Арон Атабектің қызы әкесімен кездесе алмай жүргенін мәлімдеді

5089
Adyrna.kz Telegram

Ақын, диссидент Арон Атабектің қызы Айдана Айдархан әкесімен кездесе алмай жүргенін жеткізді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Мен әрқашан сіздің бостандыққа шыққан күніңізді елестетіп, оған сенетінмін. Бірақ денсаулығыңыз нашарлап, қолдан жасалған жаңа шырмауға түсесіз деп ойламадым. Өзіңізді мифология мен әдебиеттегідей Церберс, Медуза Горгон, дементорлар мен назгулалар қоршауға алды.

Сіз бостандыққа шығады деген күннен бастап өзіңіз туралы жазылған бар ақпаратты әлеуметтік желілерден біліп отырмыз. Полицейлер әпкеңіз Рәзия Нутушеваның үйіне апарғаннан кейін жақын аралықта отбасыңызға, үйге оралатыныңызға сенген едім. Алайда менің тәтем, мүмкін біреудің қысымы бар шығар, бұған жол бермей отыр. Ауыр науқас адамға күтім жасағаны үшін көп рахмет. Рәзия тәтем сенің емделуіңе ақша жинау жауапкершілігін де өз мойнына алды»,– деді ол.

Айдана осы аралықты әкесімен екі-ақ рет кездескен.

«Сіз «бостандыққа» шыққан 18 күннің ішінде мен сізді екі рет қана көрдім. Бұны көп адам білмейді. 15 жылдан соң қайта қауышқан кезде мен әкемді күн сайын көремін деп ойладым, тіпті жақын арада өзімізбен алып кетеміз деп үміттендім. Бірақ сізді жібермей отыр, алдымен олар бізді жай ғана елемеді, енді «ковид» пен «карантинді» алға тартып, телефонмен сөйлесуге рұқсат бермеуде. Олар тіпті аз ғана уақыт жүздесуге, хаттар мен сәлемдемелер жіберуге де тыйым салды. "Босатылғаннан" бірнеше күн өткен соң, сізді шұғыл түрде ковид ауруханасына апарды, бірақ Рәзия тәтем және оның айналасындағылар коронавирус сынағы теріс болғанын хабарлады. Бұл жаңалық бізді қатты қуантты!

Одан соң қайтадан тәтемнің үйіне апарды. Ескі емделмейтін аурулар қатарына пневмонияның қосылғанын жариялады. Дәрігерлердің "пневмониядан", ал қазір "ковидтен" қалай емдеп жатқандарын, сізге қандай дәрі-дәрмектерді тағайындағанын білмейміз.

Екінші кездесуіміз қысқа болды. Мен ұзақ жылдардан кейін өзіңізбен оңаша қалып тілдестім. Бетпе-бет отырып, ішкі сырларым мен қалай жақсы көретінім туралы айттым. Сондай-ақ үйімізге көшіп, бірге жұмыс істеуді ұсындым. Сіздің қолжазбаларыңыз әлдеқашан теріліп қойған. Мен сізге көмектесіп, қорғаныңыз болғым келеді.

Рәзия тәтеге хабарластық, өйткені сізбен тікелей байланыс жоқ. Алайда ол нақты жауап бермей, әңгімені басқа арнаға бұрып жіберді. Осы демалыс күндері мен сізді үйге алып кетуге тырысып, қасыма туыстарымды, тәуелсіз журналистерді және қоғам қайраткерлерін ертіп өзіңізге бардым. Тәтем маған қақпаны да ашпады, телефонмен сөйлесуге мүмкіндік бермеді және сіздің «сөйлей алмайтыныңызды» жеткізді. Қызының әкесімен сөйлесуге құқығы жоқ па?» – деп жазды Айдана Айдархан.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер