Дәулеткерейді жұмыстан кетіру туралы ешқандай бұйрық шыққан жоқ – Мереке Құлкенов

1559
Adyrna.kz Telegram

Әлеуметтік желі бетінде «Жазушылар одағының Астана қаласы филалы таратылып, оның басшысы Дәулеткерей Кәпұлы қызметтен алынады» деген постар жиі тарады. Содан бері 3 күн өткенде Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов Дәулеткерейді орнынан алу туралы әңгіме болмағанын енді айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Жас Алаш” газетіне берген сұхбатында Мереке Құлкенов Дәулеткерей Кәпұлының қызметінен алу туралы ақпарат жалған екенін айтады.

«Дәулеткерейді орнынан алу туралы әңгіме болған жоқ. Бұл өтірік әңгіме. Дәулеткерей жұмысын істеп отыр. Оны жұмыстан кетіру туралы ешқандай бұйрық шыққан жоқ. Енді хат туралы айтайын. Д.Әбдікұлы, Қ.Салғараұлы, Қ.Жиенбай, С.Әбдірахманов қатарлы қаламгерлер бір хат жазып қол қойыпты, бірақ ол хат еш жерде жарияланған жоқ, менің қолымда. Осы хатта одақтың тұтастығын сақтауымыз керек деген ғана ой айтылған. Осыған дейін біреулер бықсып, «Астанадан бір Жазушылар одағын ашсақ» деп әлеуметтік желілерде жазба жазған болатын. Әрине, мұндай пікірді олар тікелей айтпаса да, жазба астында біреулерге сондай пікір жаздырып отырғаны байқалады”, дейді Мереке Құлкенов.

Сондай-ақ, облыстық филиалдарды жабу туралы сыбысқа да жауап берді.

«Облыстық филиалдарды жауып, оның орнын өкілдікке ауыстыру туралы да айтылып жатыр. Мұны да түсіндіре кетейін. Осыған дейін өңірлерде одақтың филиалдары болды. Олар одақтың атынан құзыретті орындарға «мынаны істеп бер» деп хат жазатын. Сөйтеді де, олар барлық қаржыны өздерінің жеке ЖК-сына аудартып алады. Мен одақ басшылығына келгелі филиалдардан одаққа бір тиын ақша түскен жоқ. Негізі филиалдар жергілікті жерде біздің жағдайымызды жасау керек қой, бірақ олай болмай тұр. Сондықтан мен оны өкілетті қылып, жұмыстар одақтың шешімімен жасалса деген ой болатын. Қазір қайтадан ойланып отырмыз, мүмкін басқаша жасайтын шығармыз. Негізі филиал да, өкілдік те одақ үшін, одақтың абыройы үшін, одақтың қаржысын көбейту үшін жұмыс жасау керек. Әйтпесе, оны неге құрдық.

«Филиалды жабуды одақ төрағасы шеше алмайды, ол үшін съезд өтуі керек» деп айтылып жатыр. Жарғының 2, 7, 4-тармағы негізінде филиалдарды құру туралы шешім съездің құзырында деген сөз бар. Сонымен қатар Жарғының 6-тармағына сәйкес қажетіне қарай Жазушылар одағы өкілдіктерін, аумақтық бөлімшелерін құруға құқылы деген де сөз бар. Көрдіңіз бе, былай да, былай да келіп тұр. Осыған дейін Жарғыдағы жазылымға сәйкес ешқашан съезде филиал құру жөнінде шешім шықпаған», – деді М.Құлкенов.

Пікірлер