ҚМДБ сөз бостандығына қарсы ма?

3803
Adyrna.kz Telegram

"Адырна" ұлттық порталының поштасына ҚМДБ тарапынан үш беттік хат келіп түсті. Хаттың мәні мен мағынасы заң тармақтарына сүйене отырып, ескертпе жасау екен. Даудың басы "Демос" ҚБ төрағасы Тұрарбек Құсайыновтың "Адырна" порталына шыққан үш мақаласына қатысты болып отыр. ҚМДБ тарапынан келіп түскен хат мәнісі төмендегідей.

 

Хат мәніне оралатын болсақ, БАҚ-та жазылған діни мақалаларды ҚМДБ тарапына жіберіп, артынша тексеріс арқылы шығару лазым деген месседжді аңғару қиын емес. Сонда сөз бостандығы, ақпарат алуандығы мен плюрализм қағидаттарын ҚМДБ жоққа шығара ма? Бұл азаматтардың еркіндігін шектеудің бір формасы екенін айтпаса да түсінікті. Оның үстіне ҚМДБ аталмыш мақалаларға ресми жауап беріп, ол жауапты "Адырна" сайтына шығарғанын неге хатта көрсетпеген? Сөзіміз дәлелді болу үшін Тұрарбек Құсайыновтың мақалаларына ҚМДБ шығарған жауап мақаласының скринін салуды жөн көрдік.

"Адырна" ұлттық порталы қандай да бір діни, ұлттық, нәсілдік көзқарасты жақтаушы яки оған қарсы позиция ұстанушы портал емес. Ақпарат пен алуан пікір алаңы. Кез келген мәселе бойынша азаматтардың ойы мен пікірін білдіруге құқығы бар. Оны Конституция нақты белгілеп берген. Пікір алуандығына қарсы келу, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы іске асырып жатқан саяси реформаларға қарсы ұстаным. "Адырна" ұлттық порталы тараптардың бірін естіп, екіншісіне есігін тарс жаппайды. Оған жоғарыдағы Тұрарбек Құсайыновтың мақаласы мен ҚМДБ тарапынан келіп түскен жауап мақала нақты дәлел.

Ескертпе хаттың тек қана "Адырна" ұлттық порталыне емес, Nege.kz, Serke.org, Kznews.kz, Exk.kz және басқа да сайттарға жіберілгені белгілі болды. Бұл БАҚ өкілдерінің жұмысына кедергі келтіру және цензураны енгізуге тырысу деп түсінеміз.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер