Ғажап сыйлық

2603
Adyrna.kz Telegram

Түрік классик жазушысы Рефик Халит Карай 1888 жылы Ыстамбұлда туған. Әкесі Мехмет Халит Бей қаланың атақты бас салықшысы болды. Бала Рефик Галатасарай Сұлтанисі мен Құқық мектебінде білім алды. Салық департаментінде қызметкер болып жұмыс істеді. ІІ-ші Мешрутият кезеңі басталғаннан кейін журналистикаға бет бұрып, “Тәржүманы Хакикат” газетінде аудармашы әрі шолушы болып қызмет атқарды. Жазған дүниелерін билік ұнатпай, әуелі Синопқа содан соң Чорум, Анкара және Билежик қалаларына жер аудартты. Ыстамбұлға қайта оралған кезде түрік тілі мұғалімі болып мектепте сабақ берді. Ұстаздық қызметін үздік жүргізген Рефик Карай Пошта және телеграмма департаментінің әкімшілік жұмыстарына араласа бастады. Сол кездегі жан-жақта болып жатқан соғыстарға қарсы мақалалар жариялап, “отанға жасаған қиянаты” үшін Бейрут пен Халепке жер аударады. Ататүріктің билікке келген тұсында жазған өлеңдер мен мақалаларының арқасында отанына қайта оралады. Бұрын шығарып жүрген “Айдеде” деп аталатын журналды қайтадан шығара бастайды. Анадолу өмірінен шынайы туындыларды жазып шығарған Рефик Карай түрік әдебиетінде өзінің қолтаңбасымен ерекшеленеді. Жазушы Рефик Карай жиырмаға жуық романдар мен онға жуық повесттердің авторы.

Феридун базардағы зергерлік дүкендердің алдында екі сағат бойы кіре алмай, сандалып жүрді. Бұл жолы зергерлерге өткізетін заты болмады. Тек қалтадағы қылшақтың (щетка) құның ғана сұрап білгісі келді. Кім біледі, дәл осы қырыну құралының бедерлі сабы пілдің сүйегінен жасалған болуы керек. Онда бағасы неше болады екен? Соны сұрай алмай ұялып жүрген түрі ғой… Ұялғаны былай тұрсын, бір жағынан қорықты да. Құны жоқ зат екенін өзі де сезді. Бірақ амал нешік. Кезінде осы затты сыйлап берген бір еврей шал: «Бұл аса қымбат бұйым, жоғалтып алма! Бір күні ісіңе жарап қалар», – дегенде, бұл байғұс балаша қуанып еді. Ал енді еврей шалдың сөзіне сеніп, қалай сұрарын білмей қиналып жүр.

Бір кезде жан дүниесін мұң торлап, мына жүрісінен күдер үзе бастады. Сол-ақ екен, отыра қалып жылағысы келді… Онсыз да соңғы кездері жаны жараланып, шарасыздықтан не істерін білмей, талып қалатын әдет шығарған. Сезім атты ұлы қасиетті жоғалтқандай болды. Жүрек ауруы осы шығар деп ойлайтын. Өлгенім артық деп сол бір соңғы сәтін күтіп жүргендей…

Қалтасынан қылшағын шығарып, мұқият қарады: Шынтуайтына келгенде, бұл заттың құны бес-он лира ғана тұрады. Бұны артық бағалау үшін не есі ауысқан тентек болу керек, не болмаса, өзі секілді аш-жалаңаш, қиялшыл болып жүру керек…

Әуелі зергерлер базарынан кетуге бекініп еді, содан соң бас тартты. Үлкен дүкенге кіре алмайтындығын біліп, алдына оншақты күміс алқа, гиацинт асыл тастарға толған бірнеше кесесін жайып салған кіші дүкеннің есігін ашты. Есікті аша бергенде, төбесінен сыңғырлаған қоңыраудың даусы естілді. Іште шамын тазалап отырған кісі отыр. Кісі болғанда, көкірекшен киген қария. Әлгі сыңғырлаған дауысқа селт еткен қария басын көтеріп, мұның келгенін көріп, менсінбей қарап: «Не шаруа?!» – деп сұрады. Феридун қылшағын көрсетіп: «Кезінде біреу сыйлап беріп еді», – деді қалтыраған дауысымен. «Аса құнды зат деп еді, шынымен құнды ма екен? Қарап бересіз бе?»

Қария қылшақты алып, шұқшия қарады. Сабын бұрап-бұрап, сілкіп-сілкіп, тырналап көріп, өзіне қайтарып берді:

«Бес тиын құны жоқ зат екен, ешкім керек қылмайды!» – деді.

Феридун кекештеніп, кешірім сұрап, шығып кетті. Өзіне-өзі: «Еврей десе еврей екенсің», – деп ашуға басты. «Мені алдаған екенсің ғой, ал мен болса, ақымақ басымен сол үшін өле жаздаппын-ау…»

Өкініші бекер де емес шығар… Сонау он жыл бұрын Феридун Мысырдан Салоникиге қайтып бара жатқанда, теңіздің жағасында жаңадан порт салынып жатқан. Жүздеген жолаушы дәу-дәу темірлерді аттап басып, құрылыс жүріп жатқан жерден өтуге мәжбүр болған. Сол кезде затын түгендеп, жинап жүрген бір еврей шал арқанға тартылған темірдің астынан өтіп бара жатқанда, әлгі арқан үзіледі. Феридун итеріп жіберіп, еврей

шалдың жанын сақтап қалады. Жерге құлаған темір Феридунның әскери жолқапшығын иығынан үзіп жібереді. Содан бұл қапшығын ала алмай әлек болады. Сонда әлгі еврейдің шалы бұған риза болып, сөмкесінен қырынатын заттарын шығарып, қылшағын сыйлайды. «Бұл аса құнды зат, сақтап жүр балам! Бір күні керек болып қалады», – деп қолына ұстатады.

Е, майда-шүйде зат сатып жүрген бейшара шал не береді дейсің? Бірақ ақсақал басымен неге өйтіп айтты екен? Мейлі, ол кезде Феридун шалдың сөзіне мән бермеген болар. Обалы не, қылшағын қапшығына салып, сонау қолына қару ұстап соғыста жүргенде де, тұтқындалып жатқанда да сақал-мұртын аларда талай қызығын көрді ғой. Бірақ осы күндерде әлгі сұмдық уақыттан кейін Ыстамбұлға мүгедек болып оралып, әрі жұмыссыз әрі бір тиын ақшасыз базар жағалап жүргенде, еврей шалдың берген сыйлығынан артық дүниесі жоқ еді. «Демек бес тиынға да татымайды екен, а…» Лақтырып тастағысы келді, керек болып қалар деп қайтадан қалтасына салып, жүріп кетті.

Серенжебей төбесіне орналасқан зәулім үйлерге Ақыркапы Фенери жақтан жарық түсіп жатқан. Оның арғы жағында шұңқырға салынған үйлер кедейлердің тұратын мекені еді. Жан-жағы қоқысқа толған күресің. Бықсыған иіс мұрынды жарып жібере жаздайды… Кешкісін базарды аралап келген Феридун көкірегіне жиған бар үмітінен айырылып, алдынан шыққан шешесіне: «Бес тиындық құны жоқ, бекерге армандаған екенбіз!» – деп, жоғарғы қабатқа шығып бос бөлмеге қарай аяқ басты.

Төбедегі үйлердің жарығы қуаныш пен бақыттың белгісін бергендей. Шіркін, бақ қонған үйлер… Ал мына тарихи қорғандармен иық тірескен шұңқырдағы үйлер жарықтың көзін көрмегелі қашан. Бұл жердің кешкі мезгілі өмірден онсыз да күдер үзіп жүрген жандарды одан ары құлазытып, тіршіліктен баз кешіргендей.

Теңіздің арғы жағасында орналасқан Кадыкөй ықшам ауданы айнаға иіліп қарайтын сұлу қыздай қызара батқан күнге күлім қағып, бар қуанышын жасырмай төңірегіне нұр шашқандай көрінді. Қас қарайғанда қара жамылған мына кедейлердің ауданына қарағанда, Кадыкөй әлдеқайда жарық еді. Зұлмат қараңғылықтан жалыққан Феридунның көздері жап-жарық әлемді көргендей жасы жылтылдады. Әсілі, жарық дүние үшін жанталасқан ол отқа түсуге де дайын тұғын.

Аяқ астынан ашуы қозды. Қолын қалтасына салды. Бірнеше апта бойы көкірегіне үміт ұялатып базарларды жағалатқан сыйлығы енді жанын күйдіргендей болды. Сақалы сапсиған еврей шалдың күліп тұрған бейнесі көз алдына елестеді. «Сені қалай алдағанымды білмей қалдың-ау, сірә?» - деп мазақтағандай еді. Алдағанда қалай, бейшара халге түсіп, бір жапырақ нанға мұқтаж боп жүрген күндерде… Алайда бір ғана қылшаққа бола сенім артып, содан бір қазына тауып алардай үміт етудің есуастық екені айтпаса да белгілі ғой. Қылшақтың қылынан ұстап, қолынан терезеден шығарды. Үйдің іргесінде кезінде биіктен құлаған жартас бар еді. Сұқ саусағын шаян қысып алғандай сілкіді де, әлгі тасқа дәлденіп, тастап жіберді. Артынан мұқият қарады.

Қылшақтың сүйек сабы сынғанда шырт еткен дауыс шықты. Содан тас қараңғы жерден жалт-жұлт еткен екі көз көрінді. Феридун көгілдір түсті екі көзге қадалып қалды. Сонан соң әлсіреген жүрегін үміт атты сезімнің шымшып алғанын сезді. Баспалдақтан таутекесіндей секіріп-секіріп сыртқы қарай атып шықты. Аспандағы жымыңдаған жұлдыздардың шағылысы ма екен деп, көкке қарай басын көтеріп, жалт қарап жымиды. Жерде жалтылдап жатқан екі кішкентай тасты алақанына алып, жұдырығын қысып ішке кірді.

Біреу тартып алардай жұдырығын ашқысы келмеді. Алмас тастар екенін білді. Бірақ… жасанды болуы мүмкін ғой. Еврей шалдан сенім баяғыдан қалған. Таң атқанша көз ілмеді. Елең-алаңда базарға қарай беттеді. Бір күн бұрын кіре алмай жүрген зергерлік дүкеннің есігін ашып кірді. Бұл жолы тартыншақтанбай, қалтасынан тастарын шығарып сұрады:

«Мына тастардың құны қанша болады?»

Сатушы ілкіде мән бермей қарады да, артынан көзілдірігін киіп, жарық жерге апарып, қос саусағымен мұқият айналдырып көрді. Бергісі келмей тұрғандай күнтартқышымен де қарап үлгерді. Содан соң бәсең дауысымен:

«Таза тас екен. Алушысы болса кәдімгідей құнды тастар. Сіз асықпаңыз, мына төрге шығып отырыңыз. Неше боларын есептеп көрейік!»

Феридун еврей шалдың асыл тастарды түкке тұрмайтын қылшақтың сабына не себептен жасырып қойғанын әуелі түсінбеген. Сөйтсе шекарадан өткізу үшін саударгерлер осындай амалға барады екен…

 


Рефик Халид КАРАЙ

(1888-1965) жазушы (Түркия)

Түрік тілінен тәржімалаған

Мәлік ОТАРБАЕВ

Пікірлер