Ұлытауға адал азамат...

10174
Adyrna.kz Telegram

Еліне, туған жеріне, суына, ауасына, топырағына, бәріне адал туар азаматтар кемде - кем. Бірақ, тумысында Алланың бойына ерекше қасиет беріп жаратқан адамдары болады. Сол қасиетін өз бойына ғана емес, туған жеріне адал жаратып, үлкен пайдасын тигізіп жүрген азаматтың бірі, әлем азаматы – Бақтияр Қожахметов, - деп білемін. Ол кісінің атын студент шағымызда жақсы естіп өстік. Сонда да, шынымен Отанын, нақтырақ айтсақ, туған жерін соншалықты сүйетіндігін, біздің «Ұлытау» қорық-мұражайына қызметке келгеннен бастап, жақынырақ біле бастадық.

Ұлытау мұражайында 2009 жылдан бастап, алғашқыда директор орынбасары, кейін 2021 жылдың жартысына дейін директорлық қызметін атқарды. Осы аз ғана уақыт ішінде мұражай қызметкерлеріне қол жетпес білім, тәжірибе үйретті. Қысқасы, әріптестері ұстазынан білім алып жүрген шәкірттер,- десем, артық болмас. Әрине, ол кісіден үйренеріміз әлі де көп, дегенмен, өзінің көздеген мақсатына жетпей тынбайтын Бәкең, біздің бойымызға сол қасиетті сіңіре білді.

Ол  кісі көптеген мықты шәкірттер өсіріп шығарды. Шәкірттерінің бойында ерекше қасиеті, қабілеті барын білсе, оның әріқарай ашылуына, өсуіне ықпалын тигізіп, қолдау жасап, аянбай тер төкті. «Ұстаздан шәкірт озады» - демекші, шәкірттері қазір Мәдениет және спорт министрлігінде, ЮНЕСКО, National Geographic, «Нұр Отан» ХДП, музей директоры және т.с.с жоғары лауазымды қызметтерде еңбек етіп жүр. Шыны керек, алғашында бұл кісіні қиялға берілген арманшыл кейіпкер, - деп ойлаушы едік, бірақ сол қиялы мен арманын ойлаған күннен бастап-ақ іске асырып, бізді біраз таңқалдырды.

1991 жылы түйе керуенімен Ұлы Жібек Жолының бойымен жүріп өткен «Отырар-Ұлытау» және 1999-2005 жылдардағы Ұлы Еуразия даласымен Мажарстанға дейінгі «Алтай-Дунай» экспедициялары, біз үшін әшейін түс пен қиял сияқты көрінеді. Осы үлкен екі экспедициясында да басқасын айтпағанда, басты мақсат – Ұлытауды дүниежүзіне таныту. Бәкең осы мақсатпен қорық-мұражайда бес жылда алты бағытқа бағытталған «Ұлылыққа тағзым» экспедициясын құрып, қызметкерлеріне үлкен мүмкіндік жасады. 2010 жылы алғашқы бағытты «Ұлытау - Отырар» - деп атап, қызметкерлерін көлікпен ел болып, дәстурлі түрде шығарып салды. Сол жылы күзде Ресейдегі «Челябинск-Арқайым», 2011 жылы - «Тараз –Жетісу», біз (музей қызметкерлері) 2012 жылы – «Шығыс Қазақстан», 2013 жылы – «Батыс Қазақстан – Бекет ата» және 2014 жылы – Ресейдегі «Омбы» бағыттарымен: Қызылорда, Сығанақ, Сауран, Түркістан, Отырар, Челябинск, Арқайым, Шу, Шығанақ, Мойынқұм, Саудакент, Тараз, Шымкент, Ордабасы, Семей, Өскемен , Алматы, Торғай, Ақтөбе, Орал, Сарайшық, Атырау, Ақтау, Бекет ата, Жаңаөзен, Арал, Қарағанды, Астана, Павлодар, Омбы және т.б. жерлерді жүріп өтті.

Экспедиция мүшелері іс-сапары барысында Ұлытау тарихы жайлы жылжымалы фотокөрмелер өткізіп, ақпарат-құралдарына тарихи мақалалар  таратып және телеарналарға сұхбаттар беру арқылы насихат жүргізіп, барған жерлеріне Ұлытауды  танытты. Сонымен қатар, дамыған туризм орталықтарымен, тарихи орындармен, мұражайлық әріптестерімен танысып, іс-тәжірибе алмасып, жәдігерлер жинақтап, көптеген игілікті істер тындырды. Ең қызығы, бұл экспедицияның ерекшелігі – қаншама шақырым жерді, тасты, шөлді даланың қиыншылығына төзіп, қарапайым УАЗ- автокөлігімен жүріп өтуі. Себебі, біз бұл төзімділік қасиетті сол басшымыздан үйрендік емес пе...

Ал, 2015 жылы бес жылға жоспарлаған ірі «Ұлы Еуразия» бағдарламасы аясында, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, «Ерлікке тағзым» экспедициясын ұйымдастырып, мұражай көлігімен қызметкерлерін алып,  Ұлытаудан Арқалық, Қостанай қалалары арқылы, Челябі, Уфа, Қазан, Мәскеу қалаларын басып, Ұлы Новгород облысы Демян ауданы Лычково ауылына іс-сапар жасап қайтты. Сонау алыс сапарды ұйымдастыруының мақсаты, Ұлы Отан соғысында отан үшін от кешіп, майданда қаза болып, белгісіз кеткен ұлытаулық жерлес жауынгерлердің қаза тапқан жерлерін анықтап, туған жерінен арнайы ескерткіш тас қою болды. Ұлытаудан төрт мың шақырым жерге қарапайым көлікпен барған  бұл іссапарды шынымен үлкен ерлікке бағалау артық болмас...

Айта кететін жай, ресей шекарасына өткелі тұрғанымызда, кеден қызметкері көлігімізге қарап,: «Зачем вы едете в Россию?» - деген сұрағына Бәкең: «На парад участвовать» - деп қалжыңдап еді, әлгі кеденші басын шайқап: «А, по солиднее машины не было?» - демесі барма. Сонда ойланбастан өзіне және көлігіне сенген басшымыз: «Нет, машина наша никогда нас не подводила» - деп салмақты жауап берді. Себебі, ол кісі бір жағынан әруақтардың қолдайтынына сенсе, екінші жағынан қай істі атқарса да шын ниетімен атқарылған іс еш кедергісіз өз жемісін береді, - деп сенеді.

Іс-сапар барысында Мәскеулік жауынгер ұрпағы, қария Нина Максимқызы Бақтияр ағамыздың осындай игі істі ұйымдастыруына, жауаптылығына таңқалып, «Вы, великие молодцы!» - деп, алғысы мен ризашылығын білдіргеніне куә болдым. Сонымен қатар, ол кісінің бастамасымен, осы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, «Ұлытау» қорық-мұражайы тағы бір үлкен игі іс атқарды. Ол «Өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші, соғыстан аман-есен ауылға оралып, кейін қайтыс болған аталарымыздың зираттарына бір үлгімен «Ұлы Отан соғысының ардагері» - деген жазуы бар тас белгі орнату болды. Бұл іс арқылы кейінгі ұрпаққа Ұлы Жеңісті алып беріп, бейбітшілік силаған аталарымыздың әруағы разы болсын дегені шығар.

Бақтияр Сапарбекұлы өз қызметкерлерін  еліміздің басқа аймақтарында, сондай-ақ, Қырғызстан, Ресей, Грузия  мемлекеттерінде өткен халықаралық семинар-конференцияларға жіберіп,  білім-тәжірибелерін жетілдірді. Мұражай археологтарына Ресейлік және Ә.Марғұлан атындағы Алматы археология институты мамандарымен бірлесіп, Талдысай кен орны тұрағы, Басқамыр, Тоқтауыл тұрағы, Айбас дарасы және т.б.тарихи орындарға зерттеу жұмыстарын жүргізуді ұйымдастырып отырды.

Ал, архитектура бөлімінің(бұрынғы атауы) қызметкерлеріне сәулет өнері ескерткіштерін қайта жаңғыртуды үйрену үшін, Қызылордадағы Сығанақ ортағасырлық қаласының медресе-мешітінің, Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешітінің жаңғырту жұмыстарына және Түркістандағы реставрациялық орталықтан кірпіш күйдіру әдісін үйренуге іс-сапарға жіберіп тәжірибе алуға қолдау жасады. Нәтижесінде: Сауқым мазары, Қонысбай мешіті және Жошыхан кешені ескерткіштеріне қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, 2011 жылы мұражай жанынан қайта жаңғырту ұстаханасын ашып, онда ескеркіштерге арналған темір қоршау шарбақтары және қорғау тақталары жасалынып, Келінтам, Талмас ата, Шотқара, Басқамыр, Хан аралы, Аяққамыр ескерткіштеріне абаттандыру жұмыстары жүргізілді.  Ол кісі Ұлытауға келгелі бері Әулиетау мен Ембұлақты аузынан тастамайды. Астанада қызметі, Қарағандыда үйі бола тұра, бәрін тастап, жерұйықты іздеп, дала кезген Асанқайғы бабамыз сияқты, қайтсем де Ұлытауыма қызмет етемін, - деп ауылға алғаш келгенінде Әулиетаудың етегі Ембұлақтың жағасына киіз үй тігіп, қысқа дейін отырғаны, көрген адамға біртүрлі оғаш көрінгені рас.

Үйім жоқ демей, керісінше Әулиетаудың қасиеті қолдап, сол жерге Тағзым үйін салуды ұйғарды. 2010 жылы оның шаруашылық кешені салуға демеушілер тартып,  құрылысын бастап та кетті. Сол жылы қазақстандық белгілі археолог, профессор В.Ф.Зайбертті арнайы шақыртып, Әулиетау етегіне кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізуді ұйымдастырды.

Бақтияр Сапарбекұлы Әулиетауды зерттеп, насихаттап, әлем тауларымен салыстырып, біраз шет елдерді аралап,  олардың тауларынан кем түспейтінін дәлелдеу үшін, сондай-ақ, әлемдік деңгейде екендігін анықтауға аянбады және оған көзі жетті десе де болады. Әулиетау мен Ембұлақты әлемге таныту мен насихатының арқасында, 2014 жылы ауылымызға ат басын тіреген елбасы Н.Назарбаев халыққа берген сұхбатында Әулиетауды ерекше атап өтті: «Өзінің тұрған жері – Қазақстанның кіндік ортасы. Мұнда тұрған тау – аумағы 200 шақырым қырат-қырат таулар. Ең биігі – Әулиеата деп аталады. 1100 метр. Одан ағып жатқан, мына біз маңында отырған бұлақ Әулиебұлақ деп аталады. Осының  бәрін ата-бабамыз бекер атамаған ғой.» - деп, атап өтті.

Ол кісінің сол іс-сапары мен берген сұхбаты еліміздің тарихи оқиғасына айналды. Бұл Ұлытаулықтар үшін, үлкен қуаныш емес пе... Арманшыл жанның үлкен армандарының бірі - Әулиетау етегінен үлкен дәстүрлі туристтік нышан салу болды. Өйткені қасиетті Ұлытауға келушілер, көруді армандайтындар өте көп. Туристтерді тарту үшін, ашық аспан астындағы: Алашахан, Жошыхан, Домбауыл және т.б. құнды тарихи ескерткіштеріміз баршылық. Бірақ, өкінішке орай, олардың шалғай орналасқандығы және жолының келушілерге қиындық туғызатыны бәрімізді де қынжылтады.

Ал, Әулиетауға келушілер саны жылдан жылға өсіп келеді. Сондықтан Бақтияр ағамыз армандаған құрылыстың салуына аянбай еңбек етті. 2016 жылы ҚР Премьер-Министрі, ҚҰГҚ қамқоршылық кеңесінің төрағасы К.Қ.Мәсімов Ұлытауға келіп, тарихи ескерткіштерді аралап, Әулиетау етегінде, киіз үйде, бірнеше министрлердің қатысуымен өткен мәжілісте қасиетті жерімізге туризмді дамытуға үлес қосу жөнінде үлкен мәселелер қаралды. Бұл мәжілісте Бақтияр Сапарбекұлы өз баяндамасында туристтік нышанды салу және Ұлттық табиғи парк ашу туралы ұсынысын жеткізді. Сол ұсыныстың нәтижесінде Ұлытау сапар-орталығы (2020 жыл) және Ұлттыұ табиғи парк (2021 жыл) ашылды.

Бәкеңнің және ол кісіні жақсы білетін азаматтардың айтуынша, бала кезінен арманы асқақ болып өскен екен. Сол арманын қалайда орындау үшін, бозбала шағынан көп ізденіп, бірте-бірте іске асырып келеді. Ол үлкен арманы  – туған жері Ұлытауға қызмет ету, сонымен қатар, көркейтуге, бар әлемге танытуға күш-жігерін, білімін жұмсау екен. Бақтияр Сапарбекұлы өзінің туып өскен ауылдары Шеңбер мен Терісаққанды да жадынан тыс қалдырған емес.

2006 жылы Терісаққан ауылында өз қаражатынан және ауыл тұрғындарының үлесімен мешіт салдырды. Мешіт құрылысының ерекшелігі – күмбезі кварц тасымен қапталып, қабырғасы иран кірпіштерімен өрілген, ал, атауы латынша әріптермен жазылған. Бұл құрылысты салған, әріптесіміз Қотырашов Сәрсенбай аға оң қолынан өнер тамған, алтын қолды азамат. Бақтияр ағамыз туған жері Шеңберге жыл сайын 9 мамыр Ұлы Жеңіс мерекесінде арнайы өткізілетін ұлттық «Атжарыс» ойынын тамашалап, фото-бейне камераға түсіріп, баспасөз ақпарат-құралдарына жариялап отырады. 2021 жылы 4 сериалды бейне фильмнің 1 сериясын түсіріп ютуб арқылы көрермендерге ұсынды. «Тарихы терең Қорғасын» (автор Б. Шайгозова)  атты кітаптың жарық көруіне себепші болды.

Ал, Терісаққанда 2012-2016 жылдар аралығында кезең-кезеңімен «Терісаққан көктемі» - атауымен этнофестиваль өткізуді ұйымдастырды. Терісаққан - Ұлытау орталығынан 130 км жерде алыс орналасқан және жолы да көлік жүруге қолайсыз. Бірақ, ауыл тұрғындары өз ауылын қадірлеп, мал шаруашылығын, әсіресе жылқы малын дамытып, ұйытып отыр. Қарапайым шағын ғана ауылда небәрі 50-60 ошақ түтін түтетіп отыр. Ауыл тұрғындарының ерекше бір қасиеті – ғасырлар бойы, барлығы ұйымшылдықпен бір кісідей 1-ші  не 2-ші мамыр күні бие байлап, сол күнді көктемнің алғашқы мерекесіне айналдырған.

Туған жерінде туризмді дамыту мақсатында, осы ұлттық дәстүрді насихаттап, дүние жүзіне танытудағы Бақтияр Сапарбекұлының ұсынысын қолдап, мұражайлықтар этнофестивальді жылда іске асырып келеді. Өткізілген іс-шараға алғашында республика көлемінде журналисттер, одан соң АҚШ, Франция, Польша, Ресей, Украина, Қырғызстан  мемлекеттерінен және отандық туристтер, ал кейін ЮНЕСКО ұйымының өкілдері қатысып, таң қалысып, үлкен баға беріп, еліміздің материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгізу үшін үш жыл ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. «Қазақфильм» киностудиясымен деректі фильм түсірді. Нәтижесінде 2018 жылы желтоқсан айында Маврикийде (Африка) өткен ЮНЕСКО-ның 13 сессиясында қорғалып, дүниежүзілік тізімге енді.

Ол, Ұлытау және Терісаққан халқы үшін, баға жетпес қуаныш емеспе... Аталған  фестиваль кейіннен Ұлытауда аудан әкімдігімен «Көкмайса» атауымен дәстүрлі жалғасып келеді.  Ал, Бақтияр Сапарбекұлы осы «Көкмайса» этнофестивалін республиканың барлық өңірінде, яғни, Қазақстан бойынша жыл сайын өткізу үшін, әр жердің әкімдерімен келіссөз жүргізіп, ұйымдастырып жүр. Нәтижесінде, биыл Ақмола облысының Ерейментау, Қорғалжың, Атбасар, Стерногорск аудандарында, Жамбыл облысының Меркі, Семей облысының Сарыжал ауылдарында өтпекші. «Себебі, алғаш рет атты қолға үйретіп, бие сауып, қымызды алып келген қазақстан, сондықтан бұл біздің ұлттық дәстүрлі мерекеміз болып, белгіленуі керек» - дейді Бәкең.

2015 жылы «Ұлытау» қорық-мұражайының бастамасымен және аудан әкімдігінің қолдауымен, қазақ хандығының 550-жылдығына байланысты, «Ұлытау – ұлт ұясы» атты халықаралық конференция өтті. Конференцияға ресейлік және отандық тарихшы ғалымдар қатысып, тарихи ғылыми тақырыптарын ортаға салды. Ал, 2018 жылы материалдық емес мәдени мұра жөнінде халықаралық семинар өтіп, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерінің ЮНЕСКО ұйымының өкілдері қатысты. Мұндай  халықаралық іс-шара ауыл тарихында алғашқы өтіп отыр. Бұл да Бәкеңнің жан-жақты дәлелдеп, ойлап тапқан ұсыныстарының бір бөлігі. 

Бақтияр Сапарбекұлының ықпалымен, жан-жақты келісімімен Ұлытауға туристтерді тарту  мақсатында мұражай қызметкерлері Лондон(Англия. 1917ж), Барселона(Испания. 2018ж), және Токио(Жапония. 1918ж) мемлекеттерінде өткен халықаралық туристтік көрмелерге қатысып, Ұлытауды насихаттап келді.

Кейіпкеріміздің тағы бір үлкен арманы - түйе керуені экспедициясының жалғасы ретінде, келешекте дүниежүзін аралау. Ол кісінің осынша үлкен армандарын бойына қалайша сыйғызып жүргендігі, әркімді де таңқалдыратыны сөзсіз. Бізге үйреткен рухани білімі, тәжірибесі бойымызға отансүйгіштік сезім ұялатты. Ал қазіргі кезде қазақстанның түпкір-түпкірін жаяу аралауға шыққан, Ұлытау өңірінің дамуына өз үлесін қосын жүрген шебер ұста, 72 жастағы Сәрсенбай ақсақалға қолдау көрсетіп, біраз жерлерге соңынан өз көлігімен еріп, көмек көрсетіп, жомарттық жасап жүр.

Осынша күрделі еңбек жасап жүрген ағамыз бүгін де Асқаралы  60 жастың  белесіне келіп қалыпты.

Бақтияр Сапарбекұлын өмірден тоқығаны мол, кемел ойлы тұлға деп білеміз. Ол кісіге осы мерейлі жасына асқақ армандарыңыз орындалып, мақсаттарыңызға жете беріңіз, ғұмырлы болыңыз! – демекпіз.

"Ұлытау" ұлттық тарихи-мәдени және табиғи

музей-қорығының Бас қор сақтаушысы Баян Шайгозова

Пікірлер