Халықаралық олимпиада жеңімпазы: Болашағымды IT саласынан көремін

1697

Тамыз айында қазақстандық оқушылар Саха Республикасында (Якутия) математика, физика және информатика пәндері бойынша өткен XXVIII халықаралық "Туймаада" олимпиадасына қатысып, жүлделі оралған еді. Порталымыздың тілшісі жеңімпаздардың қатарынан табылған дарынды оқушымен тілдесіп, аз-кем сұқбат құрды.

Сұлтанбек Байжанов – Нұр-Сұлтан «Білім-Инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы. 15 жастағы жеткіншек математика пәнінен бірнеше халықаралық олимпиаданың жеңімпазы атанып үлгерген.

Сұлтанбек, олимпиадаларға неше жасыңыздан бастап қатысып келесіз?

– Менің олимпиадалық жолым 8 жасымда АҚШ-та бастау алып, мектепішілік жарыстар арқылы өрбіді. 9 жасымда Қазақстанға көшіп келген соң тілдік тосқауылдарға тап болып, білім алуда біраз қиналған болатынмын. Бұл кедергілерді уақыт өте келе жеңе бастадым. 12 жасқа толғанымда Нұр-Сұлтан қаласындағы «Білім-Инновация» лицейіне түсіп, қайтадан түрлі білім додаларына қатысуды қолға алдым.

Таңдауыңыз неге математика пәніне түсті?

– Бұл пәнге деген қызығушылығым 7-сыныпта оқып жүрген кезімде оянды. Осы орайда ұлағатты ұстазым Муаммер Гүлдің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Математика ғылым бастауы болғандықтан, дәл осы пән бойынша өткізілетін сайыстарға бару туралы шешімге келдім.

Халықаралық «Туймаада» олимпиадасы сіз қатысқан алдыңғы жарыстардан қаншалықты ерекшеленеді?

– «Туймаада» – халықаралық деңгейдегі екінші ғылыми олимпиадам. Бұл сайысқа әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ден астам оқушы қатысты. Арасында мен де бармын. Зияткерлік жарыс есептері салыстырмалы түрде жеңілдеу болды. Оған дейін жасөспірімдер арасындағы халықаралық Балқан математика олимпиадасында (JBMO) бағымды сынап, қола медаль алған едім. Десе де, «Туймаада»-да жеткен жетістігіме көбірек қуандым. Себебі бұл олимпиаданы жеңу оңайға соқпады. Ал екі математикалық жарысқа қатысу процесін салыстырсақ, JBMO-ға өту әлдеқайда күрделі. Оған Қазақстан бойынша үздік 6 "юниор" олимпиадашының қатарынан табылған оқушылар ғана жолдама алады.

– Олимпиадада жеңімпаз атану үшін не істеу қажет?

– Атақты ойшыл әл-Фараби атамыз: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек»,– деп өсиет қалдырған еді. Осы ұстаным жаныма жақын болғандықтан, ішкі тәртіп пен ыждаһаттылығымды арттыруды көздедім. Соның арқасында еңбегімнің жемісін көрдім деп ойлаймын. Кез келген жетістікке жеткен тұлғаның еңбек жолын алып қарайтын болсақ, оның тынбай талаптанғанын көре аламыз. Сол секілді олимпиада деңгейінде шыңдарды бағындырған жандар да күніне 4-5 сағат уақытын ғылымға арнайды. Одан бөлек ата-анамның, ұстаздарым мен достарымның қолдаулары мен бағыт-бағдарлары ерекше шабыт берді. Жалғыз жүріп, алысқа бармайсың. Осындай орта мен айқын мақсаттың арқасында талай белесті бағындыруға болатынын түсіндім.

Болашақта қандай мамандық иесі болғыңыз келеді?

– Бір жыл бұрын осы сұраққа жауап іздегенімде, ойыма «аэроғарыштық инженерия» мамандығы келген. Бәлкім, кішкентай кезімнен ғарыш әлемін зерттеуді армандағаным түрткі болған шығар. Ал қазір IT-ға деген қызығушылығым артып келеді. Оның келешегінің кемел екені баршамызға аян. Әзірге нақты бағытын шешпедім. Десе де, өзімнің болашағымды ақпараттық технологиялар саласынан көремін.

– Қай ЖОО-ға түсуді жоспарлап отырсыз?

— Әлемнің ең үздік 10 жоғары оқу орнының бірінде білім алуды кім армандамайды? Олардан басқа Кореядағы KAIST және Сеул ұлттық университетінің, Гонконгтағы HKUST-тің студенті атанғым келеді.

Сұқбатыңызға рақмет! Алға қойған мақсаттарыңызға қол жеткізіп, армандарыңыздың орындалуына тілектеспіз!

Диана АСАН,
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы