазақты да қыспаққа алады. Оның бағыты жақсы көрініп тұр.

Бірақ ел,  ұлт болып төтеп беруден басқа жолымыз жоқ. Шындап келсе біздер қоғам болып биліктен Қазақстанда шетел базаларын болдырмау, ұлттық валютамыз - теңге деген сияқты баптарды Конституцияға енгізу туралы талап қоюымыз қажет. Бұл да бір қорғаныс жолы болсын.

Оңғар Қабден

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер