Nur Otan елордада жаңа мектептер салу мәселесін көтерді

1031
Adyrna.kz Telegram

«Nur Otan» партиясы жанындағы Білім мен ғылымды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында педагог мамандарды дайындау, білім беру бағдарламаларының мазмұны және жаңа мектептер салу мәселелері қаралды. 

Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында бүгінгі таңда педагогтердің еңбекақысы лауазымдық жалақыдан 30-дан 50%-ға дейін көтеріліп, сынып жетекшілігі, тәлімгерлік, магистр дәрежесі, пәндерді ағылшын тілінде оқыту және т. б. үшін қосымша ақы көлемі артқан.

Партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында 2023 жылға қарай педагогтардың жалақысын 2 есеге арттыру жоспарлануда. Сондай-ақ, педагогикалық әдеп және педагогтардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша арнайы кеңестер құрылды. Еске сала кетейік, бұған дейін «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы «Nur Otan» партиясы жанындағы Құқықтық кеңестің кеңейтілген отырысында қаралып, онда ұстаздардың жұмыс жағдайын жақсарту, олардың құқықтарын реттеу, имиджін арттыру және білім мен ғылымның өзге де түйінді мәселелерін шешу жайы көтерілген болатын.

Отырыс барысында аталған мәселелерді шешуде оң өзгерістер байқалғанымен, өңірлерде білім беру саласының сапасын арттыруға қатысты шараларды жүзеге асыруда басы ашық сұрақтар бар екені айтылды.

Қоғамдық кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлейменова Нұр-Сұлтан қаласында осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған мектептер құрылысының уақытында аяқталмауы мүмкін екенін алға тартты. Мәселен, Ұлы Дала даңғылы мен 39 көше қиылысындағы нысанның құрылысы мүлдем тоқтап тұр. Тағы 4 мектептің құрылысы мерзімінен кешігуде. Осыған байланысты Жұлдыз Сүлейменова Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының басшысы Шәкәрім Сейсенбайға қатаң ескерту жасады.

«Нұр-Сұлтан қаласында оқушы орындарының жетіспеушілігі бар. Педагогтардың тапшылығы да – күн тәртібінен түспей тұрған мәселе, 700-ден астам педагог жетіспейді. Сіздің тарапыңыздан мәселені сапалы шешу үшін ешқандай шара қолға алынбаған»,- деп атап өтті Кеңес төрағасы.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер