Алматы облысында 6-шы сынып оқушысын өз қатарластары аяусыз сабаған

4443
Adyrna.kz Telegram

Алматы облысында 6-шы сынып оқушысын қатарластары аяусыз сабаған. Келеңсіз оқиға Рахат ауылындағы № 1 орта мектепте болды. Басынан ауыр жарақат алған Арман Юсуповқа дәрігерлер операция жасады. Қазір жағдайы мәз емес дейді. Бұл туралы "Адырна" ұлттық порталы "Астана" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Күні-түні аурухананы торуылдап, баласына алаңдаған Зарина Юсупова мектептегі сұмдықты еске алуға қорқады. Айтуынша, 12 жастағы ұлын өткен бейсенбіде қатарласы соққыға жыққан. Ал мектеп басшылығы  оны жасыруға тырысыпты. Баласының құлап қалғанын айтып, үйіне қайтарып жіберген. Жағдайы нашар болса да жәдел-жәрдем шақыртқызбағанын айтады.

“Жедел жәрдем шақырмаңыз, бізді күтіңіз, біз өзіміз көмектесеміз деді. Жарайды дедім. Тәрбие жөніндегі орынбасар.  Фариза сендер маған өтірік алдап тұрсыңдар, не болды балаға шынын айтыңдар деп едім, баланың мұрнына қолы тиіп кетіпті деді”, – деді жәбірленушінің анасы Зарина Юсупова.

Күннен күнге  әлсіреп, бас ауруы үдеген  Арманды анасы ауруханаға апарған. Дәрігерлер хәлі мүшкіл екенін айтып, бірден отаға алып кеткен. Сол сәтте мектептегілер келіп, қоқан-лоққы көрсетіпті.

“Шындықты айтты балам.  Балалар ұрды, жабылып деді, мен айтпап едім сізге деп. Оның үстіне менің балама еден жуғызатын екен мектепте, қабырға жуғызады екен. Жансая мен Мадина деген кісі мені ұрды, кәдімгідей ұрып жіберді өздерімен өздері келіп”, – деді Зарина Юсупова.

“Менің сіңілімді итеріп жібереді. Ей, қойсаңыздаршы, сіздер кімсіздер, өздеріңізді таныстырыңыздар дегенімше анау қарамсайды сары күртешедегі сіңілімді жұлмалап жатыр. Ол директордың орынбасары екен”, – деді Зухра Юсупова.

Ашынған ана полицияға арыз жазуға барған. Бірақ ондағылар шағымын қабылдамаған көрінеді. Ал  мектеп ұжымы  істі жылы жабуды сұраған.  Ал дәрігерлер 12 жастағы Арманға ота жасалғанын хабарлады.

“Асқыну болған бұл жерде. Балада ауыз қуысында жара пайда болған. Бет әлпетіндегі инфекция самай аймағына кеткен. Операция жасалған бүкіл іріңдік процесстер ашылып сәтте іріңдер шығарылды. Қазіргі таңда баланың жағдайы жақсы”, – деді Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасынығ жақ-бет хирург дәрігері Байкен Тоққожаев.

Дегенмен жәбірленушілер баланың бүгінгі хәлін жақсы деп айта алмаймыз деп отыр. Оқушы психологиялық соққы алғанын айтады.

“Мектеп директоры кешеден бері осы іспен айналысуда. Таңертең осы жұмыстың бабымен балаға кеткен болатын ауруханаға. Сонда кеткенін айтты. Звандасам қазір телефоны өшіп тұр”, – деді Рахат ауылдық округі №1 орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Динара Азатқызы.

Ал Полиция Департаменті аталған іске қатысты  шағым түскен жоқ дейді.

“Аталған дерек бойынша аудандық ауруханадан, мектеп әкімшілігінен және ата-аналар тарапынан ешқандай арыз Еңбекшіаудандық полиция басқармасына келіп түспеген. Дегенмен қазір тиісті тексеру жұмыстары жүргізілуде”, – деді Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің қызметкері Әбілтай Әбенов.

Баламыз таяқ жеп қана қоймай, өзіміз де қысымға ұшырадық деген жәбірленушілер барлық мәселе заң аясында шешілсе дейді.

Олар Ішкі істер министрлігінен көмек сұрайды.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер