Әділет Рахметолла-Инстаграмда танымал видеоблогер. 1992 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Кенен Әзірбаев ауылында дүниеге келген. Отбасында атасы, әкесі, әкесінің ағасы видео түсірумен айналысатын болған. Сол кісілердің видео түсіргеніне қарап, өзі де осы іске үлкен қызығушылық таныта бастаған. Алматы қаласына Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетіне оқуға түссе де, студияларда фотограф ретінде жұмыс істеген. Қазақстан Ұлтттық арнасында, «Hit Tv», «Асыл арна» телеарналарында оператор ретінде қызмет атқарған. Кейін өз-өзіне жұмыс жасауды жөн көреді. Қазір дрон ұшырып, Қазақстанның көз тартар әдемі жерлерін видеоға түсіріп, оны адамдармен бөліседі. Сондықтан оны «Дронның атасы» деп те атайды.
-Видеографтың таланты немен өлшенеді деп ойлайсыз? Көзқараспен бе, оймен бе, әлде қабылдаумен бе?
-Әр адам өз жұмысын жақсы көрсе, ол даяшы немесе етікші болса да, қаржыгер болса да сол істің жемісін жейтіні анық.
-Сіз әдемі, көрікті жерлерді түсіретініңізді білеміз. Сіз бір локацияны алдын-ала жоспарлап барып түсіресіз бе, әлде көрген сәтте лезде түсіріп аласыз ба?
-Кейде жоспарсыз түсірілімдер болады. Жаңбыр жауып, бұлттар төмен ұшып, күннің бастысы, таңның атқаны әдемі болып тұратын кездер болады. Күздің өзіндік әдемілігі бар. Қыста алғаш қар жауған кезде, аяз болып қар қырауланған сәтте өте әдемі болады. Мамыр айының соңына қарай қызғалдақтар шығып Оңтүстік құлпырады. Сондай көріністерді дәл уақытында түсіріп үлгеруге тырысамын. Кейде жоспарлап барған жер мен ойлағандай әдемі болмай қалып жататын сәттер болады. Ал мүлде жоспарламаған жерлер қарасаң көз тоймастай сұлу болып шығады. Сондықтан қандай жағдай болса да сәтті кадр алуға тырысамын.
-Қай жыл мезгілін түсіргенді ұнатасыз?
-Маған шыны керек, барлық жыл мезгілі ұнайды. Әр жыл мезгілінің өзіндік тартымдылығы бар. Бірақ жақсы көңіл-күй сыйлайтын көктем мезгілі шығар. Қыстан шыққан соң, энергияға толып, жадырап жүретіндіктен көктем сәл көбірек ұнайды.
-Түсірілім барысында қандай қызықтар болып тұрады?
- Сапар барысында әртүрлі қиындықтар болады. Тауға барсаң түнге қалып қоясың. Ал тауда түнге қалуға болмайды. Адасасың, желі ұстамайды. Сондай ситуацияларға тап болып қалған жағдайда, шығатын жол іздеу керек. Сол маңайдағы адамдармен сөйлесіп үйрену керек.
«Мен үшін барлығы адамгершілікпен өлшенеді. Адам қанша жерден кәсіби маман болса да,ортаға ең алдымен мінез-құлқымен сыяды. Кино әлеміне өтсем екен деген арманым бар. Адамдарға бар жақсылықты насихаттайтын, ата-ананы сыйлауды, досқа адал болуды үйрететін кино түсіргім келеді. Өмірде шынайы жолмен жетістікке жеткен адамның өмірін көрсеткім келеді. Оған да бір күні жетермін.
Жас видеографтарға айтарым бірден ақшаның соңынан жүгірмеу керек.Жарты жыл болса да тегін жұмыс істеп көру керек. Тәжірибе жинау керек. Сен қаншалықты тәжірибелі маман боласың, ақша сенің артыңнан жүгіреді. Сенің сапалы маман екеніңді көрген жан әрқашан ақысын төлеуге дайын болады»-дейді сөз соңында Әділет.
Сұхбатты дайындаған Жайна Молдағали
"Адырна" ұлттық порталы