Қымбатшылық қысып тұр

832
фото ашық ақпарат көзінен алынды
фото ашық ақпарат көзінен алынды

Жыл басынан  бері әлеуметтік маңызы бар  тауарлар бағасы  өсуде. Әсіресе, маусым сайын бағасы құбылып тұратын көкөніс, импортқа тәуелді және сыртқы нарықта сұранысқа ие тауарлар қымбаттаған. Статистикалық деректерге көз жіберсек,  күнбағыс майы, қызылша, картоп пен сәбіздің құны еселеп өскен.

Ақырында азық-түлік бағасының қымбаттауы  елді алаңдатқан көкейкесті мәселелердің біріне айналды. Халықтың күнделікті тұтынатын  өнімдерінің бағасына, тіпті ел Парламенті мен Мемлекет басшысы назар аударды. Президент Қ.Тоқаев   Үкімет басшысы  А. Маминді қабылдағанда, оған әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру жөніндегі шараларды жүзеге асыруға баса мән беруді тапсырды. Үкімет отырысында азық-түлік пен тұтыну тауарлары, қызметтер бағасының өсуі талқыланды. Жалпы айтар болсақ,  ел бойынша  азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін сауда желілеріне 33 миллиард теңге субсидия бөлінді. Алдағы уақытта бұл  қаржы 50 миллиардқа жеткізіледі. Бұл туралы Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайлов мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде өңірлік тұрақтандыру қорларында 20 мың тонна азық-түлік бар. Бұған қоса  тауарды сатып алуға келісімшарт жасалып отырған көрінеді.  Сондай-ақ, алдағы уақытта  көтерме  тарату орталығын салу міндеті тұр.

Ал, еліміздің  Ауыл шаруашылығы Сапархан Омаровтың айтуынша,  

Қазір нақты картоп жоқ емес, бар. Былтырғы картоп ел астанасының өзінде 200 теңгеден сатылып жатыр. Бірақ, адамдар  жаңа шығып жатқан картопты алғысы келеді. Жаңа шығып жатқан картоп қазіргі кезде Өзбекстан, Қырғызстаннан келіп жатыр, оның бағасы әрине жоғары, -деген еді.

Базар нарқы қандай екенін күнделікті тұтынатын тауарлар нарқынан білуге болады. Баға қымбатшылығы жалғасуда. Елде картоптың 1 келісінің құны орта есеппен 300-350 теңгеге, ал сәбіз – 400-500 теңгеге жетті.  Баға қымбаттығы туралы сұрағанымызда  саудагерлер өздеріне  тауарлардың бұрынғыдан әлдеқайда жоғары бағамен келіп жатқанын  айтып қалды.

Былтыр осы кезде көтерме саудалаушылардан   көкөністерді арзанға алатынбыз, биыл картоп та, сәбіз де өте қымбат.  Оның себебін сұрасақ, әр нәрсені алға тартады. Жанар-жағармай  қымбаттады. Теңге құнсызданды. Қуаңшылыққа байланысты көкөністің  шығымы аз болыпты. Одан қалды пандемияны алға тартады,- дейді  Жанар есімді саудагер.

Ал,  Талдықорған  қаласының  әкімдігі  бағаны тұрақтандыру бағытында қандай жұмыстар атқарып жатыр деген сауалымызға жауап  іздеп көрдік.  Баршаға аян,  қаладағы «Коммуналды базарда» аптаның  сенбі күндері  жәрмеңке өткізу дәстүрге  айналған.

-Облыс орталығы Талдықорған қаласында әлеуметтік маңызы бар  тауарлардың  бағасын тұрақтандыруға  байланысты  шаралар жасалып жатыр. Облыстағы кәсіпкерлік және  индустриалды- инновациялық даму  басқарма,  Статистика деапратаментімен біздің бөлім  бірлесіп, Үкімет қаулысымен бекітілген  халық тұтынатын 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар тауарларға мониторг жасалып келеді. Халық күнделікті тұтынатын  нан өнімдерінің  бағасын ұстап  тұру үшін «Жетысу»  әлеуметтік –кәсіпкерлік корпорациясы АҚ (СПК ) 180 тонна 1-сұрыпты ұнды  наубайханаларға таратты. Мәселен, «Дуйсенбинов» ЖК-40 тонна, «Жуманкуловой» ЖК- 20 тонна, «Ватулко» ЖК-120 тонна бөлінді.  Мұнан өзге корпорацияның әлеуметтік  3 дүкені бар. Олар: Ескелді көшесі 242/2,«Санжар» дүкені, Абылайхан 113, Өтенай ауылындағы «Айзере» дүкендері. Жергілікті өнім  шығаратын «Аккус» ЖШС, «JLC Сүт»  ЖШС, «Айдын» ЖК сүт пен сүт өнімдерін,  жұмыртқа мен құс еті, май-қаймақ саудалайтын 4 дүкен мен 12 сауда дүңгіршектері жұмыс жасайды,-дейді «Талдықорған қаласы кәсіпкерлік бөлімі» ММ басшысы Нұрбол  Қалиахметов.

Қазіргі таңда жеңілдетілген қаржыландыру арқылы сауда желілері өз тауарларын  жұртшылыққа   жеңілдетіп ұсынуға ынталы. Бұл бағытта, жеңілдетілген қарыз алған «Сабыржан и К» ЖШС, «Тоймарт»  пен «Санжар» дүкендерінде халық көп тұтынатын тауарлардың  бағасына жеңілдік беретін сөрелерге назар аударуға болады.

Бұдан басқа,  «Жетысу» ӘККАҚ  қоймалары мен сауда желілерінде  маңызды тауарлардың қоры бар және де бұл өнімдерді белгіленген бағада сатуға  мүмкіндік береді.

Мәселен, «Магнум» сауда үйінде 1 тонна-күріш, 1,1 тонна- қант, 1,0 тонна- кеспе, 970 мың литр- сұйық май болса,  осындай мөлшерде «Скиф Трейд»  сауда орталығында да азық-түлік қоры бар. Сондай-ақ, «Жетысу» ӘКК күріш 81,6 тонна, қант- 438,8 т, кеспелер- 15,3 т, сұйық май-13,0 тонна  сақталып отыр.

Жалпы алғанда,  қала бойынша  ел үшін маңызы бар тауар түрлерінің бағасын қалыпты ұстап тұруға қатысты  жұмыстар жүргізіле береді.

Ал мамандардың сөзіне сүйенсек,көкөністер бағасының биылғы өсуіне электр энергиясы, тасымалдау, тас жолдардың ақылы болуы да өз әсерін тигізген. Алдағы уақытта, көкөніс мәселесі шешіледі деп күтілуде. Елде шаруалар алқаптарындағы өнімді жинайды.

Пікірлер
Редакция таңдауы