Есімдер мақал-мәтелдерде

3581
Adyrna.kz Telegram

Қазақ халқының бүкіл тұрмыс-тіршілігі мақал -мәтелдерде көрініс тапқан. Оның ішінде адам есімдері аталатын мақал-мәтелдер баршылық. Бұндай мақал-мәтелдердің кейбіреулерінің қалай пайда болғаны туралы халық есінде түрлі аңыз-әңгімелер сақталған. Солардың бірі Есім хан туралы: «Еліне жақындағанда естіді, Тұрсын хан мұны алдап, қаңғытып жіберіп, Түркістанды шауып, талап, олжалап алып қойғанын. Мұны естіген соң, Есім жынданды дейді. Қасындағы жолдастарын өлтіре жаздапты. Байлап қояйық дегенде, қырқын жерге домалатып, бықпырт тигендей қылыпты. Біраздан соң, сылқ құлай кетті. Әрі бері жатып, басын көтеріп алып:

– Маған не болды? – дейді.

– Сіз жындандыңыз, – десіпті.

– Онда мені неге байлап қоймадыңдар? – депті.

– Әліміз жетпеді, – десіпті.

– Осы отырған бәрің жабылдыңдар ма?

– Жабылдық.

– Шамаларың келмеді ме?

– Келмеді.

– Бір кісі жынданса, қырық кісінің әлі келмепті. Осы отырған қырық кісі

жынданса – дүние толы жанның шамасы келе ме? Кел, бәріміз көтеріле жынданайық та осы бетімізбен Тәшкентке кірелік! – депті. Лап қоя шауып, Тәшкентке кіріп, көзіне көрінгенді қырып, хан Тұрсынды өлтіріпті...

Қатағанның хан Тұрсын,

Қай арамды ант ұрсын, –

деген мақал сонан былай жұрт аузында қалды деседі...» Бұл дерек тарихшы Ж.Артықбаевтың «Материалы к истории правящего дома казахов» атты кітабында келтірілген.

Құрбанғали Халидтің қазақ тарихы кеңінен баяндалған «Бес тарих" атты еңбегінде  адам есіміне байланысты деректер аз емес. Осы сүбелі еңбектің 94 және 233 беттерінде былай деп жазылған: «Майқы би Шыңғыс ханның атасы Жасубаймен бір тума, яғни Жасубай мен Майқы би Байсұңқардан туған. Майқы би өте шешен, үлгілі кісі болыпты. «Түгел сөздің түбірі бір, түп атасы Майқы би» деген сөз осы кісіге арналған болып қазақта кең тараған».

«Орта жүздің өзінен, яки баласынан Найман туған. Найманның баласы Өкіреш, бағзылар Өкіреш лақабы дейді, оған мынадай мәтел де айтады:

Өкіреш аты Найман-ды,

Қартайғанда қыз құшып,

Өкіреш атын алған-ды».

Белгілі әдебиетші ғалым Нысанбек Төреқұл «Қанатты сөздер» кітабында «Жақ тартушы көп еді, жаласы Абылайда қалды», «Жауды қара қашырды, батыр атақ Барақта қалды» сынды басқа да сөздерді келтірген. Солардың бірі Абылай хан туралы аңызға байланысты сөздің пайда болу оқиғасы өте қызық: «Жас кезінде Сабалақ атанған Абылай қожасының түйесін бағып, кешке таман балалармен бірге әскери ойындарды ойнайды екен. Абылай бастаған балалар екіге бөлініп алып сай-жыраларға бекініп, бірін-бірі «барлап», «шолып», «айқасқа» шығатын көрінеді. Бір күні түсте түйе шаңдақта жатқан кезде Абылай бір топ балаларға бас болып, өзеннің арғы жағалауындағы қарайған белгіні садақпен көздеп атысып жатса, абайсызда біреуінің жебесі сол маңайда ойнап жүрген кішкентай балаға тиіп кетіп, жазым болады. Жас баланың шешесі ойбайын сала жүгіреді. Ауыл адамдары жиналып қалады. Баланың шешесі садақ тартқан көп балада жұмысы болмастан Абылайды келіп ұстап:

– Баламды атқан сенсің, сенің жебең тиді! – дейді. Жиналған жұрт ішінен бірі:

– Осылардың бәрін садақ тартқызып, қылыш қағыстырып жүрген сенсің!, – десе, тағы бірі:

– Сен келгелі бері балалардың бәрі жаугершілік ойын ойнайтын болды! – дейді.

– «Бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан», бұған тек Абылай кінәлі, – деседі енді бірі. Кейін балаға Абылайдың емес, басқа баланың жебесі тигені ашылады. Соны есіткен жұрт «Жақ тартушы көп еді, жаласы Абылайда қалды» деп кетеді».

Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман – Мамыр» жырында мынадай шумақ бар:

Көкенай тағы көнбей жатып алды,

Бітім болмай неше күн жұрт сандалды.

«Қалқаман мен Мамырдың дауындай» деп.

Мұхтар Әуезұлы 1927-1933 жылдар аралығында жазған Абай өмірінің алғашқы нұсқасында: «Өскембай елдің «адал болады» деген дәмесін ақтаған би болды деседі. Ескіден қалған көп аузындағы дақбыртқа қарағанда: «Ісің адал болса Өскембайға бар, арам болса, Ералыға бар», – деп көрсеткен.

Осындай бір сөздің шығу тарихын этнографтар Жағда Бабалықұлы мен Абдолла Тұрдыбаев бірігіп жазған «Саят» кітабында әңгімеленеді: «Сондай-ақ ұлы жүздің жалайыр руынан шыққан Шора деген адамның құсбегілік даңқы бүкіл қазаққа жайылыпты. Жұрттың айтуына қарағанда, Жалайыр Шора құс атаулының «тілін біліпті». Қырандардың мекені мен шабытты өрісін, қайда қонақтап, қайда ұялайтынын, неге шабыттап нені алатынын білген. Тіпті ұшып өткен құстың жасын, оның қыран не қыран емес екенін айыра біледі екен. Шораның өзі ғана емес, оның балалары да дарынды құсбегі болғандығы туралы ел арасында аңыз-әңгімелер көп.

Ел аузында: «Ұша  берсем қанатым талады, жерге қонайын десем жалайыр Шора алады» – деп бүкіл қыран біткен зар жылайды екен деген аңыздар да бар».

Қазақ халқының мақал-мәтелдері арасында есімге байланыстылар өзіндік орын алады.

Бердалы ОСПАН.

"АДЫРНА" ұлттық порталы.

Пікірлер