Тоқаев: Маңғыстауда дайын өнім шығаратын өндіріс орындарын ашамыз!

2568
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барып, өңірде жаңа кәсіпорындар ашу керектігіне тоқталды. Бұл туралы "Адырна" ұлттық порталы жазады.

 «Маңғыстаудың өңдеу өнеркәсібін және бизнес саласын дамыту қажет. Бұл аймақ Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтуға орасан зор үлес қосты. Мұнда еліміздегі мұнайдың төрттен бірі өндіріледі. Мұнай-газ саласымен қатар облыста экономиканың өңдеу өнеркәсібін дамытуға мол мүмкіндік бар. Қазір мемлекет алдында тұрған негізгі міндеттің бірі – ұлттық экономиканы іс-жүзінде әртараптандыру. Сондай-ақ, терең өңделген дайын өнім шығаратын өндіріс орындарын ашу қажет. Мен бұл туралы Үкімет жиындарында, өңірлерге барған кезде үнемі айтып жүрмін. Барлық әкімдер осы мәселеге баса назар аударуға тиіс. Бұл – Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған маңызды міндет. Облыста соңғы бес жыл бойы бірқатар ірі өндіріс орындары тоқтап тұр. Бұл жағдай жұмыссыз қалған азаматтар арасында наразылық туғызғанын жақсы түсінемін. Үкімет осы өндірістерді жандандыру үшін тиімді шараларды шұғыл түрде қабылдауға тиіс. Қажет болса, жаңа өнім шығару үшін нарықтың сұранысына сай бейімдеу жолдарын қарастыру керек. Сонымен бірге, бәсекеге қабілетті жаңа кәсіпорындар ашқан жөн. 2023-2026 жылдары 29 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Соның нәтижесінде 3 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Үкіметке және әкімдікке барлық жобалардың уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді Тоқаев.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер