Қорғаныс министрлігі қазір Жамбыл облысының Байзақ ауданында жоспарлы түрде бақыланатын жарылыстар болып жатқанын хабарлады. Оқ-дәрілерді тауға жеткізіп, онда бақыланатын жарылыстар жүргізіледі.
Бүгін 11.00, 12.00 және 16.00-де жарылыстар ұйымдастырылады. Жоспар бойынша 12 қазан мен 13 қараша аралығында жұмыс күндері сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін әскерилер жарылғыш заттарды жоюды іске асырады.
Қорғаныс министрлігі аталмыш мәселе бойынша ресми хабарлама жасады. "Оқ-дәрілер фрагменттерін жару бойынша жұмыстар басталды. Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі инженерлік-саперлік бөлімшелерінің күшімен Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрілер фрагменттерін бақылап жару басталды. Жұмыс күн сайын дүйсенбіден бастап жұма аралығында ағымдағы жылғы 13 қарашаға дейін жүргізіледі. Бұл үшін адамдар жоқ таулы жерде әскери бөлім мен елді мекендерден алыста әскери бөлімнен 12 шақырымнан астам қашықтықта учаске белгіленді. Мамандар тобы жергілікті халық пен инженерлік-саперлік бөлімшелер жеке құрамының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін таңдалған жер учаскесін толығымен зерделеді. Жергілікті атқарушы органдары мен жергілікті халыққа жару жұмыстарының жүргізілуі туралы алдан ала хабарланды. Жамбыл облысы Ішкі істер департаментінің қызметкерлерін тарта отырып, әскери полиция күшімен жару орнының айналасындағы аумақ қоршалды. Жару кезінде дыбыстық әсер болады. Жүргізілетін жұмыстың жергілікті халық үшін қаупі жоқ" деді министрлік.
"Адырна" ұлттық порталы