Ақтауда су тұшыту зауытының құрылысы басталды

5046
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысының тапсырмасына орай жергілікті атқарушы органдар өңірді ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесімен айналысуда. Жақында облыс әкімдігіне бірқатар кәсіпкер хабарласып, жеке инвестиция есебінен су тұшыту зауытын салуға ұсыныс жасады, деп хабарлайды Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетсек, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев 13 қыркүйекте өткен аппараттық жиында су тұшытатын зауыт құрылысына қаржы салуға дайын инвестордың табылғанын айтып, Ақтау қаласының әкіміне жобаны жеделдетуді тапсырған болатын.
​50 га жерде сыйымдылығы 40 мың текше метр су бассейндері мен суды тұшытатын қондырғылар бой көтереді. Инвестициялық жобаның құны 4 млрд теңге.

- Жуырда Президенттің Маңғыстау облысына келген сапары барысында су мәселесін шешу туралы тапсырма берілген болатын. Халықты үздіксіз ауыз сумен қамтуға бағытталған жобаларды жеделдетуге кірістік. Су тұшытатын зауыт салуға келіскен инвестормен қажетті келісімдер жасалды,-деді Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

​Жаңа зауыттың жоспарланған қуаты 20 мың текше метрден астам. 2022 жылы іске қосылатын жобаның алғашқы кезеңінде тәулігіне 5 мың текше метр су өндірілмек.

- Техникаларымыз жеткілікті. Канал қазу жұмыстарын бастап кеттік. Қажетті құрылғыларға тапсырыс беріп жатырмыз. Бір бөлігі АҚШ, Европа елдерінен, енді бір бөлігі Ираннан жеткізіледі,-деді жоба құрылтайшысы Есман Жұмабаев.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер