Риддерде өрттен зардап шеккендер жаңа үйлердің жағдайына шағымдануда

2546
Adyrna.kz Telegram

Биыл жазда жаңа баспана алған Риддердегі өрттен зардап шеккен тұрғындар берілген үйлердің жағдайына шағымдануда, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "BaigeNews.kz-ке" сілтеме жасап.

— Күздің соңы бәрімізге төбеден аққан су түрінде үлкен "тосын сый" әкелді. Жиһаздар, тұрмыстық техника және жеке заттар бүлінді. Осылайша өмір сүріп жатырмыз. Ал жолдарды тазалай ма, ол да үлкен мәселе. Автобус жүрмейді, адамдар қалаға қарды кешіп жаяу баруға мәжбүр, - дейді Марина Борисюк.

Мамыр айындағы өрттен кейін рекордтық мерзімде салынған жаңа ауданның тұрғындары ортақ чатта өз түйткілдерімен бөліскен: "Қазір бәрімізде де осы мәселе. Шатырдан қарды күрекпен тазалаймыз, құрылысшылар барлық материалды құртты, үйді ешкім қабылдап алған жоқ, комиссия келмеді. Міне, нәтижесінде біздің қаншалықты "бақытты" күй кешіп жатқанымызды бүкіл ел біледі.  Электр сымдары суланып тұр, болашақта тағы да өрт болмасына кім кепіл береді?".

Еске салайық, 2021 жылдың 10 мамырында Риддер орман шаруашылығы кәсіпорнының аумағында орналасқан ауылға болған  өрттің салдарынан бір адам қаза тауып, тағы екі адам ауыр күйікпен ауруханаға жеткізілген болатын. Өрт бірнеше ондаған үйді қиратып, көптеген отбасы баспанасыз қалды.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов барлық өрттен зардап шеккендердің баспана мәселесін шешуге, сондай-ақ оларға өтемақы төлеуге уәде берді. Үш айдың ішінде баспанасынан айырылған 32 отбасы түгелдей баспаналы болып, қалашық бой көтерді.

Риддерліктер жаңа үйлерге шілде айының аяғынан бастап қоныстана бастады, ал соңғы пәтер иелері тамыз айының ортасында кілттерін алды. Өрттен зардап шеккендердің барлығы көрсетілген көмекке риза болғанымен, олардың көпшілігі бірқатар себептерге байланысты наразы болды: кейбір үйлерде желдеткіш жоқ, электр жарығы сөніп қала береді, сонымен қатар сумен қамтамасыз етуде бірқатар қиындықтар бар.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер