Шымкент қаласындағы №2 аурухана дəрігерлері коронарография əдісімен жүрек ауруы бар науқасқа алғаш рет диагностика жасады. Күрделі ота аурухананың бас дәрігерінің міндетін уақытша атқарушы рентген-хирург Асқар Рахматалиевтің жетекшілігімен өтті. Аурухана базасында алғаш рет жасалған ота кезінде білікті мамандар жүрекке жіңішке катетер жіберіп, шаштың қылындай ғана қан тамырдағы ақауды дер кезінде анықтады. Аурухана дәрігерлері жүрек-қан тамырындағы ақауды толық анықтайтын коронарография əдісін сәтті іске асырды. Коронарография мамандандырылған операциялық бөлмеде рентген сәулелерінің бақылауымен жасалады. Рентгенде қан және оның тамырлардағы қозғалысы көрінбейді, ал рентгенконтрасты ерітінді қанмен араласып тек қана оны көрсетпей, бүкіл коронарлы қан тамырдың ішкі пішінін көрсетеді. Бұл дұрыс диагноз қоюға мүмкіндік береді. Медицина мекемесінде кардиология саласындағы емдеу жұмыстарын одан әрі кеңейту, жүрек ауруына шалдыққан науқастарға жоғары мамандандырылған диагностикалық тексеру мен емдеу мүмкіндігін арттырып, жүрек-қан тамырларынан пайда болатын өлім-жітім көрсеткішін азайтпақ ниетте. Ол үшін ауруханада білікті мамандармен қатар, қажетті заманауи техникалық жабдықтардың барлығы бар. – №2 аурухана базасында екі науқасқа коронарография жасадық. Науқастардың бірі он жыл бұрын жүрегіне аорта коронарлық шунт отасы жасалып, стент қойған. Сол стент қойғаннан кейінгі тамырдағы өзгерістерге нақты диагностика жасадық. Ал екінші науқастың жүрек ырғағының бұзылысы болғандықтан жүрек қан-тамырларындағы патологияны анықтай алдық. Нәтижесінде операциялық жолмен жасалған диагностикалық тексеруден кейін қос науқасқа да консервативті емдеу тағайындалды. Ауруханада кардиология саласын дамыту үшін басқа да республикалық деңгейдегі емдеу мекемесінен жоғары тәжірибелі мамандарды шақырттық. Білікті мамандар жасақталып, қазір осы саланы дамыту жағын мықтап қолға алдық, – дейді аурухананың бас дәрігері м.у.а. Асқар Рахматалиев. Шымкент қалалық №2 аурухана - қаладағы көп бейінді, бәсекеге қабілетті ұйым. Аурухана базасында ашылған кардиология бөлімшесіндегі төсек-орын саны қазір 22-ге көбейтілген. Бұрын созылмалы жүрек ауруын ғана емдейтін орталық енді өзге де жүрек дерттерін емдеп, кардиология бағытында күрделі оталар жасап жатыр.
Басқа материалдар
Adyrna.kz ұлттық порталының маңызды ақпараттарына жазылу
Соңғы жаңалықтар туралы хабардар болыңыз