Ұлтты сүюдің үлгісі және Алаш

2416
Adyrna.kz Telegram

Ресей отаршалушыларының басты мақсаты – сексеуілді сексеуілмен ұрып жару сияқты, қазақты қазақпен құрту, мұсылманды мұсылманмен, фанатизммен «құрту» саясаты арқылы Қазақ Елін Жерінен айыру, Рухын өшіру арқылы отар елге айналдыру еді.

Мәселен – 1731 жылдың 19-ақпанында қатын патша Анна Иоанновна Әбілқайырдың антын қабылдап, «қазақ халқы» Ресейдің қол астына қабылданғаны жөніндегі грамотаға қол қойды. Ал осы арада делдалдыққа жүрген кім еді?! Әрине, ол өзіміздің башқұрттан шыққан атақты елші, тілмәш А.Тевклев «бауырымыз» еді. Яғни «Қырғыз-қайсақтар Тевкелевті өз қолдарымен бауыздап, құрбандыққа шалуға талай рет ұмтылғанда, ол Әбліқайырдың арашашы болғандығынан емес, сонымен қатар ордалықтармен діндес болуының және сөз тапқыш шешендігінің арқасында ғана аман қалды» (Қырғыз-қазақ, немесе қырғыз-қазақ ордалары мен даласының сипаттамасы. Алматы. 1966. 181-бет).

Осындай тәсілмен «Кіші орданы өзіне қаратқан Ресей енді Орта жүзге ауыз салды. Оларға башқұрт старшыны Таймас Шаймовты аттандырды. Нәтижесінде Орта жүз сұлтаны Сәмеке 1734 жылы қатын патшаға бодан болу жөніндегі грамотаға ие болды» (ҚСЭ анықтамалығы. Алматы. 1980. 186-187-беттер).

Түркітілдес туысқандарымыздан шыққан шұбар жыландар осылайша араға дінді сала отырып, ақырында қазақтарға бодандық қамытын кигізіп кетті. Олар дінді саясат қолшоқпары ретінде ұтымды пайдаланды. Тарихқа қарасаңыз, туысымыз деп сенгендердің ішінде қазаққа тар жерде болыса қойғандары аз екен. Абылай ханның «Алаш туған болмас, ағаш құман болмас» деп ашынғаннан айтқан сөзі осындайда туса керек-ті.

Ал 1731 жылы «Шоқындыру кеңсесі» құрылып, кеңес жұмысын жүйелі жүргізу мақсатында Қазан қаласында руханият академиясы ашылды. Онда миссионер мамандар, тілмәштар даярланды. «Кезінде түркі-қыпшақтың рухани ордасына телінген Қазан қаласы шоқындыру орталығына айналды» (Б.Қайратұлы «Қазақия қалай отарланды?», Астана. 2016. 200-б). Яғни, осы мектептерден тәлім алғандар қандай ниетте болса да, қазақтар олардың діні мұсылман деп, одан аса қатты қауіптене қоймады, сенді.

Қазақтың мінез-құлқын әбден зерттеп келе жатқан жаулық ниеттегі империя бұдан ары қазақты енді дін арқылы ғана құлдандыруға болатынын түсінді. Сондықтан да Екатерина II 1785 жылы 25-қарашада арнайы қаулы шығарып, барон Игельстромға қазақ руларын татар молдаларымен қамтамасыз қылу жұмыстарын тапсырды.

Ал келесі қатын патшасы Елизавета Петровнаның тұсында төмендегідей нұсқаулар қабылданды:

· Далалықтарды (қазақтарды) Ислам діні арқылы Ресеймен тығыз байланыстыру үшін оларға Үкімет іріктеген татар молдаларды жіберу.

· Ислам дінінің аса мейірбан, жұмсақ тетіктерін терең насихаттау (мұсыман шыбын өлтірмейді, жан баласына қиянат жасамайды, т.б.) арқылы қазақтардың жауынгерлік мінез-құлқын өзгертіп, ынжық-ез қылып жіберу.

Сондай-ақ 1867-1868 жылдары патшалық Ресей тарапынан қабылданған құжаттарда: «Қазақтарға Исламның маңызды тетіктерін емес, фанатизмге әкеліп соқтыратын тұстарын уағыздау керек» (С.Мәшімбаев, Г.Мәшімбаева. Патшалық Ресейдің және Кеңес империяларының Қазақстандағы рухани отарлау саясатының зардаптары». Алматы. Қазақ университеті. 2013. 40-б), - делінген.

Ол міндетті Қазақ даласына арнайы жіберілген указной татар молдалары «адалынан» атқарды. Жазушы Алдан Смайыл өзінің зерттеуінде: «Мұсылман мешіттеріне указной молда деген қызмет енгізіліп, оған отарлаушылар өздері ұсынған адамдардың сайлануын қадағалады. Мұндай дін жетекшілері Исламды уағыздаған сияқтанып, іс жүзінде оның күшеймеуіне қызмет етті», - дейді (А.Смайыл. «Астана ғасырлары». Астана. 2010. 217-бет).

Бұл бұйрықтың кейін де жақсы жеміс бергендігінің бір көрінісі Алаш ақыны – Мағжанның «Дін үйреткенге» атты өлеңінде:

Кешегі арыстанды айбыны зор,

Жүректі жолбарысты қайраты мол

Айырып ар-намыстан, күштен, істен,

Кім қылды шала жансар бір қорқақ құл?

Ақылға, жан-жүрекке кісен салды,

Көрмейтін көзді көр ғып арты-алды.

Үйретіп дін деп құлдық, қорқақтықты

Қандай құл бізге молда бола қалды?!

(М.Жұмабаев. Шығармалары. Алматы. Жазушы. 1989. 42-бет), – деп суреттелетіні бар. Яғни молдалар қазаққа қараңғылықты, қорқақтықты, басшыға кез келген жағдайда қарсы шықпауды уағыздай берді, санасына сіңіре берді:

Имам ән-Нәуәуи: «Мұсылман басқарушылары әділетсіз, әрі басқа діннен болса да, оларға қарсы шығуға және олармен шайқасуға тыйым салынған (харам)» (Шарх сахих Мүслим, 12/469).

Басқа діннен саналатын Ресей империясы қазақтардың алдына өздеріңнің діндеріңнің сөзі осындай деп дәлелдерін тоса қоятын болды. Бағындыру саясатын өте шебер жүргізді. Тіпті Тевклев, Шаймовтардың да осындай сөздерге жүгініп, әрекет еткені еш күмән тудырмайды.

Хәкім Абайдың:

«Моллалар тұра тұрсын, хусусан (әсіресе) бұл заманның ишандарына бек сақ болыңдар. Олар - фитнә ғалым, бұлардан залалдан басқа еш нәрсе шықпайды» (А.Құнанбаев. Шығармалары. Ғылым. 1977. «Отыз сегізінші қара сөз», 207-бет), - деген сөзінің жанды суретін Ұлт көсемі – Әлихан Бөкейханның төмендегі сөзінен анық көре аламыз:

«Түркістанмен бірге автономия алу - қойны-қоншына тас толтырып, Ертіске сүңгумен бір есеп. Себебі: бізден қараңғылығы 10 есе елден үміт ете алмаймыз. Ташкент городской управасында сарттың гласныйлары обаға қарсылық күнә болады, ем керегі жоқ деп жасаған қаулылары автономия арбасына есек пен түйе жегіліп оңбайтындықты көрсетеді» (Әлихан Бөкейхан «Шығармалары», Алматы, 1994, 375-бет).

Сондықтан да Алаш партиясының программасының жобасында «Дін ісі мемлекет ісінен айырылулы болуы» керек деп жазылды.

Және Алаш дәуіріндегі молдалардың да діни танымдарының деңгейі Абай заманындағы қараңғылықтан айырмасыз сол қалпында екендігін Абайдың мына сөзінен аңғарамыз:

«Ей, мұсылмандар! Біреу бай болса, біреу кедей болса, біреу ауру, біреу сау болса, біреу есті, біреу есер болса, біреудің көңілі жақсылыққа мейілді, біреудің көңілі жаманшылыққа мейілді - бұлар неліктен десе біреу, сіздер айтасыздар: «Құдай тағаланың жаратуынан яки бұйрығынша болған іс», - деп». «Жоқ, сен жақсылық, жамандықты жаратқан - Құдай, бірақ қылдырған Құдай емес, ауруды жаратқан - Құдай, ауыртқан Құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан - Құдай, бай қылған, кедей қылған Құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе – жоқ» ((А.Құнанбаев. Шығармалары. Ғылым. 1977. «Жиырма сегізінші қара сөз».169-171-беттер).

Яғни, қара халықтың қынадай қырылуын Құдай ісі деп, дертінің дауасын іздеуіне жол қалдырмай, зерделерін зомбиландырып тастаған. «Өлімді жерде молда семіреді» деген ащы сөз осындайда шықса керек, сірә. Халықтың қараңғылығын һәм көнбістігін указной молдалар тиімді пайдаланды. Өлген адамнан да, хәл үстіндегі тірі адамнан да өледі деп алдын ала жаназасын шығарып ақысын алып отырды. Ал өздері жоқта, жаназаны халық арасынан шыққандар шығарса, оларға үлкен көлемде айыппұлдар салды. Амалсыз, кісісі өлген жұрт указной молда келгенше күтіп отыруға мәжбүр болды. Бұл жайында 1910 жылы шыққан тарихшы Құрбанғали Халидің «Шығыстың 5 мемлекетінің тарихы» еңбегінде жақсы жазылған.

Әлиханның 1917 жылы «Қазақ» газетіне жарияланған «Мен Кадет партиясынан неге шықтым?» атты шағын хабарламасында: «Француз, орыс һәм өзге жұрттың тарихынан көрінеді: молла хүкіметтен ақша алса, сатылып кетеді. Рухани іс аяқ асты болады. Жалование алған моллалар хүкіметке жетекшіл болып, еріп кетеді. Біздің қазақ-қырғыздың ісін көркейтетін болсақ, хүкімет ісінен бөліп қойған оң болады», - деп жазуының мәнісі тереңде еді.

«ХХ ғасырдың басында қазақ даласында екі ағымның болғаны белгілі.

Бірі – Бұқар мен Түркістан өлкесіне бет бұрған дәстүршіл, панисламшыл ағым, екіншісі – негізінен Батыс өркениетін үлгі тұтқан жаңашыл, пантүркішіл ағым.

Осы екінші ағымның басында – Әлихан бастаған орыс мектептерінен тәлім тәрбие алған озық ойлы қазақ зиялылары тұрады. Бұл - қазақтың тарихи зердесіндегі ұлт зиялыларының отарлық езгіге түскен халықтың бостандығы мен ұлттық рухын қалпына келтіруге тырысқан қоғамдық – саяси іс-әрекеттері болатын. Осы ел үшін басын құрбан қылған ат төбеліндей зиялылар тобын баулыған – Ә.Бөкейхан еді» (К.Б.Адиет,З.О.Дүкенбаева «Ә.Бөкейхан – Тәуелсіздік жаршысы». «NATIONAL DIGITAL HISTORY» порталы. 13-қыркүйек, 2013).

Ал енді, жоғарыда айтылған бірінші ағымды Алаш қайраткерлері неге қолдамады дегенге келсек, оған жауапты Міржақыптың (1929 жылы қарашаның отызы күні ОГПУ-дің тергеушісіне берген мәлімдемесінде Әлиханның жоғарыдағы біз келтірген сөзіне қатысты):

«Бөкейхановтың пікірі мынадай болады: өзбектер және басқа Орта Азия халықтарына қосылуға болмайды. Оларда консерватизм, клерикализм мен діни фанатизм күшті. Олар жақын уақытта діндарлар қастығы мен шариаттың езгісінен құтыла алмайды» (К.Нұрпейісұлы «Алаш һәм Алашорда. Ан Арыс. 2010. 163-164-беттер), - деген сөзінен табамыз.

Шынында да – Алаш қозғалысы белсенділерінің бірі, ғалым, драматург, жазушы, журналист – Қошке Кемеңгерұлының 1924 жылы Мәскеуде жарық көрген «Қазақ тарихынан» атты очеркінде жазылғанындай:

«Әлиханның қазақ еліне істеген тарихи қызметі:


әдеби тіл тууына себеп болды,


өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі.


Бұдан барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды»


(Қ.Кемеңгерұлы. Таңдамалы. Алматы. Қазақстан. 1996. (Құраст.: Д.Қамзабекұлы). 67-бет).

Алаш арыстары осы кезде дүрк етіп көтеріліп, рухымыздың көтерілуін, еңсеміздің тіктелуін тіледі. Қазақты қараңғылықтан құтқаруға атсалысты, надандық шырмауынан шығаруға, жарық Күнге ұмтылуға үндеді. «Дәлелдері тасбығы менен шалмалары» ғана болып қалған молдалардың жолымен емес, ғылым, білім, өнер жолымен қазақты қараңғылықтан құтқаруға қам жасады.

Тарихшы, алаштанушы ғалым Кеңес Нұрпейісұлының: «Ұлтты сүю керек. Бірақ, қалай сүю керек, қайтіп сүю керек. Дәл осы мәселенің байыбына бара бермейміз. Мұның керемет үлгісін бізге Алаш зиялылары көрсетіп кетті» («Алаштұлғалы». Алматы. Ан Арыс. 2010. 346-бет. Құраст.: Т.Нұрпейісов), – деген сөзіне терең бойлауымыз қажет. Біз алаштықтарға мәңгі қарыздармыз.


Бауыржан БЕРІКҰЛЫ

әдебиеттанушы,

Еуразия Ұлттық университетінің

магистранты

Астана

Пікірлер