«Кітап оқу үшін үлкен реформаның қажеті жоқ» 

113
Adyrna.kz Telegram

Кітап оқудың хикметі мен қызығы жайында ой бөліскен мәдениет саласының белсендісі қарапайым әрекеттер кішкентай қадамдардан басталады дейді.

Қазақстанды кітап оқитын елге айналдыру миссиясының аясында туындаған Kitapal club, Kitapal podcast, Ауылға Kitapal жобаларының жетекшісі Данияр Жігітбек атқарылған жұмыстарымен бөлісіп, алдағы жоспарларын таныстырды.

 - «Қазақстанды кітап оқитын елге айналдыру» миссияңызды ойдағыдай жүзеге асырып жатырсыз ба?

- Қазақстанды кітап оқитын елге айналдыру миссиямыз ойдағыдай жүзеге асып жатыр деп айта аламын. Оған дәлел – күнде бізге келіп жатқан хаттар. «Сіздердің жобаларыңыз арқылы қызығушылығым артып, кітап оқи бастадым», «мектебімізде, ортамызда осындай кітап оқу шараларын жасадық» деген сияқты хаттар келіп жатыр.

Бұл біздің еңбегіміздің кішкентай жемісі деп ойлаймын. Біз істемегенде мұндай нәрселер болмас па еді деген ой келеді. Миссиямыз жүзеге асып жатыр, осылай жалғаса береді деген үмітіміз бар.

- Ауылға кітап жеткізетін жобаңызда қандай жаңалықтар бар? Нәтижелермен бөліссеңіз.

- Ауылға Kitapal жобасы аясында 400-ге жуық кітап жеткіздік. Биылғы мақсатымызға жеттік. Бұйырса, келесі меже – 1000 ауыл. Біздің еріктілеріміз де, қолдаушыларымыз да көбейіп жатыр. Сол үшін бұл жоба жалғасын табады деп сенеміз.

- Жақында Kitapal club оқырмандар клубымен үлкен жиын өткізгелі жатыр екенсіздер. Қандай нәтиже күтесіз?

- Қарашаның 2-сі күні Kitapal club Қазақстандағы ең үлкен оқырмандар қауымдастығының бір жылдығын Астана қаласында өткізгелі жатырмыз. Бұл да бір үлкен нәтиже. Оқырмандарымыздың саны мен сапасының артқанын күтеміз. Бұл кеште тек Kitapalclub-тың мүшелері ғана емес, сырттан да келетін қонақтар болады. Сол үшін бұл жақсылықты жаю жобасы десек те болады.

- Осы күнге дейін жастар кітап оқымайды, қазақ тілді кітаптар оқитындар аз деген сөздерді жиі естіп келдік. Қалай ойлайсыз, елімізде кітап оқу мәдениеті қалыптасты ма?

- Елімізде кітап оқу мәдениеті қалыптасып келе жатыр деп ойлаймын. Біздің жастық шақпен қазіргі жастарды салыстырсақ, қазір кітап оқитындар көбірек деп айта аламын. Біз дұрыс бағытта дамып келе жатырмыз.

- Қателеспесем, әр нәрсені үйрететін кітаптар жазылса деп едіңіз. Кітапты кез келген адам жазатын болса, құнын жоғалтады деп ойламайсыз ба?

- Кітапты кез келген адам жазады дегенді меңземедім. Біз әр саланың маманы өз саласы бойынша кітап жазғанын қолдаймыз, қалаймыз және соған шақырамыз. Біздің бағытымыз сондай. Әр адам, әр маман өз саласы бойынша кітап жазса бізде кітап қоры да, білім қоры да көбейетін еді. Жақсылық әкелмесе, оның ешқандай жамандығы жоқ.

- Кітап оқу мәдениетін арттыру үшін үшін мектепте, университетте реформа жасау керек деп ойлайсыз ба?

- Кітап оқуды арттыру үшін үлкен реформа жасаудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Тек кішкентай қадамдар мен шешімдер қосса жеткілікті болар еді. Ол қандай десеңіз, әр сабақтың басында он минут кітап оқу деген ережені бекітсе, жемісін міндетті түрде көреміз.

- Еліміздегі кітапханаларды жандандырып, жастардың қызығушылығын тудыру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

- Кітапханаларды жандандыру мәселесі бойынша заманауи кітаптар қорын жасақтау керек. Сосын сол кітаптарды оқып, талдайтын оқырман клубтарды көптеп ашу қажет. Клубтарды түрлі тәттімен, шаймен бас қосуға қызықтырып, ынталандырса деген ұсынысым бар.

- Жақында «Не үшін үйлену керек?» кітабыңыз қырғыз тіліне аударылды. Бұл қалай жүзеге асты?

- Иә, жақында аударылып, 2000 дана болып басылды. Қырғыз баспасының бірі аударсақ бола ма деген өтініш жасады. Сөйтіп келісім-шарт жасасып, кітапты аударды. Басып шығарып, таратып жатыр. Қырғыз оқырмандар жақсы баға беріп жатыр. Менің кітаптарымның пайдасы көп адамға тиіп жатқанына қуаныштымын.

- Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Мерей Мырзағалиқызы

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер