Үндістандағы «қара зең»: 40 мыңнан аса адамның мұрны мен миы зақымданған

3894
Adyrna.kz Telegram

Үндістан дәрігерлері «қара зең» (мукормикоз) ауруының 40,8 мыңнан аса жағдайын анықтады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Харш Вардхан мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, елде барлығы 40 845 жағдай тіркелген. Бұл ретте 31 344 науқаста мұрын, мұрынның қосалқы қуыстары және мидың бір бөлігі зақымданған.

Министр жағдайдың 32 пайызы 18 бен 45 жас аралығындағы топта тіркелгенін айтты. Тағы 42 пайызы - 45 пен 60 жас аралығындағы топ. Ал 24 пайызы - 60 жастан асқан қарттар. «Қара зең» жұқтырғандардың 64 пайызы диабетпен ауыратыны белгілі болды, ал 53 пайызы стероидты препараттар қабылдайтындар, деді министр.

Кездесу барысында ICMR бас директоры Балрам Бхаргава коронавирус инфекциясының екінші толқыны әлі де халыққа қауіп төндіретінін атап өтті. Инфекцияның ең көп жағдайы Махараштра, Керала, Тамилнад, Батыс Бенгалия және Одиша штаттарында анықталған.

Мукормикоз - саңырауқұлақ ауруы. Айта кетейік, «қара зең» терінің және ішкі ағзалардың зақымдалуымен сипатталады, салдары өлімге әкелуі мүмкін.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер