Жастар ұлттың әдебиетін оқымайтыны рас па...

2279
Adyrna.kz Telegram
Жастар әдебиетті оқымайды деп сөгесіздер-ау. Қазіргі уақытта жастар тек шетелдің дүние байлықты қалай табу керек, өзіңді кәсіп жасауға қалай дағдыландыру керек, күнделікті жоспарды қалай жасап үйрену керек, т.с.с мотивациялық кітаптарын көп қарай бастапты. Бір жағынан бұл да дұрыс шығар. Кеше 1-ші арнада байқап қалғаным да осы еді. Бұл дүниәуи тірлік деп қоя салатын шығармыз. Мұндай дүниелерді көп қараған жастардың біздің әдебиетке қаншалықты көңіл бөлетіні де белгілі. Себебі, ақша табудың жолы, қаржылық тәуелсіздік дәл қазіргі уақытта бәрінен де маңызды болып алға шығып кетті. Бірақ, қазіргі қоғамның санасын тұрмыс билеп, күнкөріс қамы қиындаған уақытта біздің жастардың да өздігінен жол тауып, әлеуметтік және қаржылық жағынан тәуелсіз жолға түсуі үшін шетелдік авторлардың мотивациялық (қаржылық тәуелсіздік, комфортты өмір жайында) кітаптарын оқуы заңдылық. Біз тұрмыс билеп, тұралап тұрған ұлтпыз. Соның салдарынан ұлттық құндылықтарымыздың қаншалықты құнды екенін де сезінбей кеттік. Өзіміздің әдеби құндылықтарымыз ескерілмей, күнкөрісі қиындап, жұмыссыздық белең алған уақытта жастар өзіміздің ұлттың әдебиетін қарамайды деп айту рухани құлдыраған дәуірде қаншалықты орынды болмақ? Солай болатыны да заңдылық. Оның жауабын өзіңіз де іштей сезіп, біліп отырған боларсыз... Қандай да болсын қоғамда материалдық құндылықтар рухани құндылықтардан ілгерілеп шықса, сол қоғамда рухани дағдарыстың ең қатерлі түрі болады. Ал, біздің қоғамда рухани да, материалдық та дағдарыс қоғамның қос қанаты секілді жол тартып келе жатыр.

Жастарды әдебиетке тарту үшін бізге мызғымас ұлттық идеология мен жеткілікті деңгейде әлеуметтік қамтамасыз ету де керек дүр. Ал, өркениетті елдерде бұл жағдайлардың барлығы да дерлік қолға алынған. Әйтпесе, айлығы шайлығына жетпей, пәтер жағалып жүрген жастардың әлеуметтік жетіспеушіліктен көңілдері тоқырап, пәтер жағалап жүргенде, олардың ұлттың әдебиетіне ықыласы да қандай болатынын болжау қиын емес. Олардың ішінде біздің студент жастарымыз да жетерлік. Пәтер жалдап, жұмыс таппай жүрген жастардың саны қаншама екен? Мен білмеймін, бірақ тым көп екенін анық білемін. Оның барлығын біз әдебиетті оқуға тарта алмаймыз. Бірақ ұлттың әдебиетінің қайнар бұлақтары біздің кітапқұмар саналы жастарымыздың санасына құйылса, бұл біз үшін көктен іздегеніміз жерден табылғаны. Ал, оны жасайтын идеология қайда? Қаржылық көмек қайда? Өзіміздің ана тілімізді мемлекеттің биік мінберлерінде сөйлете алмай, ширек ғасырдан астам уақыттан бері әлі ұлардай шулап келеміз. Қайдан енді нәтиже? Біз тек салдармен ғана күресетін ұлтқа айналып кеттік. Себептің қайда жатқанын елемегеннен соң осындай рухани дағдарысқа ұшырап отырмыз. Неге біз түпкі себебін біліп, алдын ала алмай отырмыз? Тіпті бұл жағдай бізге үйреншікті болып қалды. Біраз бұрын да елге белгілі ақсақал ұлттың әдебиетін тірілтпей, біздің рухани жаңғыруымыз да, ұрандатқанымыз да бекер деген болатын. Біз бұлай рухани жаңғырмай*ақ қойдық... Сол сияқты, ұлттық әдебиетті тірілту де шешілмеген қоғамдық-әлеуметтік мәселелермен тығыз байланысты екенін ұмытпайық... Қарныңда бір нәрсе болмаса, миыңда не болмақ...

Бекболат Қаржан

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер