Шымкентте діни конфессия өкілдері арасындағы спартакиада жалғасуда. Спорт сайыстарынан кейінгі кезек шахматқа келді. Қажымұқан атындағы орталық стадиондағы кешенде интеллектуал бәсекесі өтті. Бүгінгі сайысқа 16 қатысушы жиналды.
– Дін өкілдері екі аптадан астам уақыттан бері түрлі спорт сайыстарына қатысып, белсенділік көрсетіп келеді. Бұл - жылдағы дәстүр. Күні кеше үстел теннисінен мықтылар анықталса, бүгін шахмат шеберлері белгілі болады. Ал спартакиаданың мықтылары 15 қазан күні өтетін салтанатты рәсімде марапатталады, – деді Шымкент қаласының дін істері басқармасының қызметкері Ғалымжан Сарманов.
Айта кетейік, дін өкілдері арасындағы спартакиада Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен 18 қазан – Рухани келісім күніне орайластырып өткізілуде. Мұндағы мақсат – тұрғындар арасындағы татулық пен келісімді нығайту, бұқаралық спортты насихаттау, салауатты өмір салтын рәсімдеу. Бір айлық бәсеке 15 қазан күні аяқталады.