Танымал балалар хирургі, медицина ғылымдарының докторы, Еуропа ғылым академиясының академигі Нұрлан Ақпаров өмірден озды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Ол медицина саласында 40 жылдан астам жұмыс істеді. Оның ішінде 28 жыл педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында қызмет атқарып, 10 000-нан астам операция жасады. Осылайша көптеген балаға екінші өмір сыйлаған еді.
«Бұл тек біз үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін орны толмас қаза»,– деп жазды ғылыми орталық ұжымы.
Дәрігер тұңғыш рет Қазақстанда операцияның 21 түрін енгізді. 300-ге жуық ғылыми жұмыстың авторы.
2009 жылы мінсіз және адал еңбегі үшін "Халық батыры" сыйлығының лауреаты атанды. Сондай-ақ, "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі" (2005), "Үздік қызметкер", "Үздік ғалым" төсбелгілерімен және көптеген марапаттың иегері.
«Адырна» ұжымы марқұмның жақындары мен туыстарына көңіл айтады.
«Адырна» ұлттық порталы