«Алатау» дәстүрлі өнер театрында Ұлттық домбыра күніне орай «Ата домбыра» атты әдеби-сазды кеш өтті (Театр директоры: Ринат Заитов, Қоюшы-режиссер: Жұлдызбек Жұманбай). Жыл сайын аталып өтетін ұлтымыздың терең тамырлы мәдениетін асқақтататын мерекенің ұлттық руханиятымызға қосар үлесі зор.
Түркітанушы, ғалым Қаржаубай Сартқожа «Ата домбыра» атты мақаласында көне домбыраның табылған орны жайлы былай дейді:
«Моңғол Алтай жотасының бір сілемі Жарғалант-Қайырқан тауы. Осы таудың «Өмнөхөн аман» (Алдыңғы сай) деген жерінде орналасқан Нүхэн-хад (Үңгір тас) деген үңгірден табылған.
2008 жылы осы жердің тұрғыны Н.Дандар деген шопан алғаш үңгірге тап болып, оның ішінде мойны қисық саз аспабы бар екенін ауыл мектебінің мұғалімі Ч.Энхтөр деген азаматқа хабарлайды. Мұғалім Ч.Энхтөр Ұлан-Батыр қаласында орналасқан Моңғолия Республикасы Ғылым Академиясының Археология институтына ақпарат жеткізіп, археологтарды шақыртады».
Мұрат Әбуғазы болса өзінің «Домбыра аспабының шығу тегі жайында» атты мақаласында «Ежелгі түрік дәуірінде домбыра аспабы кеңінен қолданысқа ие болғандығын осы кезеңнің жәдігерлері саналатын ескерткіштер балбал тастарға, қылыш-қанжар сынды қару-жарақтардың сабына қашалып салынған домбыра аспабын ұстап тұрған адам бейнелерінен көруге болады», – дейді.
(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)
Қуаныш Жұмабекұлы
PhD докторы,
«Алатау» дәстүрлі өнер театры Әдебиет бөлімінің басшысы